ЖАДЫМДА ЖАҢҒЫРҒАН ЖАЙСАН ЖҮЗ
ЖАДЫМДА ЖАҢҒЫРҒАН ЖАЙСАН ЖҮЗ
Мен Құралайды тұңғыш рет осыдан 45 жыл бұрын көрдiм. 1961 жылы оқу бiтiрiп, Қызылорда облыстық радиосында студент кезiмнен iстеп келе жатқан дикторлық қызметiме қосымша редакторлық жұмыс та атқарып жүргенмiн. Қанша күш салғаныңмен қанағат қыла қоймайтын радионың күнделiктi күйбеңi көп жұмысында iркiлуге уақыт жоқ – ол әрқашан қарбалас қимылды талап етедi. Осы қым-қуыт тiрлiктiң тырнағында маған да қауырт тапсырма аз болған жоқ. Мен негiзiнен өзiмнiң жаныма жақын әдеби, мәдени тақырыптарға хабарлар әзiрлеймiн. Әдеби-музыкалы композициялар мен концерт-очерктер жасаймын. Арасында өндiрiс пен құрылыстарда репортаждар беремiн. Қаладағы әлеуметтiк ахуал да назардан тыс қалмайды. Әрине, өзiм жас және мамандығым педагог болған соң, кейде жастар тәрбиесi саласына қалам тартып қоям.
Осы шаруаның бiр саласы – мектеп оқушыларының арасындағы оқу-тәрбие жұмысына бағытталған «Пионер» радиогазетi болатын. Бұл хабарды оқушылар өздерi жүргiзсе тыңдаушыларға ерекше әсер ететiнiн ескерiп, жас өрендерден осы әрекетке икемi бар балғындарды сарапқа салдық. Сол сайыстың барысында өзiнiң жинақылығы, сөзiнiң орнықтылығы, әсiресе, үнiнiң ашық, айқындығымен қаладағы №4-шi мектептiң оқушысы Құралай Мұқанова өзгелерден оқ бойы озық шықты. Бiр қарағанда сырт көзге барынша ұяң көрiнетiн осы бiр биязы бала микрофон алдына келгенде жүзi жайнап, көзi ойнап шыға келетiн. Ең бастысы – не айтып тұрғанын жете түсiнiп, автордың ойға алған жобасын жабығынан танып самал үнмен сәндеп бере алатын. Оқыс қимылға жол бермейтiн, ләппайға келмей лып ете қалмаса да ширақ iске бейiм байсалды қыздың, кiсiнi мұқият тыңдап, сөзiңе ерекше ынтамен көңiл бөлетiн елгезек жаны бiздiң де мөлдек ықыласымызға бөленiп жүре бердi. 11-12 жасында өзгелерден ересек көрiнетiн осынау ойлы көз иесiнiң мойылдай мөлдiр жанарының терең түкпiрiнде арнасы ашылмаған әлдебiр әлуеттi үмiт пен тегеурiндi сенiмнiң айшықты ұшқындары өз жүрегiңе жылу берiп, сенiң жаныңа да қосымша қуат қосатын. «Болғалы тұрған бала екен, әманда жолы болғай» деп Тәңiрге тәуба ететiнбiз. Кейiн мен қалалық комсомол комитетiнде бiрiншi хатшы болып тұрған кезiмде Құралаймен қайта кездестiк. Бiз қала жастарының арасында олардың басын бiрiктiруге, iскерлiгiн арттыруға, мәдениетiн көтерiп, мiнезiн қалыптастыруға бағытталған алуан қырлы шаралар өткiзiп жатамыз ғой. Соның сүйектi бiр саласы жас көркемөнерпаздар жарысы. Кезектi бiр осындай бұғаналы бәсекеде оза шауып, қапталдастарына қара көрсетпей, кимелеген қауым алдында жыр құшағынан көтерiлiп, ән қанатында қаршығадай қалықтаған Құралай бас бәйгенi иемдендi де кеттi. Талапты жастың қияқтанған қырына тағы сүйсiнiп қуана қол соқтық. Сол жолы мен Құралайға қалалық комсомол комитетiнiң құрмет қағазын тапсырдым. Құралай бұл кезде орта мектептi аяқтап, студент болуға бет түзеген екен. Өнерi де, сөзi де, бет бейнесi мен қимыл-қылығы да орнығып, көңiл көзiн тосын баураған шаттық сезiмнiң қоңыр желiне ораған бойжеткен барынша ажарланып, маңайына мейiрiмдi шуақ төгiп тұр. Табиғаттың бойына берген сүйкiмдi сыртқы пiшiнiмен шиыршық атқан iшкi сұрапыл сұлулық астасып, осы бiр Құдай сыйлаған мөлдек жарасымды үйлесiм жаныңа өлшемi өзге ықылас нұрын құя түседi. Бiз тағы бiр серпiлiп: «Иә, Алла, өзiң жар бол!» дедiк. Тәнтi болғандықтан қайталай бергiң келетiн сол шақтағы тылсым әсер: көз қуанышына айналған табиғи әсем көрiк пен өмiрде сирек кездесетiн тектi тәрбие көрген қазақ қызының қырмызы қылықтары осы Құралайдың болмысынан баянды көрiнiс тапқан екен. Берекелi бейнеге жан ажарын сабақтап Тәңiрiм осы пенденi алысқа қол артқызып тұрғаны байқалады. Мұны ежiктеп отырғаным көп ұзамай бiз Құралайды жаңа қырынан көре бастадық. Оның өлең жазатыны бар екен. Қандай жарасымды деп тағы таңырқадық. Мұндай адам ақын да болмаса келiспейтiндей көрiндi. Сол тұста әйгiлi Сыр сүлейлерiнiң iзiн қуған саңлақ ақындар сапында игi дәстүрдi жалғастыруда аламан бәйгенiң туын желбiретiп, жыр кестесiн өрнектеп жүрген қыз-келiншектер аз емес едi. Сәнiмкүл Желдербаева мен Рысты Бекбергенова бастаған нәзiк жанды шайырлардың соңына ерген Мағираш Сарикова мен Надежда Лушникова, Жұмакүл Құдиярова мен Сүйiмхан Омарова, Дiлдахан Торғаева мен Лиза Баянқұлованың қатарына ендi Құралай Мұқанова және кейiнiрек Жадыра Дәрiбаева мен Лена Әбдiхалықова қосылып үлкен жыршы қауым қалыптасты. Әдебиет төңiрегiнде шыбын жанын шүберекке түйiп, тыпыршып жүрген бiз үшiн бұдан артық қуаныш бар ма? Бiрақ көп ұзамай қызмет бабымен мен Алматыға кеттiм. Ал Құралай оқу бiтiрiп (Қызылорда пединституты) қолына ұстатқан жолдамаға сәйкес игерген мамандығы бойынша жұмысқа орналасу үшiн Жаңақорған асқан. Бiз осылай бiраз уақыт көз жазып қалдық. Ол да өзiм сияқты шығармашылық жұмыстан қол үзiп қалған сияқты. Баспасөзде көрiнбей кеттi. «Жақсының жаны жақынының сәнi емес пе? Өмiрден өз орнын тапса бопты» дедiк. Содан 35 жыл өткiзiп тағдыр бiздi тағы жолықтырды. Құралай менiң жақсы көретiн сыйлас iнiм Жәлелдiң (Әбдiжәлел Бәкiр) туған балдызы болып шықты. Сол Жәлел өзiнiң бажасы Қалаш пен балдызы Құралайдың зейнеткерлiк демалысқа шығып Алматыда тұратын балаларына келiп қосылғанын айтты. Сөйтiп бiз қайта табысып жанұямызбен араласып кеттiк. «Жақсыдан шарапат» деген емес пе? Қатары селдiрей бастаған егде қауымның жабығына жаңа өрнек қосылып, кеудесiнен тың саз қанат көтергендей болған. Ендi байқағанымыз Құралай кемелiнен асып, кемерiн толтырып бұрынғыдан әлдеқайда биiктей түскен. Бұл кезде ол семья құрып салауатты өмiр салтында шыңдалған, өркен жайып, өрiсi кеңейген, сыйлас қауымының шеңберi Алатау мен Қаратау арасын толық қамтыған, пайым-парасатының көкжиегi көкпен астасқан кенерелi кiсi болған. Құдай қосқан қосағы Қалаш әулетiн алақанына салып, жұмыртқадай шайқап, ауыл-аймағының да сенiмiне ие болған. Қадiрлi ана, сүйiктi жар болып шаңырақ сәнiн асқақ көтерген ол байыпты маман ретiнде де өзi көп жыл тұрақты қызмет атқарған Жаңақорғандағы №17-шi кәсiптiк-техникалық мектептiң оқушылары мен өзiмен әрiптес ұстаздар алдында әркiм-ақ арман етер абырой-даңққа бөленген. Халық ағарту iсiнiң үздiгi атанып, белсендi қоғамдық қызметiнiң негiзiнде мектеп, немесе ауыл ғана емес бүкiл аудан көлемiнде ел сыйлаған беделдi тұлға болып танылған. Өмiрдiң осыдан артық мәнi бола ма? Үмiтiмiз ақталып, Құралай әлеуметтiң санасынан салиқалы орын тапқанына тояттанып, тағы да Тәңiрдiң талғамына шүкiр дедiк. Ортамыз тың сипатқа ие болып өрiсiмiз кеңейе түстi. Амал қанша, осы айдарлы шағымыз ұзаққа созылмады. Ерен еңбек пен өрнектi тәрбиенiң өзектi жемiсiн көрiп, шалқар шаттыққа қол созған тұста кездейсоқ тап болған созылмалы сырқат көп ұзамай Құралайдың жарқын жүзiн гүлдей солдырып аяусыз ажал құшағына салып тынды. Өзiнiң ақжарқын болмысымен, тиянақты тiрлiгiмен айналасын әнге бөлеп жүрген асыл жан көздi ашып-жұмғанша мынау кешiгiп келсе де қуанышқа кенелткен жаңа дәуiр сарынынан оқыс бұрылып, ендi көрер көп қызығына қайрылмай көз алдымызда бақилық болып жүре бердi. Амалсыздан аңтарылып әбiгерiмiздi ажырата алмай бiз қалдық. Бұл фәниден Құралай, әрине, ерте кеттi. Бiз оның үнемi ынтымаққа жетелейтiн ықыласына, имандылыққа баулитын кiсiлiгiне, айналасына нұр сеуiп тұратын мейiрiмдi күлкiсiне, ең бастысы, әрқашанда адами қасиеттердi пiр тұтатын инабаттылығына қанбай қалдық. Соңғы бiзден алыста жүрген жылдары оның осы қасиеттерiнiң шапағатына кенелiп қасында болған адамдарға қызыға қараумен болдық. Қалаштың қасында отырып бiз Құралаймен қимай қоштастық. Жақынын ажалға жұрттың бәрi қимайды. Бiрақ Құралай жақынына ғана емес, өзiн бiлген адамдардың бәрiне қимас қазына, қимас қуат, қимас қуаныш едi. Тағдыр бiзге мұны көп көрдi. Құралай өз жанын ғана, өз сәнiн ғана күйттеген қатардағы пенде емес едi. Ол өзiн қоршаған бүкiл қауымның қамын туған анасындай пайымдаған дархан жүректi қайраткер едi. Ол жоқтан бар жасап, жартыны бүтiндеп, бүтiнге бой түзетiп өткен байыпты бапкер едi. Өзiн аялаған бүкiл әлемдi бауырына басып, оның пенделерiн мәпелеп, ажарландырып шығарсам деп кеттi. Бiз осыны Құралайдың намазына, қырқына жиналған қисапсыз қауымның қарасынан да, сонда айтылған аталы сөздiң сарасынан да аңғарып отырдық. Құралайдың қазасы Қалаштың ғана азасы емес екенiн, оның жақын-жұрағатының ғана қасiретi емес екенiн, оны бiлген бүкiл iзгi қауымның қабырғасын қайыстырып, кеудесiн құлазытып кеткен ауыр соққы екенiн түсiндiк. Құралай кеткелi адамдар арасындағы жылылық бiр уақ бәсеңсiп қалғандай көрiндi. Үнемi алға жетелейтiн сенiм туы ерiксiз еңкейгендей, ақыл-парасат деңгейi әдеттен тыс аласарғандай, сұлулық сәулесi бейуақ күңгiрт тартқандай көрiндi. Осыны терең түсiнген Құралайдың жанашыр достары мен жақын-жуықтары әдепкiде абдырап қалғанымен артынша дереу еңсесiн көтерiп Құралайды қайтсек мәңгiлiк жүрек жадына тапсырамыз деп толғана бастады. Сөйтiп алуан ұсыныс дүниеге келiп, кейбiрi заматында шешiмiн тауып жүре бердi. Көптеген кiсi қызығарлық ойлар да өрiс алып жатты. Бiз Қалаш отының басында кезектi бiр бас қосқанымызда Жаңақорғаннан жоғарыда Құралай қызмет атқарған мектептiң директоры Ахметов Мадияр мырза телефон соқты. Құралай мiнсiз қызмет еткен орыс тiлi мен әдебиетi бөлмесiне үлгiлi ұстаздың есiмiн берiп, естелiк-ықылас кiтабын шығарсақ деген сындарлы пiкiр бiлдiрдi. Бiз, әрине мұны құп көрдiк. Адам таныған азаматтың ақ-адал ниетi деп қуанып қалдық. Мұнда көптiң сый-құрметiне бөленген өнегелi ұстаздың ерен еңбегiн елеу, оның озық тәрбиелiк тәсiлдерiн өсер ұрпаққа үлгi ету, сөйтiп жастар тәрбиесiнде тиiмдi пайдалану ниетi байқалады. Қуана құптарлық iлтипат. Құралайдың алғашқы тiлектестерiнiң бiрi ретiнде, сол ниетке мысқалдай болса да өзiндiк үлесiм болсын деп осы жолдарды жазуға отырдым. Құралайдың қазасын көтере алмай теңселiп қалғанымыз рас. Бiрақ өмiр жалғастығы үзiлмейдi. Құралайдың өмiрден беймезгiл кетуi оның от басының ғана мұңы емес екенiн тағы да қайыра еске салғым келедi. Ол бәрiмiзге ортақ өкiнiш. Мұны осылай оябын тауып ортақтаса, жүйелi түрде жұмыла көтерсек бәрiмiзге де жеңiл болар деп түсiнем. Адамзат тарихы өмiр мен өлiмнен тұрады. Ол табиғи заңдылық. Бiрақ мұның өзi бұл фәниде жәй ғана орын алмастыру деген сөз емес. Адам қоғамы жаңару арқылы дамиды. Адамның дүниеге келуiне қалай қуансақ, кiсi өлiмiне соншалықты қайғырамыз. Алайда өмiрге сәби келгенде қуану бiрдей болғанмен, кiсi қаза болғанда қайғыру әрқилы болады. Өйткенi кез-келген адамның өмiрге келiп-кетуi әр кезде бiрегей елеулi оқиға бола бермейдi. Әрине, бәрi де елеусiз болса даму заңдылығы болмас едi. Кей адамның қазасы сенiң ғана қабырғаңды қайыстырып қоймайды, бүкiл қоғамның жанына батады. Өйткенi адам бiрдей болып туғанмен жарық дүниеден бiрдей болып өтпейдi. Бiреу көзге түсер немесе есте қалар белгiсi жоқ қарапайым өмiр кешедi. Ендi бiреу сол өмiрдiң өзiн жандандырып, алға жылжытуға дәйектi үлес қосады. Өз әрекетiмен, өз ықыласымен, өз көкiрегiнiң көзiмен, бүкiл болмыс-бiтiмiмен артына қоғамдық қатынасқа ықпал ететiн ой қалдырады, сөз қалдырады, iз қалдырады. Сондықтан да адам қоғамы өркендеп, өрiс табады, көркейiп даму жолына түседi. Мiне, осындай заңдылықтың тетiктерi әлгiдей айрықша өмiр кешкен тұлғаларға байланысты. Құралай сондай жандардың сапында болатын. Ол — бiлiктiлiк пен ибалылықтың, әдептiлiк пен имандылықтың таза үлгiсi едi. Аз өмiр сүрсе де бәрiмiздi тебiрентiп, толғандырып кеттi. Iзгiлiк үшiн, өсiп-өркендеу үшiн қасиеттi қимылға шақырып кеттi. Осы үнге құлақ түрiп, жан-жағымызға қарайықшы, ағайын! Құралайдың асқақ рухы сенiң де еңсеңдi көтерiп, жүрегiңде ынтымақ пен мейiрiмдiлiктiң мәңгiлiк әнiн тербетiп, алдыңда адалдық пен адамдықтың ақ туын алаулатып бара жатқан жоқ па?! Әруағыңнан айналайын, Құралай! Сенiң саңлақ жырың бiздiң санамызда шамшырақ боп қала бередi. Тәңiрiм алдыңнан жарылқап, жаның жәннаттан жай тапсын!