СЫРА – АРАҚТЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ
СЫРА – АРАҚТЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ
Бүгiнде жас, кәрi демей, үйде-түзде болсын бөтелкесiмен сiмiрiп жүре беретiн кәдiмгi сусынымызға айналған сыра жайында сыр шертсек. Ол – өнген арпаны ерекше өндеуден өткiзу, ашыту арқылы жасалатын iшiмдiк түрi. Оның құрамында 5-7% этил спиртi бар. Демек, сыра – толықтай құрамында алкоголi бар iшiмдiк түрiне жатады. Өз дәуiрiнiң ең танымал химигi Харуей Уилей өзiнiң мәлiмдемесiнде: «Құрамында 3% этил спиртi бар сыраны үнемi iшкен адамды мас ететiндей алкоголь мөлшерiне ие» деген. Ал профессор Мұзаффар Гүракар болса:«Сыраны зиянсыз деп түсiну қате. Құрамында спиртi болған әр түрлi iшiмдiк белгiлi мөлшерде цирроз ауруына шалдығуына себеп болады», – дейдi. Цирроз (бауырдың қабынуы) дегенде – ойыңызға бiрден арақ келедi. Себебi цирроз ұзақ уақыт арақ iшкендерде жиi кездесетiн, соңы өлiммен бiтетiн ауру.
Ел арасында жүргiзiлген сауалнама көрсеткiшi бойынша халықтың 65% сыраны жәй сусын деп iшедi екен. Мамандар былтырғымен салыстырғанда биыл сыра iшуге құмартушылар саны көбейгенiн оның басым бөлiгiн жастар құрайтынын айтып дабыл қағуда. Сыра алкогольi аз iшiмдiк болғанымен ол адамды уақыт өте келе өзiне тәуелдi етiп, соңы спирттi iшiмдiктерге әуес болуға септiгiн тигiзедi. Нақтырақ айтсақ, сыра – арақтың балалық шағы. Елiмiзде спирттi өнiмдердi жарнамаламау жайында тиiстi құжат қабылданғанымен оның нәтижесi айтарлықтай емес. Тек қана жарнамалау үлгiсi өзгерген секiлдi. Мысалы, күнделiктi теледидарда сыраны жастардың демалыста бас қосып көңiл көтерген кездерiнде iшетiн алкогольсiз сусыны ретiнде тынымсыз насихатталып жатады. Ал, сол көгiлдiр экран алдында жетпiс жастан жетi жасар балаға дейiн телмiрiп үйде тамашалап отыр емес пе?! Халықтың санасына сыраны алкогольсiз iшiмдiк деп сiңдiрiп, кез келген жерде сатылып iшiлуi келешек ұрпақ тамырын балталау. Бұған қарамастан елiмiздiң кейбiр қалаларында жыл сайын «сыра күнi», «сыра мерекесi» дегендi айрықша атап өту де дәстүрге айналып бара жатқаны тағы бар. «Бiреу тоңып секiрсе, бiреу тойып секiредi» демекшi, кейбiреу шөл басам деп алданса, ендi бiрi осыдан қыруар пайда көруде. Ибн Аббас (р.а) риуаятында Пайғамбарымыз (с.а.с): «Барлық ашытылған нәрсе – арақ, ал ашытылғанның бәрi – харам» десе, басқа хадисiнде: «мас етушi iшiмдiктiң азы да көбi харам» деп одан үмметiн үнемi тиып отырған. Сол себептi сыраны жәй сусын деп емес, маскүнемдiкке бастаған баспалдақ деп түсiнiп, сыраны судай сiмiргендердiң көкейiне озық ой салып, мұның алдын алу шараларын қарастыру қажет. Асқа – адалдық, басқа – амандық берсiн ағайын!
наиб имамы Төлеби Оспан