АРБАКЕШ АЛМАТ ТАПҚАН ТАБЫСЫН ОҚУЫНА ЖҰМСАМАҚ

АРБАКЕШ АЛМАТ ТАПҚАН ТАБЫСЫН ОҚУЫНА ЖҰМСАМАҚ

АРБАКЕШ АЛМАТ ТАПҚАН ТАБЫСЫН ОҚУЫНА ЖҰМСАМАҚ
ашық дереккөзі
315

Өзге аймақты қайдам, Алматы – өнер мен мәдениеттiң ғана ошағы емес, жастардың да киелi ордасы. Бұрыннан қалыптасып қалған үрдiс пе, әйтеуiр, арман арқалап, Алматыға келетiндердiң саны жылдан-жылға көбейiп келедi. Оған табыс табам деп сырттан ағылып келiп жатқан мигранттар мен жергiлiктi жұртшылықты қосыңыз…

Бұрынғы студенттердiң Алматыда өткiзген әрбiр сағаты аңызға бергiсiз әртүрлi той-думан, ойын-сауықтардан тұратын болса, бүгiнгi студенттердiң уақыты түрлi кафелер мен мейрамханаларда өтiп жатыр. Одан қала бергенi түнгi клубтарда. Түнгi клубтарға барып, би билеп, көңiл көтеретiндердiң жыры бiр басқа, ал кеш батқаннан түн жарымына дейiн мейрамхана кезiп жүретiн жастардың жөнi бiр басқа. Басқа болатын себебi, олардың уақыты күнкөрiстiң қамымен өтiп жатыр. Сауық сайранмен, көгал қуып, гөлайттайтын шақта олар өз қаражатын өзi тауып жүр. Оның сыры неде? Кез келген базарда болсын, кафе, ойын-сауық отауларында болсын, кез келген даяшы қызметiндегi студенттен мұның себебiн сұрасаңыз, оқуының қаржысын өзi тауып жатқандығын алға тартады. Қаржы-қаражат тауып, кафе маңын жағалап, базардан тиын-тебен түсiрiп жүрген жалғыз студент ғана ма? Алматы сияқты iрi мегаполисте базар дегенiңiз тiптен көп. Сол қаптаған базарлар бүгiнгi жастардың әжетiне жарап-ақ тұр. «Базар» демекшi, базарда күнелтiп жүрген студенттер ғана емес, оқушылар да бар. Мәселен, Алматыдағы кейбiр iрi базарларға барсаңыз арба сүйреп жүрген студенттердiң қатарынан оқушыларды да көзiңiз шалып қалады. Олар жаздық маусым басталғаннан таңның атысы, күннiң батысы базар жағалап, нәпақа тауып жүргендерi. Алмат есiмдi жетiншi сыныптың баласы да солардың бiрi. Бәкене бойлы Алматтың көзiнде үлкен көзiлдiрiк. Базарға қашан барсаң да, оның көзiлдiрiгiн сұқ саусағымен бiр көтерiп қойып, арбаны мықшыңдап сүйреп бара жатқанын көресiң. Неге екенiн қайдам, осы бiр кiшкентай баланы көрсем, қолымдағы затым ауыр болмаса да, соның арбасына салғым келiп тұрады. Өзi де тым бауырмал. Анадайдан сенi көргеннен, өзi-ақ құстай ұшып жетiп келедi. Барыңды арбасына саласың. Өзiндей екi келетiн арбаны сүйреп алып, алдыңа түсiп жорта жөнеледi. Үйренген кәсiп болған соң, оңай ма, әйтеуiр алдыңа түсiп құлдыраңдап бара жатқан жас жеткiншектiң шалымды қимылына сүйсiнесiң кейде. Күнi бойы жүрiп, қанша ақша табады екен деп те ойлаймын. Арбаның бағасы 400 теңге болған соң, күнiне бес-алты арба сүйресе, 1-2 мыңды қалтасына салатын болуы керек. Одан қала бердi, таң арайланып атып келе жатқан шақтан, арба алу үшiн кезекке тұратын көрiнедi. Кешкiлiк әлгi жалға алған арбасын қайта өткiзедi. Осындай қарбаласпен күнiн өткiзiп жатқан Алматтың айтуына қарағанда, анасы да базарда сауда-саттықпен айналысатын көрiнедi. Анасына кiшкене болса да, қолғабысымды тигiзейiн деп жүрген сыңайлы. Кейде жүктi ауыр қып тиеп алып, мықшыңдап сүйреп кетiп бара жатқан Алматтың бойы арбадан көрiнбей қалады. «Соншама неге ауыр қып басып алғансың, аз салмайсың ба?» десем, «Ой, тәте, ештеңе етпейдi. Қазiр-ақ, машинаға жетiп барам» деп жымиып кетiп бара жатқаны. Алматтың өзгелерден ерекше болып көзге түсетiнi, соқталдай-соқталдай жiгiттердiң арасында кiп-кiшкене болып, жалғыз өзi жүретiндiктен болар… Кейде «Арба керек пе?» деп, шуылдасқан топтың арасында көрiнбей қалып қойып жататын кездерi де кездеседi екен. Соған қарамастан, тыраштанып, таңның атысы, күннiң батысы базарда жүредi. Тiптi, бiрде арбаға салған жүгi тым ауыр болғандықтан, арбасын аударып алыпты. Сондағы арба жалдаған апайының ашуланғанын айтып, бiр мұңайып алды. Мұнда болатын түрлi оқиғалар кейде жанын жасытып жатса да, бәрiне мойынсұнған. Оған күнiне тапқан бес-он теңгесi маңызды. Оларын анасына апарып бергенiне мәз. «Тәте, көресiз ғой, мен сабақты қалайда жақсы оқитын болам. Сонда тезiрек ер жетiп, үлкен азамат болсам, базарға анамды да шығармаймын» деп, бiр қояды. «Жуырда сабақ басталады. Сабақ басталған соң, арба тасуды қоятын шығармын», –деп, тағы бiр мұңайып алды.

СТУДЕНТТIҢ АҚЫСЫН ЖЕП ҚОЯТЫНДАР ДА КЕЗДЕСЕДI

Бұрынғыдай ауылдан келiп жатқан мыс-мыс ақша жоқ, қарын сипап, тамақ iшiп, екi аяқты аспанға көтерiп жатуға қалта көтермейдi. Сондықтан, Берiк биылғы жаздық демалысында ауылға баруға асықпады. Ауылға барғанда не ұтпақ?! Бұрынғыдай шөп шауып, қауын-қарбыз егетiн жерлерi де жоқ. Ауылдағы жердiң бәрi жекеменшiкке өтiп кеткелi, бұлардың қолы бос қалғандай. Қордағы азын-аулақ малды iнiлерi де жайғай алады. Одан да, қалада қалып, екi-үш ай болса да, табыс таппаққа бекiндi. Әуелде базарға шығып, арба айдап көрсем деп ойлаған. Артынша ол ойынан өзi айныды. Дұрысы мейрамханаға барып, даяшы болып жұмыс iстеу. Күнделiктi табысының он пайызын беруге келiскен қожайын Берiктi бiрден-ақ жұмысқа қабылдады. Қараса, бәрi де өзi сияқты студенттер. Бәрi де табыс табудың жолында жүр. Қайбiр байып кетер дерсiң, тым болмаса, жылдық оқуының бес-он пайызын тапса да, ата-анаға кәдiмгiдей жеңiлдiк. Рас, ауылға барғанда да қызық болар едi. Жан-жақтан жиналатын сыныптастарын көрмегенiне де жыл өтiптi. «Әй, қайдам, олар да ауылға бармай, мен сияқты бiр жерлерде даяшы болып па, арба айдап па, күнөлтiп жүрген шығар», – деп, тағы бiр ойлады. Мейрамханадағы күндер сырғып өтуде. Қасындағы құрбы-құрдастарының барлығы дерлiк, ақылы оқудың студенттерi екен. Бәрi де өзi сияқты әр ауылдан жиналған. Ақылы оқуларының жартысын болсақ та, өзiмiз тапсақ деп жүрген «жалаңаяқ» студенттер. Мейрамхананың қызығы кеш батқан соң басталады. Кешкi 7-ден басталған жүгiрiстен түнгi 2-3-терде ғана барып, дамылдайды. Түнгi кезектен қаланың сыртындағы пәтерiне әзер жетiп, сүрлiге құлайды. Қаланың қақ ортасынан пәтер жалдап тұруға тағы да қалтасы көтермейдi. Сондықтан, алыс болса да, ақшасы көңiлге қонатын осы бiр орыс кемпiрдiң жаман лашығы көңiлге демеу. Жатақханада тұра беруге болар едi, бiрақ, жазғы маусым басталғаннан «ремонт жасаймыз» деген желеумен студенттердiң бәрiн демалысқа жiбергiсi келiп тұрады. Сосын, амал жоқ, жатақхананы босатуға тура келдi де, пәтер iздеп, демалыстың алғашқы он күнiн сенделумен өткiзiп алды. Қазiргi табысы жаман емес, бiрақ, оқу басталатын күнде таяды. Қарын шұрқырап, сiлекей шұбырып, ашқұрсақ жүретiн күндер басталады. Мейрамхана жақсы едi, тым құрығанда, тамағы тегiн. Аш болмайды. Оқып жүрiп те, жұмыс жасайтындар бар екен. Бiрақ, сабағына қиындық тудыра ма деген қорқынышпен, Берiк мейрамхананы қимаса да, тастайтын түрi бар. Ертең сабағы нашарлап қалса, ауылдағы бұған үлкен сенiм артып отырған ата-анасына қайтiп қарайды. «Құрысын, бiр жөнi болар. Ең бастысы, оқуымның жарты ақшасын таптым ғой. Бiлесiз бе, кейде мұндай орындарда түрлi келеңсiздiктер орын алып жатады. Тiптi, маңдай терiңмен тапқан ақшаңды бiреулер бермей қойып жатқанда, шарасыздықтан, көз жасымызға ерiксiз берiлемiз. Мұндай қиындықтардың бiздi ширата түсетiнiн де бiлем. Бiрақ, адал ақы, маңдай терiмiздi жемесе болды. Кейбiр мейрамханалар мен ойын-сауық орталықтары жаз бойы iстеген ақымызды жеп қояды. Сондай сәттерде, қос қолымды төбеге қойып, бәрiнен де безiп кеткiм келедi»,– дейдi Берiк ағынан жарылып. Берiк сияқты мұндай студент-даяшыларды үлкен қалалардың кез-келген түкпiрiнен кездестiруге болады. Студенттер даяшы ғана боп жүрген жоқ, арба айдауды да, сауда дүкендерiнде сатушылықты да мықтап меңгерген. Ең бастысы, тапқан табысы адал, маңдай терiмен келедi. Кейде түнгi клубтардан да оларды кездестiресiз. Онда да олар ойын-сауық құрып, уақыт өткiзу үшiн емес, табыс тауып, күнкөрiстiң қамымен жүр.

Өзге қалаларды қайдам, бiр Алматының өзiнде 221442 студент бар екен. Студенттен бөлек, 178380-ге жуық оқушы бар екен. Осыншама студенттiң барлығы бiрдей ақылы бөлiмде болмаса да, көпшiлiгi өздерiн-өздерi асырауға тәрбиеленiп келедi. Ауылдың қаратаяғынан бастап, қаланың қағынғандарына дейiн, нарықтың заңын бiр кiсiдей меңгерiп алған. Олар бүгiнгi қоғамда «өз қотырыңды өзiң қасымасаң», саған ешкiм де көмектеспейтiнiн бiледi. Тек, Құдайым арсыздықтан, айлакерлiлiктен сақтаса болды.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары