ТУРИЗМ ШАҺАРЫ
ТУРИЗМ ШАҺАРЫ
Қазақстан туризм кластерiн дамытуға ендi-ендi кiрiсiп жатқанда, Түркия шетелдiк қонақтардың арқасында ел экономикасына қыруар қаржы құйдырып отырған нағыз туристiк елге айналып отыр. Дегенмен, бауырлас түрiк елi туристiк салада қол жеткiзген жетiстiктерге шүкiршiлiк етiп, жеткен табысқа ризық бiлдiрiп отыр деуге тiптен болмайды. Бүгiнде түрiк елiнiң алдында үлкен келелi мәселелер тұрған сыңайлы: елге сырттан келушiлердiң саны соншалықты, түрiк елi, тiптi, туристердiң легiн қалай реттеп, қай қалаларға жайғастыруды үкiметтiк деңгейде шешiп жатқанға ұқсайды. Түркияға сапарлаған қазақ журналистерi осындай оймен елге қайтқан едi.
Түркия туристерге лық толы. Даламан қаласында «Turkuaz» компаниясының демеуiмен халықаралық әуежай ашылғанда, бұл шараға арнайы ат басын тiреген түрiк елiнiң премьер-министрi Реджеп Тайип Ердоған бұл мәселенiң басын ашып айтқан едi. Премьер-министрдiң айтуынша, Түркияға өткен жылы жалпы саны 22 миллионнан астам турист келiп-кетiптi. Бiр ғана Анталияға – 8,5 миллион турист келсе, Даламанға – 3,5 миллион шетелдiк мейманның табаны тиген. Түркияға Қазақстаннан келетiн туристер саны 60-80 мыңның ар жақ-бер жағын құрайды екен. Әлi күнге дейiн шетелге әуес қазекемдер әсiресе түрiк елiнiң Анталия, Бодрум, Мармарис сияқты туристiк қалаларына құмар көрiнедi.
Даламан – Жерорта теңiзiнiң бойында орналасқан, халқының саны 20 мыңнан аспайтын туристiк қала. Қазақ елiне «Даламан» деген сөз онша таныс болмаса да, ол еуропалықтардың сүйiп демалатын қаласы болып саналады. Онда көбiне батыс елдерiнiң, атап айтсақ, Германия, Ұлыбритания, т.б. туристерi демалатын көрiнедi. Содан болар, салыстырмалы түрде қарағанда, мұнда қызмет көрсету саласынан бастап сувенир атаулы майда-шүйде заттарға дейiн қымбатқа түседi. Бiр қызығы, базарлар мен әмбебап дүкендерiнде түрiк сатушыларымен саудаласып жүрген бiрде-бiр еуропалық азаматты көрмедiк. Салмақты да сабырлы Батыс елдерiнiң туристерi айтылған бағаға жауап ретiнде әмиянын қалтасынан суырып шығарып, ақшасын дүкеншiнiң алдына тастай салады. Есесiне қазақ елiнен барған бiздер базарлардан бастап, алып бутиктердiң дүкеншiлерiне дейiн саудаласып шықтық. Өйткенi еуропалықтар байқамаса да, түрiктер саудаласуды өте жақсы көредi. Саудаласудың өзi – қарым-қатынастың, адамды танудың бiр түрi емес пе?! Әйтеуiр, базарлары түгiлi, бағасы алдын-ала бекiтiлетiн бутиктерге дейiн бiраз жеңiлдiктерге қол жеткiзiп алғанымызды қалайша жасырайық. Саудаласқанымыз соншалықты, түрiктер бiздi тiптi «русские» деп атады. Сөйтсе, бет-әлпетi еуропалық болса да, орыстың Батыс адамынан басты айырмашылығы – оның саудаласып тұрып алатынында екен. Бiрақ түрiк бауырлар бiздiң қазақ екенiмiздi танып жатты. «Қазақстаннанбыз» десек, «О, Астана» деп көбi жымиып қояды. Әйтеуiр Даламанда Астананы бiлмейтiн түрiк кемде-кем екен. Бiз де олардың лексиконына «Алматы, қазақ – мұсылман» деген сөздердi салып кеттiк. Шетелге Қазақстанды көпдiндi мемлекет ретiнде танытып жүрген PR кампанияның ықпалы дейсiз бе, әйтеуiр, «қазақтар осы мұсылман ба?» деген сауалдар да қойылып жатты. «Иншалла, мұсылманбыз» деп бiз жауап қайтардық. Алдымызда қасиеттi Рамазан айы келе жатқан соң, бiз түрiк бауырлардан олардың қанша пайызы ораза ұстайтынын сұрадық. Ахмет атты түрiк бауырымыз: «Түрiктiң 99,9 пайызы ораза ұстайды» – деп нық сенiммен жауап бердi. «Ал, қазақтар ше?» – дегенде, қазақ халқының бiраз бөлiгiнiң елiмiзде тiркелген түрлi ағым-секталардың арбауында жүргенiн жасырып: «Қазақтың көбi ораза ұстайды» – деп қысқа қайырдық. Түрiк саудагерлерi шын мәнiнде қуанып қалды.
«Шетелде барлық адамдар жылы шырайлы, күлiп, амандасып жүредi» – деген сөз де рас екен. Сенi танымайтын немiс те, түрiк те, ағылшын да жымиып, амандасып қояды. Ал, қызмет көрсету саласы – бөлек әңгiме. Бәрi де турист үшiн жасалған. Қонақ үй қызметкерлерi әрбiр шетелдiк мейманмен жылы сөйлесiп, құрмет-iлтипатпен жауап бередi. Тiптi, айтар ойыңызды өзге тiлде жеткiзе алмай тұрғандықтан, сырт көзге күлкiлi болып көрiнсеңiз де, жымиып тыңдап тұрады. Әйтеуiр, Қазақстанда қызмет көрсету саласы ендi-ендi аяққа тұрып жатқанын ескерсек те, адамға деген құрмет мәселесiн де ұмытпаған жөн-ақ. Себебi отандық қызмет көрсету саласында еңбек етiп жүргендердiң көбiсiнiң қабағынан қар жауып тұратыны ешкiмге де жасырын болмас.
Түрiк – ұлтшыл халық. Солай болуы керек те. Қарапайым түрiктердiң ана тiлiне деген, әнұранына деген, ел басшыларына деген құрмет-iлтипаты өте зор. Елдiң әнұраны айтылғанда, күллi түрiктер рухтанып, бiрауыздан әнұранның сөздерiн қайталап, ерекше сезiмге бөленiп тұрады. Көздерiнде – от, сөздерiнде – елге деген, түрiкке деген құштарлық… Рух. Ұлтшылдық. Ұлтжандылық. Осының бәрi де түрiктердiң әнұранға деген құрметiнен көрiнедi.
Түрiкшемiз онша болмаған соң, жергiлiктi халықпен ағылшынша сөйлескенбiз. Сөйтсек, екiнiң бiрi «Неге түрiк тiлiн бiлмейсiздер?» –деп сауал тастайды. Және, бiр қызығы, бұл сауал арыңа тиедi. Мемлекеттiң саясаты – ұлттық саясат зор болса керек. Жергiлiктi тiлдi бiлместiктен басымыздан қызғылықты оқиғалар да талай болды. Бiр күнi әрiптесiме үтiк қажет болды. «Ағылшыншаң бiзге қарағанда әжептеуiр, қонақ үйдiң қызметшiлерiнен үтiк сұрап бершi» – деп әрiптесiм өтiнген едi. Ағылшынша бiраз сөз бiлсем де, «үтiк» деген сөздiң ағылшынша нұсқасын мүлдем бiлмейдi екем. Бiрақ әрiптесiм маған сенген соң, оның үстiне «ағылшыншаң әжептеуiр» деп мақтаған соң, маған бұл жағдайдан абыроймен шығу маңызды болды. Әйтеуiр, екеуiмiз қызмет көрсету орталығына бет алдық. Қызметшi бiздi жылы қарсы алды. Мен бiрден: «Do you have…» – деп тоқтап қалдым. «Have» етiстiгiнен кейiн «үтiк» деген сөз келуi керек. Әрiптесiме ыңғайсызданып қарап қоям. «Yes» – деп қызметшi маған қарайды. Әлгi сөзiмдi қайта қайталаймын: «Do you have…» Әлгi қызметшi жымиып: «What?» – дейдi. «Құрғыр, қонақ үйдiң әрбiр бөлмесiне бiр үтiктен қоймай ма екен?» – деп iштей өзiммен-өзiм сөйлеп тұрмын. Жанымызда немiс туристерi тұр. Мен қызарып барам. Бiр кезде ойыма «көйлектi басу» деген сөз келдi. Көйлек – «dress», басу – «press». Бiрақ «press the dress» деп жаңылтпаштағым да келмейдi. Терлеп-тепшiп, бiраз әбiгерге түсiп: «Press the dress» деп сыбырлағаным сол-ақ екен, қызметшi: «Ә, үтiк пе?» – деп салды. Сөйтсе оларда да үтiк – үтiк деп дыбысталады екен. Әрiптесiм екеуiмiз күлiп жiбердiк. Мен терең тыныстанып, «үһ» деп маңдай терiмдi сүрттiм.
Ғасырлар қойнауында түркi тiлдес халықтардың тiлдерi бiраз өзгешiлiктерге ұшыраса да, қазақ және түрiк тiлдерiнiң тамыры бiр екенi осындай өмiрлiк жәйттерден-ақ айқындалып тұрады. Тегi – бiр, дiнi – бiр халықтар бүгiнде әрқилы даму жолында келе жатыр. Қазақстан экономикасы дамыған 50 елдiң қатарына енуге атсалысып жатса, Түркия дамыған 10 елдiң санатына кiрудi мақсат тұтып отыр. Бiрiмiз «көпұлттылық» саясаттың жолымен жүрсек, ендi бiрiмiз ұлттық саясатты барынша алға қойыппыз. Өз басым Түркиядан екi сала бойынша үлгi алуға болар деп ой түйдiм. Бiрiншiден, қазақ елi де түрiк мемлекетi сияқты ұлтаралық саясаттан гөрi ұлттық саясатқа бетбұрса игi. Екiншiден, Түркияның туризм саласынан үлгi алу қажет-ақ. Бiр айта кетерлiгi, бүгiнде Түркия шетелден келген туристердiң бәрiн елге сыйдыра алмай жатқанға ұқсайды. Тiптi, туристерге лық толған Анталияны ендi Даламан қаласы «құтқаруы» тиiс. Сол үшiн де жылына 5-10 миллионның аралығындағы адамға қызмет көрсететiн әлемдiк деңгейдегi әуежай ашылса керек.
Негiзiнен Түркия болсын, не әлемнiң өзге мемлекетi болсын, әйтеуiр, туристер сүйсiне баратын елдер көпшiлiкке белгiлi. Бұл орайда Қазақстан – Батыс пен Шығыстың экзотикасынан шаршаған туристер үшiн үлкен жаңалық болуы керек. Қазақстанда Анкара, Стамбұлдан кем емес қалалар, Жерорта теңiзiнен ешбiр кем түспейтiн өзен-көлдер баршылық. Бiр ғана Оңтүстiк аумақта қаншама көл-сулар мен тарихи қалашықтардың орны бар?! Елбасы Қазақстанда туризм кластерiн дамытуға ерекше ден қойып отырғаны белгiлi. Бiрақ күнi бүгiнге дейiн елiмiзге келушiлерден гөрi, елiмiзден сыртқа шығушылардың басым боп отырғаны тағы рас. Бұл орайда iшкi туризмдi дамыту мәселесi басты назарда болса игi.
Елiмiздiң басты қалалары – Алматы мен Астанада тұрғын үй бағасы шарықтап тұрғаны соншалықты, тiптi, кейде: «Осы үйлер жоғары бағаға сай ма?» – деп те қынжыласың. Бүгiнде ескi үйлердiң бағасы жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешендерiнiң бағасымен бәстесе алатындай деңгейге жеттi. Ал, Түркияда керiсiнше, әрнәрсе өз құнына сай бағаланатын сияқты. Қолымызға «Түркияның саяхатшысы» атты жарнамалық кiтапша тиген едi. Сөйтсек, Даламан қаласында тұрғын үй түгiлi теңiздiң жағалауындағы виллалар да бiршама арзан екен. Егерде пәтер типiндегi үйлердiң құны 44 000 еуродан басталса, жеке виллалардың бағасы 105 000 еуродан басталады. Алматыда мұндай ақшаға көп дегенде ескi үйден 2-3 бөлмелi пәтер сатып аласыз. Жаныңызда – шулы көршiлер, лас подъезд, кеңестiк үлгiде салынған тар бөлмелер… Оның үстiне кейбiр үйлерде машина қоятындай арнайы орындар да болмайды. Кейбiреулер көлiктерiн балалар ойнайтын алаңға да қойып кетедi. Осының бәрi – 100 мыңнан астам долларға бағаланады. Ал, Түркияда мұндай қаржыға екi қабатты вилла сатып алуға әбден болатынын көрiп, таң қалдық. Әрбiр вилланың жеке бассейнi де бар. Үйдiң екi қабатына да арнайы терассалар салынған. Бұл – табиғатты үйдiң екiншi қабатынан тамашалап отырғысы келетiн адамдар үшiн жасалған дүние. Әрбiр вилла әдемi гүлдер мен экзотикалық теректерге оранған. Кереметтей саябақ?! Дәл осындай виллалар, бiздiң елiмiзде «особняк» аталып жүрген үйлер Алматыда 1 миллион доллардан басталатыны көпшiлiкке жасырын емес. Бассейнi мен мансарды, саябағы мен бiрнеше гаражы бар үйлердiң бағасы 2 миллионнан да артып жығылады. Оған жарнамалық басылымдар куә. Өзiн еуропалық ел деп бiлiп, Еуропалық одаққа кiруге ұмтылыс жасап жүрген Түркияда бәрi де халық үшiн жасалғандай. Бiр қызығы, бүгiнде қазақтың шiрiген байлары шетелден жылжымайтын мүлiк сатып алуды әдетке айналдырып барады. Бiздiкiлердiң, тiптi, Еуропадан көне замок сатып алуға мұршасы жететiнi тағы бар. Әйтеуiр, бай қазақстандықтардың шетелде қанша вилласы мен сарайы бары бiр Құдайға аян. Ал, шетелде тұрғын үй бағасының елiмiзден әлдеқайда төмен екенiн ескерсек, олигархтардың шетелде бiр емес, бiрнеше вилласы болуы әбден мүмкiн. 100 000 еуро оларға тиын емес пе?!
ТҮЙIН. Бүгiнде Түркия Еуропалық Одаққа кiрудi аңсап жүр. Түрiк елiнiң бұл мақсаты жүзеге асса, ол ЕО-ға мүше болған алғашқы мұсылман елi болмақ. Тiлi мен дiнiне бекем мемлекет алдарына көптеген игi мақсаттарды қойып келедi. Және бұл жолда түрiк елiн алға жетелеп жатқан да – ұлтшылдық, ұлтжандылық саясаты. Түрiк елi осылайша тарих сахнасында өз орнын тапса керек.
Кәмшат ТАСБОЛАТОВА