САНАҚТАН ҚАЛЫП ҚОЙҒАН КIМ?..

САНАҚТАН ҚАЛЫП ҚОЙҒАН КIМ?..

САНАҚТАН ҚАЛЫП ҚОЙҒАН КIМ?..
ашық дереккөзі
244

Қазақта “Тойдың болатынынан боладысы қызық” деген сөз бар. Бұл жақсы сөз елiмiзде жарнамасы жарияға жар салынып өткен ұлттық халық санағына да қатысты сияқты. Неге дейсiз ғой?! Өйткенi, тәуелсiздiк алғалы берi ұлттық тарихымызда екiншi мәрте жүзеге асып, тарих қойнауына енiп отырған бұл санаққа ел Үкiметi айрықша көңiл бөлiп, бақандай 6 млрд. теңгедей қаржы көздеп, санақтың салиқалы өтуi үшiн халықты ауызбiрлiкке шақырды. “Әрбiр адам маңызды!” деген ұранмен өткен маңызды шараға 60 мыңға жуық санақшы жұмылдырылды.

Алайда, қоғамның бет-пердесiн анық көрсетуi тиiс санақ қай дәрежеде өттi? Оған ел аумағында тiршiлiк ететiн дүйiм халықтың бәрi бiр кiсiдей қатысты ма? Санақшы мiндетiн мойнына жүктегендер өз iсiн адал атқарды ма? Тiптi, санақтың алғашқы қорытынды нәтижелерi көңiл көншiтерлiк пе? Осы жағына тоқталып өтсек.

Әуелгiде жалпыұлттық халық санағының 25-ақпан мен 6-наурыз аралығында өтетiндiгi туралы жарнамадан көз тұнған. Бұқаралық ақпарат құралдары, көше билбордтары, қоғамдық көлiктiң iшi-сыртындағы жапсырма қағаздар да ауқымды шараның аса үлкен дайындықпен өтетiндiгiнен хабар берген. Тiптi, қоғамның бел баласы – әрбiр адам санаққа қатысуды парыз санап, елдiк санатқа iлiгуге асыққан-ды. Бiрақ санақ басталар күнi “Санаққа 100 пайыз дайынбыз” деп мәлiмдеген Статистика агенттiгi мамандарының сөзi мен iсi қабыспаған сияқты. Арнайы дайындықтан өткен санақшылардың салғырттығы қаншама адамның, соның iшiнде жергiлiктi ұлт – қазақ өкiлдерiнiң тiзiмге енбей қалуына әкеп соқты.

Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты заты бар, аты жоқ елдiмекенде тұрып жатқан бiр шоғыр ауыл көк сөмкесiн асынған санақшыларды сарыла күттi. Қазақ та, өзбек те, қарақалпақ та, қандас-бауыр да тұратын “қараңғы” ауылда жарық көзi де, тiршiлiк нәрi – ауыз су да жоқ. “Бұл санақ – бiздiң әлеуметтiк мәселемiздi шешуге септiгiн тигiзетiн шығар” деген үмiтпен он күн бойы жолға ұзақ телмiргендердiң көзi де талды. Ақыр аяғында “Мына батпақтап жатқан ауылды санақшы керек қылар дейсiң бе?” деп мүлдем күдер үзуге шақ қалды.

Естерiңiзде болса, Алматы қаласы, Алатау ауданына қарасты аты шулы “Шаңырақ”, “Красный трудовик” ықшам ауданының тұрғындары бұл акция басталмай жатып-ақ санақтан бас тартатындықтарын айтқан болатын. Өйткенi, құрқылтайдың ұясындай баспанасын заңдастыра алмай жүрген, ешбiр тiркеуде жоқ тұрғындар: “Санатта жоқ болсақ, санақта немiз бар?!” деп наразылықтарын бiлдiрдi. “Содан сескендi ме, өз басым санақшы көрген жоқпын” дейдi, “Шаңырақтың” тұрғыны Гүлжан.

Шынында, қазақтың көбi қаланың iргесiнен қоныс тепкен елдiмекендерде тiршiлiк етiп жатыр. Керек болса, ел аумағында жүрген заңсыз мигранттардың санын бiлу де қиын емес. Әлгi көк сөмке асынғандар сол шеткерi жатқан ауылдарды бiр аралап шықса болғаны. Бiрақ та аяғын ауыртып, жаяу-жалқы жүргiсi келмеген санақшылар қазақ көп шоғырланған елдiмекендерде төбелерiн көрсетпедi. Бұдан кейiн санақты шынайы өттi деп айта аласыз ба? Бұл бұл ма, Алматы қаласы Н.Тiлендиев көшесi №258 “а” үйiнде тұратын зейнеткер Оразхан ата да үйiне санақшының келмегенiн айтып налыды. “Бiз таңертеңнен кешке дейiн үйдемiз. Ешкiм келген жоқ. Әрi-берi келiп қалар деп күтiп едiм, мiне санақ та бiттi ғой” деген қария “Бұлар бәлкiм, мәлiметтi бiз тiркеуде тұрған жерден ала салған шығар, кiм бiлсiн? Бiрақ қазiр бiзбен бiрге тұрмыстағы қызым, оның балалары да тұрады. Сонда олар да санаққа iлiкпедi деген сөз” деп күйiнедi. Дәл осы сияқты күнi кеше Көктебе маңайындағы “батпақты” ауылда тұратын тұрғындар да санақшылардың мойын бұрмағанын айтып даурығып жатты. Мақаш Тәтiмовтiң есебiнше, Алматының өзiнде санақ тiзiмiне iлiкпей қалғандар 100 мыңға жетiп жығылады екен. Ол бұған тiкелей санақшылардың салғырттығы кесiрiн тигiзiп отырғандығын жасырмайды. Ал санақ басталған бес күннен кейiн баспасөз мәслихатын өткiзген ҚР Статистика агенттiгiнiң төрайымы Анар Мешiмбаева әсiресе, Астана мен Алматы жұртының санаққа сылбыр түрде қатысқандығын тiлге тиек еткен-дi. Алайда, Мешiмбаева ханым бұған халық кiнәлi ме, әлде санақшылардың дұрыс жұмыс iстемегендiгi себеп болды ма, бұл жағына терең бойламаған секiлдi.

… Редакцияға Алматы қаласының тұрғыны, елiмiзде өткен екi санаққа да қатысқан Хадиша Сейiтқұлқызы хабарласып санаққа қатысты өз пiкiрiн бiлдiрдi. “Бұл санақ, бiрiншiден, салмақты, салиқалы өттi деп айта алмаймын. Оған айтар дәлелiм – қалай болғанда да, санақшы кез келген тұрғыннан әуелi өзiн растайтын құжатын талап етуi керек. Ешкiмнен құжат сұрап жатқан жоқ. Оның үстiне қазақша бiрауыз сөз бiлмейтiн басқа ұлт өкiлi санақшы боп жүр. Әрине, басқа ұлт өкiлiне еш қарсылығым жоқ, бiрақ та олар мемлекеттiк тiлде сөйлеуi, сұрауы тиiс. Санақшылар дұрыс дайындалмаған. Екiншiден, сұрақтары өте сауатсыз, арзан. Мәселен, “Жазу, сызу бiлесiз бе?” дейдi. Менiңше, бұл сұрақ шетелден келген қандастарға арналған. Бiрақ олар кириллицаны бiлмесе де, латынша, қытайша, түрiкше танып, бiлуi мүмкiн ғой. “Айдағаның бес ешкi, ысқырығың жер жарады” демекшi, пәленбай ақша бөлiнген бұл шара барысында санақшыларды да оқыттық” деп жария салды ғой. Статистика агенттiгi санақты 25-ақпан мен 6-наурыз аралығында өткiзуге толық дайынбыз” дейдi де, ендi келiп тағы созады. Бiр сөзiнде тұрмай ма? Негiзi салиқалы нәтиже алу үшiн бұл санақты 1 ай көлемiнде өткiзу керек едi” дейдi.

– Әдепкiде “Санақта 45 сауал қойылады” деп даурығып жатқанда қуанғам. Халықтың ой-көңiлiнен, мүддесiнен шығатын, әлеуметтiк топтың (зейнеткер, студент, аз қамтылған топ) әл-ауқатын айғақтайтын сұрақтар болатын шығар деп ойладым. Сөйтсем, маған: “Қанша бала туғыңыз келедi?” деп бетiме бедiрейiп отыр. “Қарағым, 60-қа келген апаңнан не сұрайсың?” деп жағамды ұстадым. Бұл сұрақ жасқа да, кәрiге де бiрдей қойылуда. Қатты өкпеледiм. … Сосын басқа бiр ұлт өкiлiнiң азаматы: “Апай, санаққа қатыстым. “Қанша тiл бiлесiң?” деген сұраққа “5 тiл бiлем деп жауап бердiм” деп мазақ еттi. Айналайын-ау, сен орысшадан басқа еш тiл бiлмейсiң ғой” десем, “Ой, оны кiм тексерiп жатыр…” де-е-п соғып тұр. Сонда қараңызшы, аузына келгендi айтқан басқа ұлт өкiлдерi “ақылды” боп кетiп барады. Ал маған бұл сұрақты қойған да жоқ. Негiзi сол бес тiлдi бiр кiсiдей бiлетiн едiм. Одан да “Сiз 15 мың теңге аласыз, қалай өмiр сүресiз? Кiммен тұрасыз, жалғыз ба, әлде… Әлеуметтiк көмек көрсетiле ме? Отбасыңызда қай тiлде сөйлейсiз? Дағдарыс қалай әсер етiп жатыр? Ана мен бала денсаулығы?..” деген сияқты сұрақтар неге берiлмеген? Тiптi, “Қазiр қандай кiтап оқып жатырсыз? Ой-өрiсiңiздi қалай дамытасыз?” деген сұрақ та қоғамның рухани дамуынан хабар бермей ме? Тағы бiр көңiл аударатын мәселе – халықтың бiрлiгiне еш қарсылығым жоқ, бiрақ қазақ мемлекетiнде (Қазақстан емес) тұратын басқа ұлт өкiлдерi қазiр ұлтын – қазақ деп жаздырып алуда. Алайда, олардан құжат талап етпегендiктен де, өз ұлтын, яғни, ұйғыр, татар, т.б деп белгiледi. Санақшы санаққа қатысушының жеке төлқұжатын талап етпесе, мұндай санақты қалай заңға сәйкес дұрыс өттi дей аламыз? Статистика агенттiгiнiң Әлеуметтiк және демографиялық департаментiнiң директоры Әсия Қасеновадан “Мынау сауатсыз, үстiртiн сұрақтарды кiм жасады? Авторы кiм?” деп сұрайын деп едiм, тiлдесе алмадым.

Елiмiз тәуелсiздiк алғалы осымен екiншi санаққа қатыстым. 1999 жылғы санақ бүгiнгiдей көз алдымда демесем де, ол мына санаққа қарағанда салмақты өткен сияқты. Өйткенi, мынандай сорақылық орын алған жоқ. Сұрақтар аз болса да, денi түзу едi. 45 сұрақ адамды мезi қып жiбередi. Оның үстiне жөн сұрақ болса ғой, қызығып жауап беретiн. Естуiмше, сұрақтарды дайындауда Мақаш Тәтiмовтiң көп еңбегi сiңген көрiнедi. Бiрақ та ол кiсiден дәл мынадай сұрақтар күтпеген едiм. Менiң өкпем қара қазандай” дедi санақ сұрақтарына қарны ашқан Хадиша апай.

Бiз санаққа iлiкпей қалған едiмекен тұрғындарының басындағы жағдайды жеткiзгiмiз кеп, Статистика агенттiгiнiң Әлеуметтiк және демографиялық департаментiнiң директоры Әсия Қасеноваға қоңырау шалғанымызда, ә дегеннен-ақ санақ жұмыстарының ойдағыдай өткендiгiн айта жөнелдi.

– Әсия ханым, соңғы мәлiмет бойынша санаққа қанша адам қатысты?

– 6 наурыздағы мәлiмет бойынша, 16 млн. 304 адам есепке алынды. Жартылай қорытынды тамыз айында айтылса, толығы жылдың аяғында жарияланады.

– Естiген болсаңыз, демограф Мақаш Тәтiмов санаққа Алматының өзiнде 100 мыңдай адам қатыспады дегендi айтқан едi.

– Оны кiм санапты?!

– Сiздiңше, халық санаққа қандай деңгейде қатысты?

– 1999 жылға қарағанда халықтың қатысу қарқыны әлдеқайда жоғары. Қалып қалған бiрен-саран адамдар бiзге хабарласып өздерiн жаздыртып жатыр. Бәрiн тексердiк, қалып қалды деген жағдай жоқ. Ендi бiр-екi адам қалып қойса, олар үйлерiнде болмаған, т.б. себептерi бар.

– Мәселен, “Шаңырақ” ықшам ауданына, Алматы облысындағы бiрнеше ауылға санақшылар бармапты…

– Мен мұның бәрiн анықтаймын. Бiз осындай ақпарат түскенде, дереу тексеремiз. Телеарнада болған тiкелей эфирде: “Қарасай ауданында үш дача қалды” деп хабарлады. Санақшыларды тез арада жiберiп, мәлiмет алдық. Ондай оқиғалар болып тұрады. Бұл қалыпты жағдай. Егер адам санақтан қалып қойғанын бiлсе, өзi телефон арқылы айтуына болады. Ал, шын мәнiнде бiз қатыспағандарды әлi тексеремiз. Онсыз болмайды.

– Санаққа қатысқан азаматтар: “Сұрақтар өте сауатсыз” дегендi айтуда. Жалпы, сұрақты кiм дайындады?

– Сұрақтар өте кәсiби түрде дайындалды. Бiр сұрақтың өзiнен бiрнеше статистикалық мәлiмет алуға болады. Әдейi солай бiр-бiрiмен байланыстырып жасалған. Мәселен, бiрiншi сұраққа жауап бермей қалса, екiншiсiнен, үшiншiсiнен қайта шығып отырады. Яғни, логикалық бақылау бар.

– Ал толық мәлiмет алуға келген санақшылардың кейбiрi “Орыс тiлiнде жауап берiңiз, бiзге солай деген” деп орыс тiлiнде толтырыпты. Негiзi санақшыларды жұмысқа алар кезде, мемлекеттiк тiлде бiлуiн талап еттiңiздер ме?

– Әрине, мiндеттi түрде. Санақ парақшасының бiр бетi қазақ, екiншi бетi орыс тiлiнде. Егер жауапты орыс тiлiнде айтса, аяғына дейiн сол тiлде жауап бередi.

Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тiлдерi университетiнiң доцентi Гүлнәр Атақызы келтiрген мәлiметке қарағанда, Алматы қаласында 1 млн. 380 мың адам ресми санақтан өтсе, ел халқының саны 16 млн. 340 мың 840 адамға жеткен. Бiр қуантарлық жәйт, келiмсектердi есептемегенде, мемлекет құраушы ұлт – қазақтардың саны 53-тен 67 пайызға көбейген. Алдын ала мәлiмет бойынша, қазақтың саны 10 миллионнан асып жығылады. Егер де санақшылар наурыздың 17-iне дейiн созылған тексеру жұмыстары барысында қалып қалған елдiмекендер мен шағын аудандарға барса, бұл көрсеткiш аз-маз өзгеруi мүмкiн.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары