"ПРОТОН" ҚАЛДЫҚТАРЫ ЭКОЛОГИЯFА ЗИЯН ШЕКТIРЕ МЕ?

"ПРОТОН" ҚАЛДЫҚТАРЫ ЭКОЛОГИЯFА ЗИЯН ШЕКТIРЕ МЕ?

"ПРОТОН" ҚАЛДЫҚТАРЫ ЭКОЛОГИЯFА ЗИЯН ШЕКТIРЕ МЕ?
ашық дереккөзі
434

Өткен аптада Қазақстан Сенаты Ресейге әскери полигон жасау мақсатында жалға берiлген қазақ жерлерiн ратификациялауды мақұлдады. Сөйтiп, Сенатқа артқан үмiтiмiз аяқасты етiлдi.

Дегенмен, Ресейге иек сүйеп, бiрiнiң бiрiнсiз күнi жоқ екендiгiн күн сайын қайталаумен танбайтын Ресей мен Қазақстан үкiметтерi арасындағы ғарышты игеруге қатысты салқынқабақ аңғарылып қалды. Қазақстан жерiн 50 жыл атом бомбасымен тiлгiлегенi аздай-ақ, Ресей 2050 жылға дейiн жалға алған Байқоңырда да өз ойына келгенiн iстеп баққан едi. Оған әр жылдары Қазақстан даласына құлаған "Протондар" дәлел бола алады.

"Қазкосмос" ұлттық ғарыш агенттiгiнiң төрағасы Талғат Мұсабаев "Протон" ғарыш-тасымалдауышының "жекелеген ұшыруларына" мүлдем тыйым салатындығын мәлiмдедi. Бұлардың қалдығының қазақ даласына құлауы экологияны ластап, адам ағзасына кәдiмгiдей зиянын тигiзетiндiгiн ескере келiп, мұндай шешiм қабылдағандарын айтты. "Протон" — Ресей ғарыштық бағдарламасында ғарышқа азаматтық нышандағы жерсерiктерiн ұшыру мақсатында пайдаланып келген ең ауыр зымыран. Зымыранның пайдалы салмағы — 20-22 тоннаға жетедi. "Протондар" жерсерiгiн ғарышқа 200 шақырымға дейiн жеткiзе алады. Олардың ұшырылымы тек Байқоңыр ғарыш айлағында жүзеге асады.

Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас үкiмет аралық келiссөздер арқылы реттеледi. Бұл келiссөздерде ұшырылымдардың траекториялары жазылып, оның қалдықтарының түсетiн аудандары белгiленген. Алайда, құжаттардың бiрiнде Ресей Қазақстан тарапының келiсiмiнсiз-ақ, "Протондардың" жекелеген ұшырылымын жүзеге асыра алады делiнген. Қазақстан тарапы Ресей бұл мүмкiндiктi зымырандардың траекторияларын өзгерту үшiн пайдаланады деп күдiктенедi. Егер, траектория өзгерсе, одан қалған қалдықтардың да құлау аумағы өзгеретiн болады. Әрине, бұған дейiн Ресейдiң айтқанының бәрiн мақұл көрiп келген Қазақстанның бұл жолы ғана осы мәселенi көлденең тартып отырғаны бiр жағынан түсiнiксiз. Бұған дейiн "Қазкосмос" "Ресей ғарыштық бағдарламасынан Қазақстанға келiп-кетер зиян жоқ, "Протондар" Байқоңырдан ұша беретiн болады" дегендi қабылдауға тым асығыстық танытқан едi. Бұндай түсiнiспеушiлiктердiң ары қарай да орын алмауы үшiн Қазақстан тарапы зымыран қалдықтары құлайтын аудандар нақты белгiленген жаңа келiссөзге қол қоюды немесе Ғарыш айлағын жалға беру туралы келiсiм-шартты қайта қарауды ұсынып отыр. Сондай-ақ, "Қазкосмос" Қазақстан мен Ресей үкiметаралық комиссиясының 2003 жылғы 20 наурызындағы жиналысының хаттамасындағы 6.8 пункт бойынша "кез-келген ұшырылымдарды жасауға болады" деген сөйлемдi алып тастауға бекiнген.

"Протонды" ұшыру үшiн аса уытты тезтұтанатын қоспа пайдаланылады. Гептил және азот тетраоксидiн қолдану арқылы "Протонды" ұшыру сенiмдiлiгi күшейе түскен. Бұл қоспаны өңдеу қазiргi технологиялар арқылы жүзеге асатын болғандықтан, оның қалдықтары ешқандай зиян шектiрмейдi деп сендiредi ғалымдар. Дегенмен, "протон" ұшырудағы инциденттер бұған дейiн бiрнеше рет қайталанғаны белгiлi. 1999 жылы құлаған "Протон" үшiн Қазақстан жағы уақытша тиым салды. 2000 жылдың көктемiнде екi жақ "Протон" құлаған жағдайда келтiрiлген зиянның орнын толтыру мақсатында өтемақы төлеу туралы келiсiмге қол жеткiзгеннен кейiн "Протон" қайта ұшырыла бастады. Соңғы авария 2006 жылдың шiлде айының соңында болды. Ресей мен Украинаның бiрлесiп өндiрген "Днепр" зымыран-тасығышы Қызылорда облысына құлады. Тараптар бұл елдiмекенде адам баласы жоқ деп сендiрдi.

Жергiлiктi билiк келтiрiлген шығын құнын 300 миллион долларға бағалайды. Алайда, ұзақ мерзiмгi айтыстан соң, тараптар 1,1 миллион доллардың келтiрiлген шығынды орнына келтiруге жететiндiгiн мәлiмдейдi. Ресей айыппұлды төлеп, ғарыштық зымырандарды ұшыруға мүмкiндiк алады. "Днепрдiң" келесi ұшырылымы биылғы жылдың 15 маусымында жүзеге асуы тиiс едi. Аяқасты Қазақстан мiнез танытты. Ал, Ресей жағы бұны жай еркелiкке балап отыр. Олар Қазақстанның мұндай талап қоюына ешқандай негiз жоқ дейдi. Сондай-ақ, алдағы уақытта ғарышқа ұшуға дайындалып жатқан Қазақстан азаматтары туралы да еске салып қояды. Қалай дегенмен де, қожа өзiмiз болғандықтан осындай мiнездердi жиi танытып отыруымыз керек сияқты. Сонда ғана көршiмiз аяғын аңдып басатын болады.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары