7 қазанда Ақтаудан Алматыға бағытталған әуе рейсі кезінде бір жолаушының жағдайы күрт нашарлап, оның өмірі қауіпті жағдайда болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Lada.kz жазуынша, ұшақта отырған ақтаулық медицина қызметкері Сапархан Жанабаева дер кезінде алғашқы көмек көрсетіп, ер адамның өмірін сақтап қалды.
Сапархан Жанабаева – «Мейірбике» медициналық колледжінің оқытушысы және симуляциялық тренинг орталығының жетекшісі. Ол сондай-ақ «CaspiMed» клиникасында да қызмет атқарады.
Оның айтуынша, ер адам инфаркт белгілерімен ауыр халде болған. Экипаждың дәрі қобдишасын пайдаланып, ол жолаушының жағдайын тұрақтандырған. Алматыға қонған соң науқас дәрігерлерге тапсырылды.
Сапархан Жанабаева мұндай жағдайлар ұшақ экипаждарын алғашқы көмек көрсетуге үйретудің маңыздылығын дәлелдейтінін атап өтті.