96 жасқа келген КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова сахнада ән салды, деп хабарлайды «Қазақстан» телеарнасына сілтеме жасаған turkystan.kz.
Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Бибігүл Төлегенова шәкірті Толқын Забированың жеке концертінде өнер көрсетті.
Әншіні сахнаға Толқын Забирова қоларбамен алып шыққан.
96 жастағы біртуар әнші Бибігүл Ахметқызы шәкіртіне ақ тілегін айтып, жиналған көрерменге алғысын білдірді. Сонымен қатар ол толқып, көз жасына ерік беріп, жүрекжарды сөзін жеткізді.
«Рахмет, халқым! Бәріңе мың да бір рахмет! Барлықтарыңды сүйемін. Бақытты болыңдар. Бүгін сондай қуанышты күн! Мен сияқты 96-ға жеткенше халықтың алдында бақытты болып жүре бер. Толқыным менің өте бақытты, ұқыпты, абыройлы адам. Мен қазір ән де айтпаймын, қартайдым. Қанша жасқа келсем де “қазақтың әнші бұлбұл қызы” деген сөздің өзі мен үшін бақыт», – деді Бибігүл Төлегенова.