ҚАЗАҚ КИНОСЫ ҚАЗАҚТАР ҮШIН ЕМЕС ПЕ?!

ҚАЗАҚ КИНОСЫ ҚАЗАҚТАР ҮШIН ЕМЕС ПЕ?!

ҚАЗАҚ КИНОСЫ ҚАЗАҚТАР ҮШIН ЕМЕС ПЕ?!
ашық дереккөзі
288

Жақында Алматы қаласы көшелерiн аралап келе жатып, алдымда кездесе қалған таспалық негiздегi бейнекөрiнiс кассеталарына және сандық негiздегi CD мен DVD дискiлерiне жазылған түрлi-түстi фильмдер сататын «Меломан» дүкенiне кiргенмiн. Оған түрткi болған атышулы «Көшпендiлер» кинотуындысының осында да сатуға шығарылғаны туралы менмұндалап тұрған жарнама едi. Сонымен, бұл фильмнiң DVD кассеталарына көшiрiлген түрi де саудаға салыныпты. Дүкендегi үлкен-үлкен телеқондырғылар оны осы дүкенге кiрген жұрттың бәрi үшiн көрсетiп жатыр. Бұл фильмнiң кассеталары үлкен және кең залдың iшiнде бiрнеше жерде тiзiлiп қойылған. Яғни оның көрнекi жарнамасы жақсы. Бiрақ дүкенде арнайы бiр сағаттан астам уақыт болғанмен, аталған кассеталардың бiрiн таңдап алып, кассаға апарып, ақшасын төлеп жатқан ешкiмдi байқамадым. Оларды алып қарап, сыртындағы суретi мен жазылған жазуларын қызықтап көрiп жатқандар жеткiлiктi болды. Бiрақ сатып алуға ниет танытқандарды шынымен көре алмадым.

Мүмкiн, ондайлар болғанмен менiң көзiме iлiнбеген шығар. Мүмкiн, алматылық киносүйер қауым өкiлдерiнiң фильмдi кинотеатрларға барып, үлкен экраннан көрген соң, ендi аз уақыттан соң қайтадан оның кiшiрейтiлген түрiн көруге әзiрше онша зауқы жоқ шығар. Кiм бiлсiн.

Бiрақ, қалай дегенде де, «Көшпендiлер» фильмiнiң қоғамдық пiкiрдiң тақырыбы ретiнде осы күнге дейiн жұртшылық талқысына салынып жүргенi рас. Бұл кинотуынды осы күздiң басында Мәскеуде және Ресейдiң басқа да қалаларында көрсетiлген. Ол жақта да оны көптеген көрермен қызықтаған көрiнедi. Ендi фильмнiң көптен уәде етiлiп жүрген әлемдiк тұсаукесерiн күтемiз. Оның дүниежүзi бойынша көрсетiлуiн әйгiлi «Мирамакс» компаниясының қолға алуға келiскенi туралы әңгiме осыдан екi жыл бұрын, яғни 2004 жылдың күзiнде-ақ айтылып жатқан. Бiрақ бұл жоспар әлi жүзеге асқан жоқ. «Көшпендiлер» Батыстың түрлi-түрлi жерлерiнде көрсетiлiп жүр. Бiрақ оның әйгiлi блокбастерлердiкi сияқты әлемдiк тұсаукесерi болған жоқ. Фильмнiң аяқталғаны туралы ақпараттың жарияланғанына көп болды. Оның Қазақстандағы жалпы көрермендер жұртшылығына арналған тұсаукесерi өткен жылы, Ресейдегiсi, жоғарыда айтқандай, биыл болды.

Уақыт өтiп жатыр. «Көшпендiлер» киножобасы болары болып, бояуы сiңген тарихи оқиғаға айналып бара жатыр. Дегенмен, осы фильмге қатысты көтерiлмей қалған мәселелер мен жауапсыз қалған сұрақтар әлi де көп сияқты.

БIЗДЕГI «БЛОКБАСТЕР» 2 МЛН. ДОЛЛАР ТҮСIРСЕ ДЕ БОЛҒАНЫ

Бұның iшiндегi (бiздiң түсiнiгiмiзше, әрине) ең негiзгiлерiнiң бiрi – мынау. «Көшпендiлер» фильмi алдын ала берiлген блокбастер атағын ақтады ма? Бiздiңше ақтаған жоқ. Оқырманға түсiнiктi болу үшiн осы жерде «блокбастер» атауының мағынасына тоқтала кетейiк.

Ағылшын тiлiне қатысты бұл сөздiң тура аудармасы «өте қуатты фугас бомбасы» дегендi бiлдiредi. Басқаша айтқанда – үстiнен тастаған кезде қаланың бүкiл бiр кварталын бiрден жойып жiбере алатын жарылғыш зат. Сол «блокбастердiң» киноға қатысты мағынасы – салыстырмалы мағына. Ол көрермендер жұртшылығы санасын iлезде жаппай игерiп, баурап алатын фильмге қатысты қолданылады. Американдықтар үшiн блокбастер деген — АҚШ-тың өзi мен Канададағы кинотеатрлардағы жалпы көрсетiлiмi барысында 100 млн. доллардан кем болмайтындай көлемде ақша түсiрген фильм. Америкада ондай туындылардың саны ондап есептеледi. Ресейден тап сонша ақша жинай алатындай фильмнiң шығуы өте қиын. Қазақстанда тiптi мүмкiн емес. Сондықтан бiзде блокбастер деп, отандық кинотеатрларда сатылатын кiру билеттерiнiң есебiнен 2 млн. доллар ақша жинай алған туындыны атауға болатын шығар.

«Көшпендiлер» Қазақстан кинотеатрларында көрсетiлдi. Ол туралы алдын ала айтылған әңгiме көп болғандықтан, потенциалды көрермендер тарапынан оған назар аудару деңгейi жоғары болды. Дегенмен, осы фильмнен түскен ақшаның көп болмағаны — ақиқат. Ол ол ма, «Көшпендiлер» фильмi өзi жаппай көрсетiлген сол 2005 жылдың қараша айының барысында қазақстандық кинотеатрларда сол уақытта көрсетiлген негiзгi шетелдiк фильмдерден де оза алмады.

Мүмкiн, ол өзiнiң «блокбастер» деген атағын ендi, яғни сыртқы айналымға шыққанда ақтайтын шығар. Бұл да күмәндi. Өйткенi алдымен түсiрiлiп шыққан елiнде ең болмаса бiр ай бойы бүкiл көрермен жұртшылығының назарын өзiне тартып ұстап отыра алмаған фильм шетелдегi киносүйер қауымға айрықша жаға алмайды. Бұл бүкiл киноиндустрия тарихи тәжiрибесiнен белгiлi. Оның үстiне кез келген шетелдiң киносына өз экранын билетiп қоюға келiсетiн ел шамалы. Тiптi жоқ десе де болады. Өйткенi кино нарығы да кез келген саладағыдай қызу бәсекелестiктiң алаңы болып табылады. Онда да экспортты шектеудiң түрлi амалы бар. Сондықтан «Көшпендiлер» фильмiн тiптi «Мирамакс» сияқты белгiлi компания халықаралық айналымға шығарса да, осыдан көп табыс түседi екен деп күту орынсыз.

Ресей мен Қазақстандағы отандық кино жағдайы негiзiнен ұқсас екенi белгiлi. Кинотеатрлардағы көрермендердiң қарайтын көркемсуреттi фильмдерiнiң денi – американдық туындылар. Одан қалса, жалпы батыстық фильмдер. Отандық киноны қарауға ниет танытушылардың тым аз болуы себебiнен, оны дайындау және түсiру iсiнiң жалпы жағдайы мәз емес. Бәрi ақшаға барып тiреледi. Оның молынан бөлiнуi үшiн кеткен шығынның ең болмаса орны толатынына кепiлдiк керек. Ондай кепiлдiктi бүгiнгi таңда қалыптасқан жағдай ауқымында ешкiм де бере алмайды. Осы уақытқа дейiн Ресейде бiрнеше рет кассалық (яғни өзiн-өзi ақтап қана қоймай, аз-маз таза пайда да әкелетiн) көркемсуреттi фильм түсiрiп, бұндай бағытта табысты жұмыс iстеуге болатынын дәлелдеудi мақсат ететiн бiрнеше талпыныс болған. Қазiр осы бағытта iстелген iс-әрекет өз жемiсiн әкеле бастады.

Бiздегi киноға қатысты жалпы көрiнiс Ресейдегiге ұқсас болды дегенмен, бұл жерде мынадай бiр айырмашылық бар. Қазақстандағы отандық киноның кассалық табыс жағдайы американдық кино бүкiл кинотеатрларды баса-көктеп жайлап алғанға дейiнгi уақытта да аса мәз емес болатын. Ресейдегi көрермен бұрынғы отандық фильмдердi қаншалықты жақсы көргенiн есiне түсiрiп, өз елiнде жаңадан түсiрiлiп жатқан фильмдерге қайтадан бет бұрса, Қазақстандағы көрерменнiң жөнi бөлек көрiнедi. Оның американдық кинотуындылардан мезi болғандай сәтте назар аударар басқа киносы сол Ресей киносы болса керек. Өйткенi қазақстандық көрерменге өте-мөте, айрықша жағады дейтiндей кино әлi, не жасыратыны бар, жасалған жоқ. «Көшпендiлер» де осындай талап деңгейiнен тiптi де көрiне алмады десе, болатын шығар. Бұл кино туралы алдын ала айтылған әңгiме көп болғанмен, көрерменнiң ол кинотеатрларда көрсетiле бастаған кездегi ынтығы тез басылып қалды. Неге олай болғаны уақыт өте келе түсiнiктi болатын шығар.

КИНОНЫ ХАЛЫҚТЫҢ ӨЗIМДIКI ДЕП ТАНУЫ КЕРЕК

Әзiрге жай көрермен ретiнде айтарымыз мынау. «Көшпендiлер» кейiнгi онжылдықтар барысында қазақ киносында дүниеге келген төртiншi эпикалық тарихи туынды болса керек. Бұдан бұрын «Қыз Жiбек», «Отырардың күйреуi» және «Сұлтан Бейбарыс» болған. Олардың бюджетi, әрине, «Көшпендiлер» фильмiнi¬кi¬нен әлдеқайда аз болды. Дегенмен, олардың әрқайсысының өз уақытында көрерменнiң шын көңiлiн баурай алу деңгейi осы соңғы фильмдiкiнен жоғары болмаса, кем болған жоқ. Бұның басты себебi алғашқы үш туын¬дының үшеуiн де қазақ өмiрi мен мәдениетiн жете бiлетiн режиссерлердiң түсiргенi болса керек. Халықтың түсiрiлген киноны өзiмдiкi деп тануы және сондықтан жақсы көрiп кетуi үшiн бұл — өте маңызды жайт.

Әңгiменi әрi қарай ұзаққа созбау үшiн мынадай бiр салыстырмалы мысал келтiрейiк. Болат Мансұровтың «Сұлтан Бейбарыс» фильмiнде тарихи деректер бойынша Қара теңiз жағалауында туып-өскен қыпшақты – фильмнiң басты кейiпкерiн — қазақтың әйгiлi актерi Нұрмұхан Жантөрин ойнады. Оның осы образды тамаша етiп сомдағанында ешкiмнiң күмәнi жоқ шығар. Басқа ұлттан шыққан және өзге мәдениеттiң тәрбиесiн көрген адамның осындай кейiпкердi қалыптастыра алуын көз алдына елестету қазiр тiптi мүмкiн емес. Өйткенi нағыз көшпендiнiң тарихи шынайылық тұрғысынан алғанда өмiршең көрiнетiн образын тек мыңжылдық көшпендi мәдениетiнен нәр алған адам ғана бере алады.

Ал «Көшпендiлер» фильмiнiң сценаристi де, режиссерi де, продюссерi де, басты рөлдi ойнаған әртiсi де — қазақ түгiлi, жалпы көшпендi мәдениетiне ешбiр қатысы жоқ адамдар. Әрине, бұндай туындының қазақ, қала бердi қазақстандық көрерменнiң көңiлiнен шыға қоюы күмәндi.

Тағы бiр айта кететiн нәрсе. XXI ғасырдың басында қазақтың тарихи тұлғасының образын сомдау жауапкершiлiгiнiң өзге ұлт қана емес, өзге нәсiл өкiлiне жүктелуi – ақылға сыймайтын нәрсе. Бiр кезде сол американдық кинода, әсiресе, Голливудта басты рөлге қатысты нәсiлi еуропалық емес типаждарды ойнау жауапкершiлiгiнiң тек қана ақ нәсiлдi актерлерге жүктелуi ережелiк талап болған. Осының кесiрiнен қытайлықтарды да, моңғолдарды да, американдық үндiстердi де түрi көпшiлiк көрерменге жағымды деп есептелетiн еуропалық типтегi актерлер ойнаған. Басқаша айтқанда, қытай, моңғол не үндiс адамына басты кейiпкер ретiндегi өз қандасының рөлiн сомдауға жол жабық болған. Нәсiлшiлдiктiң осындай көрiнiсiне қарсы күрес кешегi уақытқа дейiн созылып, ақыры кейiнгi кезде жағдай өзгерген. Ендi сол Голливуд қытайлықты қытай адамының, моңғолды моңғолдың, үндiстi үндiстiң өзiнiң ойнағанын талап етедi. Осындай жағдайда бiздiң «Қазақфильм» 1940-1950 ж.ж. болған және қазiр терiс деп мойындалған Голливудтың нәсiлдiк үстемдiктi дәрiптейтiн дәстүрiн қайта жандандырған. Бұған, әрине, қазiргi Голливудтың және жалпы американдық киноиндустрияның да ешқандай қатысы жоқ. Бұның артында тұрған осы «Көшпендiлер» фильмi жобасының тағдырын шешуге қатысқан кейбiр қандастарымыздың өз ұлтын кем көрушiлiгi болса керек.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ

Серіктес жаңалықтары