БIЗ ЕНШIСI БӨЛIНБЕГЕН ЕЛДЕРМIЗ

БIЗ ЕНШIСI БӨЛIНБЕГЕН ЕЛДЕРМIЗ

БIЗ ЕНШIСI БӨЛIНБЕГЕН ЕЛДЕРМIЗ
ашық дереккөзі
148

Орталық Азия мемлекеттерiнiң Одағы – бұзылған бiрлiктi қалпына келтiру

Шығысынан Каспийге дейiн таулармен өрнектелiп келiп, ақыры Сiбiр арқылы қабысқан Орталық Азия кеңiстiгi жаратылысынан бiртұтас екенi айдан анық. Осындай табиғи бiрлiк оны мекендеген халықтардың тағдырында бiр еткен. Өзiне тән мәдениетi бар осы Орталық Азия елдерi мыңдаған жыл бойы Тынық мұхиттың жағалауынан Атлантикаға дейiн үлкен-үлкен құрылықтарды бiрiктiрген ежелгi түрiк әлемiнiң бiр аймағы болатын. Алайда Алтын Орда ыдырасымен бiрлiгiнен айырылған бұл өлкенi, мылтық, зеңбiрекпен қаруланып үлгiрген Ресей басып алды. Осылайша бес ғасырға жуық созылған отарлық езгi басталды.

Бiздiң өмiрiмiз бен дамуымыз түгелдей сол отаршылардың мүддесiне бағындырылды; олар бiздi бар әлемнен бөлектеп, орыстың ұлыдержавалық шовинистiк саясатының ықпалынан шықпайтындай етiп тәрбиеледi; бұл тәрбие бойынша әлемнiң ең керемет елi олар болды да, сорлы тұземдiктер бiз болып шыға келдiк; бiздiң мыңдаған жылдық жетiстiктерiмiз, ата-бабаларымыз бұдан бес мың жылдан астам бұрын адамзаттың алғашқы цивилизациясын жасаудағы ғажайып еңбектерi есепке алынбады; «бөлiп ал да, билей бер» деген принципке сай бiздiң бiртұтас полиэтникалық болмысымыз бөлшектелiндi; санамызды шатастырып, жан дүниемiздi быт-шыт етiп, оның орнына бiзге жат түсiнiктер мен мәдениеттi тықпалады; экономикалық құрылымдар метрополияның қажеттерiн өтеуге арналып жасалынып, жергiлiктi халықтан тартып алынған шұрайлы жерлерге орыстар қоныстандырылды және де кез-келген қарсылық қанға бөгiлiп басылды.

Билiктi большевиктер басып алысымен мұның бәрi еселене түстi. Халықтарымыздың бiртума ұлдары алғашқы кезеңде олардың ұрандарына сенiп қалып Ташкентте, 1920 жылы Ресей Федерациясының құрамында батыс Түркiстан аймағы түгелiмен кiретiн Түркi Кеңес Республикасын құру тұралы шешiм қабылдады. Алайда Кремль бұл қадамды аса қауiптi деп тауып, мұның бастамашыларының көзiн жойып, атам заманнан берi араласып жатқан түркiстандықтардың этникалық негiзiн бұзып, оларды бiр-бiрiмен және iшiнара алауыз болатындай етiп бес республикаға бөлiп, өзiн барлық мәселелер жөнiнде жоғарғы би етiп қойды. Мысалы, қазақтармен түбi бiр Хорезм хандығы мен оның айналасын мекендеген өзбектердi, қазақтардан айырмашылығы шамалы құрама мен қарақалпақтарды, Сырдария облысының қазақтар жайлаған бiр бөлiгiн сарттардың құрамына кiргiздi. Осы сарттарға тәжiктердiң де бiраз бөлiгiн қосты. Бұл жасалған халықтар қосындысын -өзбек, республикасын — Өзбекстан деп атады. Және де бұл халықты жасанды тiлге ауыстырды. Сол тiлдi бүгiндерi өзбектер ана тiлiндей пайдаланып келедi.

Мұның бәрiн большевиктер халықтардың өз жолын таңдап алуы деп соқты. Ал iс жүзiнде қаншама халықтарды, оның iшiнде айтарлықтай тарихы бар, талантты да еңбекқор сарт халқын да өз болмысын жоғалту жолына салды.

Сол жылдары атақты шығыс зерттеушi ресейлiк ғалым В.Бартольд өзiнiң большевиктер басшылығына жазған ұсынысында, олардың халықтарды волюнтарлық жолмен бөлшектеуiн қателiк деп атады. Ол Түркiстанда адамдар өздерiн қоғамдық өмiрде ұлтқа бөлмей, қоқандық, жетiсулық, бұқаралық деген сияқты тұрғылықты жерлерi арқылы белгiлейдi деп атап көрсеттi. Ғалым бұл аймақтың халықтары бiрлiгiн бұзбай, мәдени ортада пайдаланылып жүрген, көпшiлiкке түсiнiктi ортақ шағатай түркi тiлi арқылы прогресске тез жетедi деп санады. Сонымен қатар ол әр халықтың өз тiлдерiн пайдалануына да шек келтiрген емес.

Алайда большевиктердiң орыстың ұлы державалық шовинизмiне негiзделген өз мақсаты бар едi. Осы мақсатқа орай олар бодан халықтарға орыстың тiлi мен мәдениетiн зорлықпен қабылдаттырып, оларды орыстың бейшара тобына айналдырып, «аға халықтың» орбитасында ерiксiз айналып жүре беретiндей етудi көздедi. Бұл үшiн олар Түркiстан халықтарының тарихын терiс айналдырып, оларды бiр-бiрiнен алыстатып, қарсылас етуге тырысты. Соның нәтижесiнде бұрыннан ағайын-туыстар ендi бiр-бiрiне жау, ал нағыз жаулар-дос болып шыға келдi. Мысалы, Моңғол және Қоқан хандықтары қазақ — қырғыз халықтарының езушiлерi мен басты қанаушылары деп аталды. Ал шынтуайтқа келгенде олар қазақ халқының бастапқы мемлекетiн құруға жәрдемдесiп, отаршылар мен олардың қолшоқпары, жоңғарларға қарсы бiрге күрескен-дi.

Сонымен Кеңес империясы тараған кезде әр республика өзiмен-өзi өмiр сүрiп жатты. Олардың орталыққа бағытталған экономикасының бiр-бiрiмен ең қажеттi деген деңгейде ғана қарым-қатынастары болды. Ал халықтың үлкен бiр бөлiгi өз тiлi мен мәдениетiн ұмытып, Мәскеудi әлемдiк үлгiдей көрiп, оны құтқарушы құдiрет санай бастады. Бүгiнгi күндерi де олардың талайы өздерiн сол «құдай сүйген халыққа» ұқсап қалғанына мәз болып, ескi рухани жүкпен ғұмыр кешуде.

Дегенмен, халықтың бiр бөлiгi империя құлауының алдында (оған жол ашыларын сезгендей) бiрiккен Түркiстан туралы ашық айтуға кiрiстi. Сөйтiп олар 1989 жылы, әсiресе Өзбекстанда көп тараған «Түркiстан» халық қозғалысын ұйымдастырды. Соңынан Мәскеуде «Туркестан», Қазақстанда «Түркiстан» газеттерi, Швецияда «Центральная Азия» журналы мен басқа да басылымдар шығарылып, Интернет форумдар жұмыс iстеп, ғылыми-қоғамдық конференциялар өткiзiле бастады.

Қырғыз Шыңғыс Айтматов «Түркiстан — бiздiң ортақ шаңырағымыз» деген айдармен бiраз жұмыс атқарды. Және де «ортатүрiк» тiлi жасалынды. Бүгiнгi күнi бұл аймақтағы көптеген ұйымдардың «Тұран» деп аталуының өзi бiраз сырды аңғартса керек.

Егемендiгiмiз нығайған сайын елдерiмiздiң басшылары бiрлiгiмiздi қайта қалпына келтiру керектiгiн ашық айта бастады. Екi немесе бiрнеше елдер арасында айтарлықтай келiсiмшарттар жасалды. Ал 1993 жылдан бастап мемлекетаралық деңгейде «Орталық-Азия Одағы» ұйымының негiзi қаланғанымен, ол 1998 жылы «Орталық-Азия экономикалық қоғамдастығына», 2002 жылы «Орталық-Азия ынтымақтастық ұйымына» айнала келе, 2006 жылы Евразиялық экономикалық қоғамдастығына қосылып, iзi жоғалды. Бұл қадамдарға бастапқы кезде көпшiлiк үлкен үмiт артқан болатын. Ал келе-келе бұл туралы қынжыла тыңдайтын болдық. Билiк халықтың талпынысын байқамады – бұл iстi өз бiлгендерiнше шешпек болды. Алайда интеграциялық процесс бүгiнге дейiн халықтың өмiрiн жеңiлдетерлiктей нәтижеге жете алмады.

Республикаларымыз Кеңес дәуiрiндегi өзара алшақтықтың инерциясынан шыға алмай, жекелеген басшылар өз эгоизмiнiң ықпалында қалып қойды. Большевиктердiң баяғы халықтардың өз жолын қалап алуы деген науқанындағы қойған «миналары» сыр берiп, кейбiреулер өз халқының ұтылған тұстарын еске түсiрдi. Қысқа ойлаушылар халықтың рухын көтеру мақсатында тарихты жаңаша бұрмалап, ұлтшылдықты қоздыра бастады. Құқық қорғау органдарының көршi елдер азаматтарына көрсеткен әдепсiздiктерi әдетке айналды. Бұлардың бәрi халықтардың бiр-бiрiне күдiкпен қарап, түсiнбеушiлiгiн күшейте түстi.

Кейбiр елдiң жаңа қоғамдық құрылысқа өту кезеңiнде өздерiнiң «айрықша» даму жолына түсемiн деп әуреленуi де терiс ықпалын тигiздi. Олар өз елдерiн оқшаулап, сөз жүзiнде бәрiн жақсы етемiз десе де, тiптi бүгiннiң өзiнде қарапайым халықтың қарым-қатынасын тежеп отыр. Ташкенттiң түбiндегi «Жiбек жолы» шекара өткелi арқылы тек озбырлыққа төзген адам ғана өтуi мүмкiн. Ондағы орын алып тұрған жағдай туысқан халықтардың араласуын мейлiнше саябырсытуға, дүрдараздық тудыруға жасалынған сияқты. Бұл – бiздiң халықтарымызға тән емес жат қылықтар билiктiң осы саласындағы тоғышарлардың жетiстiктерi.

Халықтарымыз мыңдаған жылдар бойы шекара дегендi бiлмей өмiр сүрген. Ал ендi шекараны күшейте түсуге халықтың аузынан жырып алып жөнсiз шығын жасалынылуда. Бұл кедергiлер арқылы ағылып өтiп жатқан адамдар тасқыны – бұл өмiр ағымы. Оны тоқтатуға кiмнiң хақысы бар?

Қазақтың сарбаздары көкөнiсiн артынып келе жатқан өзбек шаруасын «бұқпа саудагер» деп ұстаумен әуреленiп жүргенiне күлкiң келсе, адасқан малын iздеймiн деп шекара бұзғыш қатарына iлiгiп, өзбектiң әскерлерiнiң оғына ұшыраған қазақтың халi қарныңды ашырады. Бұл осылай бола бермеуi тиiс. Өзбек пен тәжiктiң бау-бақшасының жемiстерi қазақтың дастарқанының реңiн кiргiзiп, олардың да қоржыны бос қайтпайтын қатынас орнықтырып, халықтарымыздың көңiлiнен шығуымыз қажет-ақ.

Осындай және басқада келеңсiздiктер орын алған кезеңнен елдерiмiздi қалай шығарамыз деп жүргенде, мұның бәрiн алыстағы «мейiрiмдi ағалардың» көмегiмен шешкiсi келетiн «құлов» дегендер бас көтере бастады.

Ашығын айтсақ бұл «мейiрiмдi ағалар» бiзге не жақсылық жасай алады? Бiздiң қолымыздан күрегiмiздi ала ма? Бiз мысалы Ресейге тек арзан шикiзат пен жұмыс күшiнiң көзi, олардың өтпей қалған өнiмдерiнiң тұтынушысы, қауiпсiздiгiне себепкер буферлiк белдеу, азайып бара жатқан халқының санын толықтырушысы және оларға халықаралық аренада салмақ қосатын саттелит ретiнде ғана керекпiз. Ресей Орталық Азия мемлекеттер (ОАМ) Одағын құру идеясын терiс деп санайтын бiрден-бiр мемлекет. Олардың БАҚ-тары сендердiң Одақтарыңнан түк шықпайды, одан да бiздiң қолтығымызға кiрiңдер деп зар қақсауда.

Мұндай информациялық шабуылдың мақсаты бiреу ғана, ол – бiздiң бiрлiгiмiздi болдырмау. Бұрынғы метрополияда кешегi күннiң өлшемiмен ойлайтындар басым. Олар Орталық Азияның өзара қырқысып, iшi түтiндеп жатқанын қалайды. Бұл оларға бiздiң iстерiмiзге араласып, елдерiмiздi мәңгi қанай бергiзер едi деп ойлайды. Кремльдiң кейбiр ықпалды ақылшылары жарқын болашақ үшiн ақ нәсiлдiң билiгiн жер жүзi бойынша қалпына келтiру керек деп бөсуде.

Осылайша өмiрiмiз өтiп жатқанда, көз iлеспей өзгерiп жатқан заманның аймақтық және әлемдiк құбылыстары да басымызға сан түрлi қатер төндiре бастады. Оның ең бастысы ғаламдану – ол шекарамызды шек санамай, бiздi мәдениетiмiзден, ұлттық келбетiмiзден, бар-байлығымыздан айырылдыру жолына салып, алпауыт халықтармен ассимилияцияландыруға итермелеуге түстi. Сонымен, егер уақыты келген шараларды жүзеге асыра бастамасақ, бiздiң енжарлығымыз, бейқамдығымыз, өзiмшiлдiгiмiз, күнделiктi күйбеңнен бой көтере алмауымыз бiздi құрдымға кетiрiп, тарих сахнасынан болымсыз халықтар ретiнде түсiрiп жiбермек.

Осы айтылғандардың бәрi Президент Назарбаев сынды тәжiрибелi саясаткердi Одақ құру идеясына жаршы етiп отыр. Бүгiнде бүкiл әлемде, бiрiгу — басты бағыт. Тiптi АҚШ-тың өзi Мексика, Канадамен экономикалық интеграциялануда (НАФТА).

Ал гүлденген Еуропаны Еуропалық Одақсыз еске түсiре алмайсыз. Бiр айта кететiнi, В.Ленин кезiнде Еуропаның бiрлесуi мүмкiн емес деген едi.

Бiздiң Түркiстанымыздың халқы да, табиғи-экономикалық, мәдени-ғылыми мүмкiндiгi де ойдағыдай дамып, өз елiнiң игiлiгiн қамтамасыз етуге жетерлiк. Бiздiң мыңдаған жылдар бойы араласып өмiр сүрiп келе жатқан дәстүрiмiз, тарихымыз бен мәдениетiмiз бiр-бiрiн толықтырар экономикамыз, дамыған транспорт, энергетика жүйемiз бар. Тұрып жатқан геосаяси ортамызды өзiмiзге тиiмдi етiп пайдалануға болады. Соның бiрi «Ұлы жiбек жолы» қазiр қайта өрлеу үстiнде. Қолымызда бар мүмкiндiктер – орта мақсат, iшкi және сыртқы қауiп-қатерлерге бой ұсынбас, өзiмiзге жеткiлiктi нарығы бар ОАМ Одағын құруға жеткiлiктi.

Одақты құру, бiздiң еркiмiзсiз жойылған бiрлiгiмiздi қалпына келтiру ғана емес, бұл бiздiң халықтарымызды сақтай отырып, дамудың жаһандану дәуiрiндегi бiрден-бiр жолы.

Бұл бiздiң тарихи ұзақ өмiрiмiздi қамтамасыз ететiн соңғы үмiтiмiз. Егер жалпы жағдай осылай бiрiккенiмiздi талап етiп тұрса, онда ОАМ Одағын құру үшiн не iстеуiмiз қажет?

Одақтың басты желiсi экономикалық интеграция екенi белгiлi. Бұл бiздi саяси деңгейде, ғылым мен мәдениетте, жалпы алғанда жан-жақты жақындата түсiп, қай жерде жүрсек те өзiмiздiң бiрлiгiмiз бен туысқандығымызды, «Түркiстан — бiздiң ортақ мекенiмiз» екенiн шынайы өмiрде сезiндiре бастайды.

Астана бұл жөнiнде iскерлiк тұрғысына сай ұсыныстар жасап отыр. Атап айтқанда: «интеграцияны тереңдету, еркiн сауда аймақтарын құру арқылы экономикалық реформа саясатын үйлестiру, кедендiк одақ, тауар мен қызмет көрсету, капитал мен жұмыс күшiнiң орталық нарығын, валюта одағын» жасауды меңзейдi. Әрине мұны Одақтың әрбiр мүшесi толықтыруы мүмкiн. Мәселен, Өзбекстаннан, оның президентi, регионымыздың белгiлi лидерлерiнiң бiрi И.Кәрiмовтен құнды ұсыныстар күтер едiк.

Болса да мұнымен экономиканың сан түрлi мәселелерi шектелмейдi. Оның басты мәселелерiне бәсекеге қабiлеттiлiгiн жатқызуға болады. Әсiресе арзан да сапалы тұтыну тауарларын өндiруде. Бұл жөнiнде әлемдi осындай тауармен толтырған Қытайдан ешкiм озған емес. Ұлы көршiмiздi бұл жөнiнде де көзге iлмеу мүмкiн емес. Бiз оның, сонымен қатар күн сайын қатары көбейiп келе жатқан өндiрiсте қолданылатын жабдықтарын да үнемi сатып алушы ретiнде қала беруiмiз керек. Немесе ол сияқты бәсекеде басым тауарлар өндiрiп, қызмет көрсетудi меңгеруiмiз қажет. Бұл қытайлықтардың да экономикалық моделiне бағдарлана түсу деген сөз. Оны, Одақтың аясында жаңадан ұйымдастырылған кәсiпорындарда, немесе бар өндiрiс орындарында қызығарлық жағдайлар жасау арқылы жандандыруға болады.

Демек, бiздiң экономикадағы қабысуымыз бұрынғыны жай қайталамай, әлемдiк озық тәжiрибелердi ескере отырып жаңа көзқараспен жүзеге асырылуы тиiс.

Экономикаға капитал салуға келетiн болсақ, бүгiнде кейбiр қазақ банктерiнiң үйде тапқан қаржыларын анау алыс елдерде жайғастырып жатқанын көрiп қынжыласың. Бұл ОА елдерi көптеген жылдар бойы финанс жағынан қысылып жүрген сәтте орын алған. Егер капиталға шетке қашпайтындай ұсыныс жасалынып, осында пайдаланылса, одан алынған эффект бәрiмiзге де артық болмас едi. Ал қазақ елiнiң Ұлттық қорындағы қаржы да Одағымызды көркейту айналымына қызмет етсе, ұтыс еселенбек.

Бiр айта кететiн мәселе, егер көршi елдiң iскерлерi жергiлiктi кәсiпорынды иелене бастаса, әдетте көпшiлiк мұны жақтырмайды. Мұнда басты мәселе кiм қожайын екендiгiнде емес, бiздi, айталық тоқтап тұрған зауытты iске қосу жергiлiктi халыққа, мемлекетке қаншама тиiмдiлiк әкелетiнi ойландыруға тиiс.

Үлкен мәселенiң бiрi – жұмыс күштерi. Бiр ғана мысал. Ресейде өзбек ағайындарымызды құл сияқты сата бастапты. Егер бiзде Одақ болса, бәрiмiз тең құқықты жағдайда еңбек еткен болар едiк ортақ мекенiмiз Түркiстанда.

Экономикалық интеграция саяси интеграцияға алып келедi. Бiрге жұмыс жүргiзе бастасақ түсiнбеушiлiктер де кеми түседi. Бiздiң Одағымыз ешкiмнiң де егемiндiгiне қол сұғылмайтын, тең мәртебелi елдер Одағы болмақ. Бұл басты принцип. Ал арам ойлы БАҚтар болса «Назарбаев қитұрқы ойын арқылы регионға лидер болғысы бар» деп жар салуда. Егер бiр басшы пiсуi жеткен мәселенi көтерсе, оның лидер болғысы бар деп айыптау, бұл рухани бейшаралықтың немесе терiс пиғылдылықтың белгiсi. Сонда бiздiң елдерiмiздiң басшыларының ұсыныс жасауға да хақысы жоқ па?

Бұл аймақта ешбiр елдiң басқаларға өз еркiн таңатындай қауқары жоқ. Ол керек те емес. Өйткенi мүмкiндiктерi мен даму деңгейi қаншама әртүрлi десекте, әлемдiк көзқараспен қарасақ, айырмашылықтары шамалы.

Менiңше, Қазақстан өз дамуында белгiлi бiр деңгейге жеткен соң интеграцияның қажеттiлiгiн көбiрек сезiп, ойын ортаға салып жүр. Мұның артында басқа қауiптенер ешнәрсе жоқ.

Одағымыздың шоғырлана түсуiне бiздiң бәрiмiзге ортақ мәдениетiмiз бен дiлiмiздiң ықпалы зор болмақ. Егер батыстың бизнес-мәдениетi бiздiң ежелгi мәдениетiмiздi ысырып тастауға бағытталған болса, бiздiң мәдениеттерiмiз бiр-бiрiн толықтырып, байытып, әлем мәдениетiнiң әсерiмен шыңдала түсiп, заманның талабына сай өркендемек. Рухани дүниемiздiң асыл мұрасына арқа сүйеп қана бiз өз халықтарымыздың ұлттық келбетiн сақтап қала аламыз.

Бүгiнгi күндерi мәдени шараларды үзбей өткiзiп, бiрге радиотелехабарлар жасап, басылымдар шығарудың, конференциялар мен дискуссиялар өткiзудiң аса қажеттiлiгi бар. Мұның бәрi халықтарымыздың түсiнiстiгiн күшейтiп, жақындастыра түспек.

Бүгiнгi дәуiрде, бiздiң Түркiстанымызда ортақ тiлдiң қажеттiлiгi айқын көрiнiп тұр. Бұл қызметтi орындаушы–орыс тiлi, Кеңес дәуiрiнiң өзiнде де бұхара халықты жеткiлiктi қамти алмады. Осылай бола тұрса да, жергiлiктi халық бiр-бiрiмен ана тiлдерiнде түсiнiсе алады. Бұл, математикалық әдiспен түркi тiлдерiнде жиi қайталантын сөздердi iрiктеу арқылы жасалған «ортатүрiк» тiлiнiң болашағы бар екенiн көрсетедi. Ол iс жүзiнде барлық түркiлерге түсiнiктi тiл.

Бiз қазiргi кезде ақпаратты көпсатылы, аса сенiмдi емес, бiз үшiн құндылығы шамалы жүйе арқылы алып жүрмiз. Ол жүйе орыс тiлiне негiзделген. Орыстар ақпарат әлемiнен өзiне қажеттiсiн алып, өңдеп, өз аудиториясына өз идеологиясына сәйкестендiрiп жеткiзедi.

Бiз көбiнесе осы ақпаратты пайдаланамыз, өз тiлiмiзге аударып таратамыз.

Ойлап қарасаңыз, бiздiң қажетiмiзге сәйкес сұрыпталмай, керiсiнше бiздiң мүддемiзге қайшылығы бар, әйтеуiр қолымызға түскен ақпаратпен сусындап, соның әсерiнiң астында ұрпақ тәрбиелеп, көзқарас қалыптастырып, жоспар жасап, өмiр сүрiп жүр екенбiз. Сөйтсек бұл ақпарат басқа елдiң мүддесiне қызмет етуге лайықталған болып шықты!

Ендi өзiңiз ойлап көрiңiз, «бiздiң өз пiкiрлерiмiз» бен осындай жағдайда қабылданып жүрген «шешiмдерiмiздiң» қандай құндылығы бар екенiн? Ол бiздiң шешiмiмiз бе, жоқ әлде бiз арқылы орындалып жатқан басқа күштердiң мүддесi ме?

Тек ортатүрiк тiлi ғана бiздi мұндай өрескел тәуелдiлiктен құтқарады.

«Ортатүрiк» — ол әдеби, ғылым, бизнес тiлi болмақ. Әлем мәдениетiнiң қазынасы мен күнделiктi ақпаратты ортатүрiк арқылы жеткiзе бастасақ, халықтарымыз әлем өмiрiне «делдалсыз-ақ» жақындай түсер едi. Ортатүрiктi ендiру арқылы бiз оншақты жылдың iшiнде халықтарымыздың, керек десеңiз ауылда тұратын жасы келген кiсiлердiң де бiлiми деңгейiн әлдеқайда көтере аламыз. Және де бiздiң жетiстiктерiмiз де жер-жаһанға сол арқылы тарап, жаңа туындылар да жазылып, бұрынғылары аударылуы мүмкiн.

Ортатүрiктi бiрiге отырып, күнделiктi өмiр тiлiне айналдыруға болады. Мысалы, бiрiккен ақпарат торын осы тiлдi жасау арқылы. Сонда ғана жеткiншектерiмiз өз мүддемiзге сай ақпарат ортасында өсiп, өз халықтарымызға берiлiп өседi.

Бiздiң тiлдерiмiздi ортатүрiктiң диалектiлерi десек көп қателесе қоймаймыз. Осыған ұқсас жағдай Голландияда бар. Оларда да диалектiлер көп, дегенмен бәрi бiр ортаұлттық тiлде жазады. Ал бiз болсақ әр халықтың тiлi де өз елдерiнде мемлекеттiк тiл ретiнде еркiн дами берсiн деген көзқарастамыз. Бұл да орынды.

Бiздiң пiкiрiмiзше, жеке азаматтардың саламыз деп жүрген «Түркiлердiң қайта өрлеу «Тұран» орталығы (қалашық) халықтарымыздың бiрiгу жолында маңызды қызмет етуi әбден ықтимал. Бұл мәдени қалашық Орталық Азия елдерiнiң қиылысқан аймағында, қасиеттi Қазығұрт тауының Ташкент-Шымкент тас жолы асуында орналасса деймiз. Бұл «Тұран» қалашығының басты мақтанышы ретiнде, Евразияның түркi халықтарының құрметiне «Көк Түрiк» монументальдi ескерткiшi орнатылса. Бұл монумент түрiк әлемi өнерiнiң шыңы және Жер жүзiнiң ең тамаша туындыларының бiрi болса. Оның жанында тарихи мұражайлармен қатар мәдениет ғимараттары бой көтерсе. Бұл жерде халықтарымыздың аңызына сай Қазығұрт тауына тоқтаған Нұх пайғамбар кемесi де орын алса».

Болашақ «Тұран» қаласының өмiрi түркi, оның iшiнде ОА халықтарының жақындасуына бағытталған болады. Бұл қалашықта ОАМ Одағының құрылып, мығымдана түсуiне септiгi тиердiң бәрiн де топтастырған жөн. Қалашықтың салынуына оң көзбен қарап, бiр-екi жылдан кейiн, әсiресе «халық дипломатиясы» шеңберiнде кездесулер, ғылыми конференциялар мен форумдар, мәдениет пен спорт шараларын өткiзуге мүмкiндiк болуы керек. Мұнда телерадио тарату, басылымды БАҚ орталықтарын, болашақ ОАМ Одағының ғылыми-зерттеу және басқа да мекемелердi жайғастыруға болады.

Бүгiнгi күндерi ОАМ Одағын құру – замананың тақап тұрған талабы. Бұған қажеттi барлық жағдайлар бар. Ендi сөз мемлекет басшыларында. Президенттерiмiз Н.Назарбаев, И.Кәрiмов, К.Бәкиевтер бiрiгудiң дауылпаздары болса, Президент Г.Бердiмухамедов те өзiнiң бұған құмарлығын жасырып отырған жоқ. Мұны Душанбе де қолдап отыр. Тiлi басқа болсада, бiрiмiз болып кеткен еңбекқор тәжiк елi, қапсырылысқан тарихымыз бар моңғолдар да бiздiң Одағымызға қосылса, одан бәрiмiз де ұтар едiк.

Ендi тек саяси жiгер керек. Ол–бiздiң басшыларымызда жеткiлiктi деп ойлаймын.

Халықтардың тарихи жадында Одағымыздың қабырғасын шынайы қалай бастаған басшылар қалар. Олардың бейнесi «Көк Түрiк» монументiнен мәңгiлiк құрметтi орын табар.

Егер бiздiң елбасыларымыз Одақтың келiсiм-шартын қабылдап, оны iс жүзiнде кейiнгiлерде айнытпай жалғастыратын мызғымас деңгейге дейiн жеткiзсе, бұл олардың елбасылар ретiндегi жеткен басты жетiстiгi болмақ.

Ерментай СҰЛТАНМҰРАТ, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы жанындағы

«Мыңжылдық» форумының Орталық Азия және Кавказ елдерi бойынша үйлестiрушiсi

Серіктес жаңалықтары