Сәтбаев тұрғындары ЖЭО маңынан қара қарды байқаған, деп хабарлайды turkystan.kz etozhez-ке сілтеме жасап.
Сәтбаев қаласының ТКШ (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық) баспасөз қызметі №1 жылу станциясында атмосфераға шығарындылардың үш ұйымдастырылған көзі бар екенін, соның бірі — ашық көмір қоймасы екенін түсіндірді. Ашық қоймада көмірді түсіру кезінде көмір шаңының шығуы қысқа мерзімді болады және материалдың механикалық түрде аударылып-төгілуінен, сондай-ақ желдің әсерінен туындайды.
«Ашық жағдайда сусымалы материалдармен жұмыс істегенде шаңның пайда болуы технологиялық тұрғыдан болдырмауы қиын құбылыс. Жылу энергетикасы кәсіпорны шаңдануды азайту шараларын қабылдап жатыр (қорғаныш жеңдерін орнату, төгу биіктігін шектеу, метеожағдайларды ескеру)», — деп хабарлады ТКШ.
Сондай-ақ табиғи факторлардың әсеріне байланысты шығарындыларды толықтай жоққа шығару мүмкін емес екенін қосты.
2025 жылы әлеуметтік желілерде де Сәтбаев тұрғындарының қара қар жауғаны туралы хабарламалары тараған еді. Ол кезде экология департаментінің қызметкерлері бұл құбылыстың себептерін анықтаған.