«ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСI» ДЕГЕННЕН БIЗДIҢ БИЛIК НЕГЕ ШОШИДЫ?

«ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСI» ДЕГЕННЕН БIЗДIҢ БИЛIК НЕГЕ ШОШИДЫ?

«ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСI» ДЕГЕННЕН БIЗДIҢ БИЛIК НЕГЕ ШОШИДЫ?
ашық дереккөзі

Негiзi қоғамда жиi орын алатын түрлi қақтығыстар мен көтерiлiс, ереуiлдер әлеуметтiк ахуалы төмен елге тән. Ал тәуелсiздiгiне қол жеткiзгелi 15 жыл өткен, саяси тұрақтылық орнаған, экономикалық деңгейi ауыз толтырып айтарлықтай Қазақстанда кейiнгi кездерi әртүрлi кикiлжiңдер мен қақтығыстардың жиiлеп кетуi нелiктен? Соңы қантөгiске ұласатын мұндай келеңсiздiктердiң алдын алу үшiн қазақ билiгi қандай шаралар қабылдауы тиiс?

Билiк күнi кешегi қазақ пен ұйғырдың, қазақ пен түрiктiң, қазақ пен чешеннiң арасындағы кикiлжiңдерге «ұлтаралық қақтығыс» деген анықтама беруге, бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жариялауға қатаң тыйым салып отыр. Бiрақ отандық сарапшылар мен саясаттанушылардың кейбiрi аталған қақтығыстарды билiк айтпақшы, «тұрмыстық деңгейдегi төбелес» ретiнде қабылдауға қарсы. Нелiктен? Жұмыссыз – қазақ, баспанасыз – қазақ, тiлi мен дiнi ханталапайға түскен – қазақ, тұрмысы ақсаған – қазақ, балаларын асырау мұң болған – қазақ, өз жерiнде өгейдiң күйiн кешкен – қазақ, безбүйрек билiкке сөзiн өткiзе алмай, дауысын жеткiзе алмай қор болған – тағы қазақ… Қазақ билiгi қоғамдағы күн тәртiбiнен түспеуi тиiс ҚАЗАҚ ПРОБЛЕМАСЫНЫҢ бар екенiн неге мойындағысы келмейдi? Қалың елдiң наразылығын тудырған әлеуметтiк теңсiздiктердiң орын алуына кiм кiнәлi? Қоғамды жегiдей жеген жемқорлықтың ауыздықталмауы не себептен? Сананы пiскiлеген сан сауалға жауап табу мақсатында сарапшылар пiкiрiне жүгiндiк.

Амалбек ТШАНОВ, ҚР Мәжiлiс депутаты:

– Кейiнгi кездерi қақтығыстар мен көтерiлiстердiң жиiлеуi iшкi саясаттың солқылдақтығынан, ұлттық идеологияның жоқтығынан. Барлық нәрсе тек сөз жүзiнде ғана, iс жүзiнде керiсiнше. Қазақстандағы заңсыз құрылған Халықтар ассамблеясын билiк өзiне керек кезде ғана пайдаланады. Ал жүйелi түрде жұмыс жүргiзiлiп жатқан жоқ. Менiңше, билiк болған кикiлжiңдер мен көтерiлiс, қақтығыстардың не себептен туындағанына сараптама жасауы тиiс. Шараны осыған сәйкес қолдануы керек. Қазiргi қазақ қоғамындағы тiлсiздiк, дiнсiздiк пен дiлсiздiктiң белең алуы – ұлттық идеологияның ақсауынан. Осының кесiрiнен қазақтар елдiң, мемлекеттiң иесi екендiгiн сезiнбейдi. Екiншiсi, әлеуметтiк ахуалдың өте нашарлауынан. Әлеуметтiк теңсiздiктер соңы көтерiлiстер мен наразылықтарға әкеп соғуда. Жергiлiктi жерлердiң басшылары жердi де, басқаны да кiмде ақша болса, соған берiп жатыр. Тек тамағын «майлап», тиiстi тиын-тебенiн берiп қойса болды. Ал қазақтар арасында қалталылар аз. Қазаққа қарағанда негiзiнен өзге ұлт өкiлдерiнiң тұрмысы жақсы. Мұндай әлеуметтiк теңсiздiк тек Қазақстанда емес, Батыста да орын алған. Бiздiң билiк соны көре тұра көрмегенсiп, бұл мәселеге көзжұмбайлықпен қарағысы келедi. Сараптама жасалынып, заң жүзiнде тиiстi шаралар қолданылмайынша, түйткiл шешiлмек емес.

Дос КӨШIМ, саясаттанушы:

– Қоғамдағы алғашқы қақтығыстардың ұшқыны көрiне бастағанда-ақ билiк алдын алу шараларын қамдастыруы керек едi. Бiрақ олай етпедi. Себебi, жергiлiктi атқарушы билiк Президенттiң «Қазақстанда ұлтаралық тұрақтылық сақталып отыр» деген сөзiн жоққа шығармау үшiн шамасы келгенше келеңсiздiктердi iшке жасыра бердi. Яғни, ұлтаралық проблеманың бар екенiн көре тұра мойындағысы келмедi. Менiңше, билiк елдегi қақтығыстардың жиiлемеуi үшiн кешендi түрде жұмыс жүргiзуi тиiс. Әрине, ең негiзгi мәселе – экономикалық-әлеуметтiк мәселенiң бар екендiгi рас. Екiншiден, ұлтаралық мәселеде әлi де шешiлмеген түйткiл бар. Ол – қазақ мәселесi. Менiңше, ұлтаралық мәселе дегенiмiз – немiс пен кәрiстiң, немесе орыс пен ұйғырдың арасындағы мәселе емес, бұл – қазақ пен Қазақстандағы басқа диаспоралардың арасындағы мәселе. Оның себеп-салдары өте көп. Бастысы, елiмiзде өмiр сүретiн өзге ұлт өкiлдерiнiң Қазақ жерiн, Қазақ елiн мойындағысы жоқ. Олар әлi күнге Кеңестер Одағындағы психологиядан айырылғысы келмейдi. Кейбiреулер тiптi, «Бiз осы Қазақстанда туғанбыз, Қазақстан – бiздiң бәрiмiздiң жерiмiз» деген пiкiрде. Ал шын ақиқаты: ата-бабаларымыздың қасықтай қаны қалғанша қорғаған ұланғайыр жерiне ешкiмнiң ортағы болмауы керек. Оны мойындағаннан Қазақ елiндегi өзге диаспоралар құл боп қалмайды, бiз қожайын боп кетпеймiз. Сондықтан олар Қазақ мемлекетiнiң құрылып, қалыптасып жатқанын мойындауы қажет. Екiншiден, қазақтар әлi күнге елдiң, жердiң иесi екенiн сезiнгiсi жоқ. Қоғамдағы түрлi келеңсiздiктерге жол берiп отырған – өзiмiз. Өйткенi, кеңестiк империяның кезiнде жоғалып кеткен ұлттық құндылықтарымыз керi қайтарылған жоқ. Осы екi мәселе тез арада шешiмiн табуы тиiс. Соңы қантөгiске ұласып жатқан төбелес, қақтығыстардың астарында бiреудi соққыға жығып кету емес, қазаққа тiл тигiзу жатыр. Мысалы, Атыраудағы қазақтар мен түрiктер арасындағы, Шелектегi қазақтар мен ұйғырлар арасындағы, Маловодное мен ҚазАтКомдағы қазақтар мен чешендер арасындағы кикiлжiңдерде қазақты төмендетуге, қазақты қорлауға жол берiлген. Бiр жағынан мұндай бассыздықтың орын алуына бiз, қазақтар өзiмiз кiнәлiмiз. Мұрнымызды бұзғандар мен ұлтымызды қорлағандардың, бiздi ҰЛТ ретiнде мойындағысы келмейтiндердiң, басынатындардың «өтемақы» ретiнде беретiн болмашы тиын-тебенiне алданып, «кешiре саламыз». Мемлекеттi құраушы негiзгi ұлтты менсiнбеу сияқты жағдайларды Грузияда немесе Өзбекстанда көзге елестете алмас едiк. Ол елдерде тұратын диаспоралар кiмнiң елiнде, кiмнiң жерiнде жүргенiн айқын сезiнедi. Ал тұтас бiр ұлтты қорлау – көкiрегiнде намысы бар кез келген адам көтере алмайтын қорлық. Қандай жағдайда болса да, кiмге болса да, диаспора өкiлi ме, тiптi, өзiмiздiң қандас па, ұлттың намысына тиетiн бiрауыз сөз айтуға қатаң тыйым салынатын деңгейге жеткен кезде ғана бiз өзгелерге өзiмiздi сыйлата аламыз. Мойындата аламыз. Өкiнiшке қарай, мұны бiздiң билiк әлi түсiне қойған жоқ. Тiптi бiздiң ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ екенiмiздi мойындағысы келмейтiн қарсы топтар бар. Олардың тiптi, Президентке сөзi өтiмдi.

Берiк ӘБДIҒАЛИЕВ, саясаттанушы:

– Көтерiлiс екiге бөлiнедi: бiрiншiсi, елдiң күнкөрiсi қиындағанда, екiншiсi, керiсiнше, әл-ауқаты жақсарғанда. Яғни, көптеген қақтығыстар елдiң әлеуметтiк ахуалы дұрысталған кезде орын алады. Ол тұрмысы түзелген адамдардың қоятын талаптарының күшеюiнен. Бәсекелестiк артқан кезде жерге, суға деген талас күшейедi. Азаматтардың арасында бұрын қара бас пен қарынның қамын ойлағандар рухани мәселелермен айналысып, саясатқа жақындай бастайды. Тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары саяси және экономикалық дағдарыстың кесiрiнен халық тiл, дiн, дiл, ұлт сияқты рухани мәселелердi жиып қойып, аштан өлмеудiң әрекетiн жасауға жанталасқан болатын. Соңғы 5-6 жылда әлеуметтiк жағдайы жақсарған қазақ рухани мәселелердi жиi көтере бастады. Қалың қазақты «Елiмiз не боп бара жатыр?», «Ұлтымыз не болады?» деген сұрақтар көп толғандырады. Осының негiзiнде қазақтың тiлiн, дәстүрiн сыйламағандарға наразылықтарын бiлдiрiп, егер олар өзге ұлт өкiлi болса, тiптi, арадағы экономикалық себептердi (Маловодное мен ҚазАтКомдағы сияқты) көлденең тартып, қарсылықтарын бiлдiредi. Мұның соңы жиыла келе, қақтығыстарға ұласады. Екiншi себеп, егемендiк алғаннан бастап, бiздiң билiк Қазақстанның тәуелсiздiгiне күмән келтiргендерден, ұланғайыр жерiмiзге көз алартқандардан әсiресе, 90-жылдардың басындағы Ресейдегi Жириновский, Козырев сияқтылардан ел мен жердi аман сақтап қалу үшiн Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болуға мүдделi едi. Билiктiң РФ көңiлiнен шығу мақсатында Қазақстандағы орыстардың талап-тiлегiн түгел қанағаттандырып, соларға жағдай жасап, ығына жығылуға бейiм болуы да сондықтан. «Қазақстаннан кете көрмеңдер. Мiнеки, сендерге Еуразиялық одақ», «Мiне, сендерге «Қарапайым адамдарға – қарапайым 10 қадам», «бiз Ресеймен жақынбыз, туыспыз», «Мәңгi бiргемiз» деп ұрандатып жүрiп, қазақ мәселесiн кейiнге ысырып тастадық. Өкiнiшке қарай, орыстардың қабағын аңдып, жалтақтаудан әлi күнге арылған жоқпыз. Тағы бiр себеп, орыстарға деген «ерекше iлтипат» тәрбиесiн көрген, қазақша бiлмейтiн орыстiлдi технократтар билiк басына көптеп келдi де, рухани мәселелерге, әсiресе, тiл мәселесiне жөндi мән бермедi. Он бес жылдан берi қазаққа жаны ашитын саясаткерлердiң аз болуы сондықтан. Тiптi, өскелең, жас ұрпақтың өзi кез келген салада ұлттық құндылықтардан гөрi пайда табуға негiзделген азаматтық принциптерге жүгiнедi. Ұлттық тәрбиеден өтпегендiктен, ұлт үшiн күреспегендiктен, мемлекеттiк саясатта ұлттық құндылықтарға толыққанды басымдық берiлмегендiктен. Қазiргi таңда бұқаралық ақпарат құралдарының ұлттық мәселелердi көп көтеруiнiң нәтижесiнде ұлттық құндылықтарға ден қоятын жаңа бiр буын қалыптасып келедi. Ал 15 жыл iшiнде адамдардың ұлттық сана-сезiмiн қалыптастыратын көптеген мәселе шешiмiн таппағандықтан, қазақтар арасында наразылықтар туа бастады. Ол наразылықты қазақтар көбiнесе ерiксiз түрде билiкке емес, басқа ұлт өкiлдерiне көрсетуге дайын тұрады. Тәуелсiздiкке қол жеткiзген алғашқы жылдары елiмiздегi диаспора өкiлдерi қазақ тiлiн үйренуге, қазақтардың тарихын бiлуге кәдiмгiдей қызығушылық танытқан болатын. Бiрақ уақыт өте келе олардың көңiлдерi су сепкендей басылды. Неге? Өйткенi, Үкiмет орысша сөйлейдi, Парламент орысша сайрайды, өзiмiз де ана тiлiн қадiрлеп жатқанымыз шамалы – тiлiмiз шұбар. Өзiн-өзi сыйламаған, құрметтемеген қазақты өзгелердiң сыйламасы, құрметтемесi анық. Әрине, мұның бәрi психологиялық процестер. Жалпы қазақты ұлт ретiнде толық қалыптастыру үшiн мемлекет тарапынан арнайы стратегиялық құжат қабылдануы керек сияқты. Тiл мәселесiнде де солай. Менiңше, 15 жылдан берi шешiлмей келе жатқан мемлекеттiк тiл проблемасын Елбасы бiрауыз сөзбен-ақ шешуге қауқарлы. Ойынханаларды жапқаны, рульдерi оң жақтағы көлiктерге тыйым салғаны сияқты мемлекеттiк қызметтегi басшыларға, Парламентке қазақ тiлiн үйренуге пәрмен берсiншi. Қазақшаға шорқақ талай шенеунiк пен депутат 6 ай не 3 айдың iшiнде қазақша сайрап шығады. Тiптi, мемлекеттiк тiлдi жаттап алу үшiн 3 ай ауылға барып тұрудан да бас тартпасы анық. «Мен қазақша бiлмеймiн» деп отставкаға өз ерiктерiмен кетпейдi. Өткенде Президент қазақша сөйлейтiн өзге ұлт өкiлдерiнiң жастарын жинап, бiр-екi шара өткiзiп едi, iрiлi-ұсақты шенеунiктер оны науқанға айналдырды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ