БӘРI ДЕ АНАЛАР YШIН...

БӘРI ДЕ АНАЛАР YШIН...

БӘРI ДЕ АНАЛАР YШIН...
ашық дереккөзі

Жаңа заң жобасы қаралды

Ана мен бала мемлекеттiң көмегiне мұқтаж. Дәлiрегiнде, ана мен балаға мемлекет көмектесуге мүдделi. Оған ешкiмнiң дауы жоқ. Бiрақ басқа елдерге қарағанда, бiзде бұл жай ғана сөз жүзiнде болмаса, жүзеге асып жатқаны шамалы. Ал демография туралы сөз еткенде қазақтың санын көбейту керектiгiн мiндеттi түрде сөз етемiз де, жәрдемақы мәселесiне келгенде жұмған ауыз ашылмай жатады.

Алайда, қазақтың саны да, сапасы да қажет. Онсыз ұлт, ел, мемлекет болып қалыптасуымыз неғайбыл. Ол үшiн ана мен балаға мемлекеттен арнайы көмек керек. Көршi елдердiң тәжiрибесiне қарасақ, ана мен балаға кәдiмгiдей толыққанды жағдай жасап жатыр. Бiр Ресейдiң өз ұлтының санын көбейтуге мықтап кiрiсiп жатқанының өзi неге тұрады? Демек, халқымызды көбейтемiз десек, қазақ ұлтын сақтап қаламыз десек, дiттеген мақсатымызға тез арада жетемiз десек, әуелi ана мен баланың әлеуетiн жақсарту керек-ақ.

Парламентте, Денсаулық сақтау министрлiгiнде аракiдiк көтерiлiп қоятын бұл мәселенiң тамырына қан қайта жүгiрдi. Жақында ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң төрағасы Аслан Мусиннiң жетекшiлiгiмен өткен палатаның кезектi жалпы отырысында Аналарға арналған заң жобасы талқыға түстi. Негiзi бұл заң жобасының қаралуы кезiнде арнайы жұмыс тобын басқарып жүрген Мәжiлiс депутаты Динар Жүсiпәлiқызын айтуға болады.

Сонымен, депутаттар «ҚР кейбiр заңнамалық актiлерiне әлеуметтiк қамсыздандыру және еңбек мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын екi оқылымда қарап, мақұлдады. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев заң жобасының мазмұнымен таныстырып, министрлiктiң жаңа тағайындалған жауапты хатшысы Гүлшара Әбдiхалықова екеуi депутаттардың сұрақтарына жауап бердi.

Заң жобасы негiзiнен ана мен балаға әлеуметтiк қолдау жүйесiн дамыту, әйелдердiң жүктiлiгiн, босануын және ана болуын, зиянды және ауыр өндiрiсте жұмыс iстеген азаматшаларды мiндеттi сақтандыруды енгiзуге бағытталған. Барлық сұрақ та сол жәрдемақы мәселесiне арналды.

Аталмыш заң жобасын iске асыруға республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн есепке алынатын табысты шектеудi 25 айлық есептiк көрсеткiшке дейiн арттыруға – 31266, 3 млн. теңге; балалы отбасының жәрдемақы мөлшерiн арттыруға – 10379, 3 млн. теңге; зиянды және ауыр еңбек жағдайында жұмыс өтiлi бар жұмыс iстеген азаматтарға мемлекеттiк арнаулы жәрдемақы енгiзуге – 3058,6 млн. теңге қосымша қаржы бөлу қажет етедi екен. Қысқасы, тұтастай алғанда, заң жобасын жүзеге асыру үшiн 2008 жылға арналған республикалық бюджеттен 44,7 млрд. теңге көзделуде. Сондай-ақ, еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарды 1998 жылғы 1-қаңтарға қажеттi еңбек өтiлiн жинаған адамдарға №2 тiзiм бойынша мемлекеттiк арнаулы жәрдемақы беру енгiзiлiп отыр. Құдай қаласа, аталған барлық жәрдемақы алдағы жылдың қаңтарынан бастап төлене бастайды. Қазiргi таңда бiр жасқа толғанға дейiнгi балаларға төленетiн жәрдемақы 4 мың 914 теңге болса, келер жылдан бастап бұның мөлшерi 7 мың 592 теңгеге өседi дегендi айтқан министр Бердiбек Сапарбаев бұдан былай аз қамтылған отбасыларға төленетiн жәрдемақыны арттыруға кiрiстi. Бұл бойынша 10 мың 92 теңге жәрдемақыға 1 мың 168 теңге қосылатын болады. Жүктiлiкке және босануға байланысты әлеуметтiк көмек 4 пайызға өсiп, 17 мың 40 мың теңгенi құрамақ. Ал жалпы, әлеуметтiк көмек саласына 3,5 млрд. теңге бөлiндi.

Екi оқылымда қаралып, мақұлданған «ҚР кейбiр заңнамалық актiлерiне әлеуметтiк қамсыздандыру және еңбек мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы Мәжiлiстен Сенатқа жiберiлдi. Ендi Сенат депутаттары да бiрауыздан мақұлдаса, заң жобасы заң ретiнде қабылданып, күшiне енедi.

Динар НҮКЕТАЕВА, ҚР Мәжiлiс депутаты:

– Негiзiнен бұл заң жобасының қаралуы Елбасының Жолдауынан туындап отыр. Заң жобасы арқылы бiраз әлеуметтiк мәселелер шешiледi. Бiрiншiден, заң жобасының аясында «Еңбек туралы» және «Салық туралы» кодексiнен басқа бес заңға толықтырулар мен өзгертулер енгiзiлiп отыр. «Еңбек туралы» кодекске енгiзген өзгертулер жұмыс iстейтiн әйелдер үшiн жүктiлiгiн, босануын, ана болу кезеңiн сақтандыруды бұрын жұмыс берушi төлеп отырса, бұдан былай оларға мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру қоры жүйесi төлейдi. Яғни, жұмыс iстейтiн әйелдердiң айлық жалақысының орташа есеппен 40 пайызы солардың есебiнен төленiп отырады. Берiлетiн әлеуметтiк төлемдердiң 10 пайызы зейнетақы қорына аударылады. Егер жұмыс iстейтiн әйел азаматының жалақысы 42 мың теңгенiң көлемiнде болса, орташа есеппен алғанда 17 мың теңге шамасында төлемақы төленедi. 2008 жылдан бастап бiр реттiк жөргекпұл 35 мың 40 теңгеге өстi. Ал жұмыс iстемейтiн әйелдерге мұнымен қоса, 2007 жылдан бастап бiрiншi балаға 3 айлық есептiк көрсеткiш көлемiнде, екiншi балаға 3,5 айлық есептiк көрсеткiш т.б берiледi. Демек жәрдемақы баланың санына байланысты 2 айлық есептiк көрсеткiшке өсiп отыр. Мұнымен қоса «Еңбек туралы» кодексiнiң «ҚР Президентiнiң Алматы қаласының – өңiрлiк қаржы орталығының қызметiн реттеу агенттiгiнiң мәселелерi туралы» 2006 жылғы 28 тамыздағы жарлығына сәйкес, мемлекеттiк мекеменiң мемлекеттiк еңбек инспекторлары интситутының қызметiне толықтыру енгiзiлдi.

ҚР «Зейнетақы мен қамсыздандыру туралы» заңға да бiршама өзгерiстер енедi. Бұрын зейнетақының төлемдерiн есептегенде табысты шектеу 15 айлық есептiк көрсеткiш болса, ендi 25 айлық есептiк көрсеткiшке дейiн көтерiлiп отыр. Сонда ең төменгi зейнетақы көлемi 7 мың 888 теңге, орташа зейнетақы 13 мың 660 теңге, ең жоғарғысы 21 мың 900 теңге болмақ. Сонымен қатар, 2008 жылдың 1-қаңтарынан бастап еңбек жағдайлары ерекше ауыр зиянды жұмыс iстеген 27 мың азаматқа 8 айлық есептiк көрсеткiш көлемiнде әлеуметтiк төлемдер берiледi. Қысқасы, Мәжiлiс депутаттары 2008 жылдың бюджетiн қараған кезде, әлеуметтiк салаға көзделген ақшадан басқа қосымша 27 млрд. теңгенi бөлгiзiп отыр.

Сонымен қатар, отырыста «Кейбiр заңнамалық актiлерiне аудиторлық қызмет мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы», «ҚР Үкiметi мен Азия даму Банкi арасындағы техникалық көмек туралы негiздемелiк келiсiмдi ратификациялау туралы» заңдардың жобаларын да қарап, бiраз талқыға салып көрдi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ