ДӘРI БАҒАСЫ САПАСЫНА САЙ МА?
ДӘРI БАҒАСЫ САПАСЫНА САЙ МА?
Бүгiнде кез келген адам дәрiгердiң ұзын-сонар кезегiнде тұрмай-ақ, өз бетiнше ем-дом жасауға бейiм. Тiптi, “қандай дәрi алсам екен” деп те бас қатырып жатпайсың. Дәрiханаға кiрсең, дәрiгердiң рұқсатынсыз берiлетiн дәрi-дәрмектi ұмсына кететiн фармацевт-маман шетелдiң сан түрлi дәрiсiн қаз-қатар тiзе қояды. Олардың көбi алдындағы тауарын тезiрек өткiзуге асықса, ендiгi бiрi аузына келген бағамен сатуға әдеттенген. Ол ол ма, астыртын дәрi қоймасын ашып алған алаяқтардың арбауына түскен қарапайым тұтынушы халық аурына ем табамын деп арзанқол жасанды дәрi-дәрмектi де пайдаланып жүргендiгiнен бейхабар. Бұған құқық қорғау мекемелерiнiң талай рет заңсыздықтарды әшкерелеген фактiлерi дәлел болса керек.
Жақында денсаулық сақтау саласына басшылыққа келген Жақсылық Досқалиев: “Елiмiзде дәрi-дәрмек бағасы қымбаттамайды!” деп мәлiмдеме жасаған болатын. Соңғы кезде тоқырауға ұшырай бастаған фармацевтика саласын ендi ғана жiтi бақылауына ала бастаған министрлiктiң елiмiзде жұмыс iстейтiн iрi 5 компаниямен арнайы меморандумға қол қойғаны есiмiзде. Бұл құжатқа сәйкес, дәрi-дәрмек өндiретiн кәсiпорындарға өнiм бағасын өсiрмей, тұтынушыларды үнемi қамтамасыз етiп отыру жүктелдi. Алайда, отандық фармацевтика дәрi-дәрмекпен қаншалықты қамтамасыз етiп отыр? Министрлiк ел аумағына тасымалданатын дәрiлердiң 90 пайызы импорт арқылы келетiнiн бiлмей ме? Ғылыми iзденiстiң нәтижесiнде дәрi түрiн ойлап тапқан ғалымдарға неге қолдау көрсетпеймiз? Әрбiрден соң министрлiк әлемдi шарпыған қаржы дағдарысының дәрi-дәрмек бағасына да айтарлықтай күш салатынын естен шығарған сияқты. Қолда бар мәлiметтерге қарағанда, қазiр шетелден импортталатын дәрi құны ең кемi 25-30 пайызға өскен. Осы дәрiлердiң сапасы мен баға тұрақтылығын қадағалалап отыратын Фармация комитетiнiң қандай жұмыс атқарып жатқандығынан бейхабар жұрт заты түгiлi, атын да естiмейтiн болды. Ең сорақысы, емханалар мен ауруханаларда 100 пайыз тегiн берiлетiн, адам ағзасына аса қажеттi әрi қымбаттау дәрi-дәрмек түрлерi науқастар мен екiқабат әйелдердiң бәрiне дерлiк таратылмайды. Есесiне, арзан дәрiнi ғана бередi де, кейбiр пысықайлар әлгiндей бағасы әжептәуiр тұратындарын сатады не дәрiханаға өткiзетiн көрiнедi. Мiне, тегiн дәрiнiң дiттеген адамдарға тура жетуiн қадағалап жатқан ешкiм жоқ. Бар-жоғы 10 пайыз ғана өнiм өндiретiн отандық фармацевтикалық компанияларға үкiмет тарапынан қолдау көрсетiп, оларды тығырықтан алып шығып, бәсекеге қабiлеттi сапалы дәрi шығаруына ықпал жасаса, жалпы фармацевтика саласына қайта өрлеу дәуiрiн енгiзсе өзгенiң импортына телмiрмес едiк. Былтырғы жылдың өзiнде мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiн дәрi-дәрмектермен қамтамасыз ету үшiн бюджеттен 51 миллиард теңге бөлiнген. Бiр қызығы, бұл салаға осындай қомақты қаражат құйып отыратын Қазақстан сияқты мемлекеттер некен-саяқ екен.
Әлбетте, бұл дағдарыс қай елге болсын, оңай тимедi. Тiптi, айдарынан жел ескен Ресей де импорттық дәрi-дәрмекке тәуелдi болуда. Бүкiл әлемдi есеңгiретiп тастаған қаржы дағдарысының шарықтау шегiне жетуiне және доллар құнының өсуiне байланысты ресейлiк отандық фармацевтикалық нарықта кейбiр дәрiлердiң iз-түссiз жоғалып кету қаупi туындап отыр. Мұндағы дағдарысты сылтау еткен компаниялар әп-сәтте дәрi бағасын шарықтатып жiберген. Алайда, “Бұл деген мынадай қиын уақытта халықтың қалтасын қағумен тең. Басқа түк те емес…” деп фармкомпаниялар мен алыпсатарларға тiсiн қайраған Ресей президентi Дмитрий Медведевтiң өзi денсаулық сақтау саласын жiтi назарында ұстауға кiрiстi. Ол дәрi-дәрмек құнының аяқ асты өсiп кетуiн тексерудi құқық қорғау мекемелерiне тапсырды. “Ресей аймағында пайда тауып жүрген алыпсатарлардың ұяты бар шығар. Егер де импорттан тасымалдаушылар мен отандық фармацевтер бағаны түсiрмесе, олармен құқық қорғау мекемесi айналысатын болады. Мен бұған уәде беремiн” деп кесiп айтты. Халықтың ашу-ызасын тудыратын мәселеге бей-жай қарамаған Медведев жақын арада отандық телеарналарды денсаулық сақтау саласының дамуына және дәрi-дәрмек бағасының кенеттен өсуiне қатысты әңгiме-дүкен құрып тұруға шақырып, бұл үрдiстi әдетке айналдыруға ұсыныс жасады. Бiр айта кетерлiгi, Медведев бұған дейiн жеңiлдiк түрiмен дәрiге қол жеткiзiп жүрген науқастар келешекте де толыққанды қамтамасыз етiлетiндiгiн, бұған қатысты бағдарлама үзiлмейтiндiгiн баса айтты.
Ресей дәрi-дәрмек шығаруды азайтып барады. 2004 жылы 2,8 млрд. доллардың дәрi-дәрмегi әкелiнсе, ол 2006 жылы 5,3 млрд. долларға (29 пайызға) өскен. Ал былтыр бұл елдегi дәрi-дәрмек нарығындағы импорттың үлесi 70-80 пайыздан асқан. Бұл ретте қазiр Ресей шетелдiк инсулинге, қазiргi замандық антибиотиктерге, онкологиялық дәрi-дәрмектерге толықтай тәуелдi. Дегенмен, Ресейде дәрi-дәрмектiң күрт қымбаттауы мәселесi басқа емес, президенттiң өзiне батты. Отандық телеарна арқылы ресми мәлiмдеме жасап, дәрi-дәрмек сатуда әккi алыпсатарға айналғандардың заңсыз әрекетiне тосқауыл қоюға кiрiстi. Нәтижелерi де жоқ емес.
Бәрiмiзге белгiлi, ақылы бөлiмде оқитын студенттердiң көптен жиналып қалған мұң-зары Елбасының араласуымен ғана түбегейлi шешiмiн тауып, нүкте қойылды. Менiңше, бiздегi қайсыбiр күрделi мәселеге тек Елбасының өзi кiрiскенде ғана қан жүгiрiп, бетi берi қарайтын сияқты. Егер де Елбасы Медведев сияқты денсаулық сақтау, оның iшiнде отандық фармацевтика саласына бас-көз боп, жiтi бақылауында ұстайтын болса, қордаланған түйткiлдi жайттардың шетi ағытылар едi…
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ