КЕМТАР БАЛА, САПАСЫЗ ҰЛТЕГЕМЕН ЕЛДIҢ ЕРТЕҢI БОЛА АЛА МА?..
КЕМТАР БАЛА, САПАСЫЗ ҰЛТЕГЕМЕН ЕЛДIҢ ЕРТЕҢI БОЛА АЛА МА?..
Қазақстандағы экологиялық апат аймағындағы адамдар денсаулығы туралы кеңестiк империя кезiнде сөз қозғау мүмкiн емес болатын. Оның қоршаған ортаға, өсiмдiктер мен жануарларға тигiзген зияны жайлы ғана там-тұмдап айтылатын. Қазақстан тәуелсiздiгiн алысымен-ақ, Арал апат аймағындағы балалардың денсаулығын зерттеумен, медицинадағы жаңа бағыт – экологиялық педиатрияны қалыптастырумен айналысып жүрген Қазақ ұлттық медициналық университетiндегi Емдеу iсi факультетi Педиатрия кафедрасының меңгерушiсi, экология және денсаулық сақтау жөнiндегi «Ұрпақ» ұлттық орталықтың директоры, Халықаралық педиаторлар ассоциациясының мүшесi, медицина ғылымының докторы Зита Мәжитова ханым кеңiнен әңгiмелеп бердi.
– Зита Хамитқызы, экологиялық педиатрия туралы қысқаша түсiндiрiп өтсеңiз?
– Бұл — медицинадағы жаңа бағыт. Қазақстан тәуелсiздiк алысымен, 1993 жылы экологиялық педиатрияны, яғни экологиялық ахуалы төмен өңiрлерде тұратын балалар денсаулығы проблемасын зерттеудi қолға алған болатынбыз.
– Алғашқы жұмыстарыңызды қай жерден бастадыңыздар?
– Арал өңiрiнен. Егемендiк алған алғашқы жылдары ҚР Үкiметi Арал мен Семей өңiрлерiн экологиялық апат аймағы ретiнде қарастыратын арнайы заң қабылдағаны белгiлi. Бiрiншi Қызылорда облысының Жалағаш ауданынан бастадық.
– Неге Семей өңiрiнен емес, Жалағаш ауданынан бастадыңыз? Ұмытпасам, сiз — Құнанбайдың тiкелей ұрпағысыз…
– Иә, мен Тәкежанның шөпшегiмiн. Бiрақ Жалағаш ауданының әкiмi алғашқы болып мен көтерген проблеманы зерттеуге қол ұшын бергiсi келетiнiн айтты. Оның үстiне, жапондар терең зерттеу жұмыстарын жүргiзе отырып, адам ағзасындағы Хиросима мен Нагасакидегi атомдық жарылыстар кесiрiнен болған барлық өзгерiстер туралы нақты ақпарат берген. Ал Арал апатының адам ағзасына тигiзетiн керi әсерi жайлы бiрде-бiр мәлiмет болған жоқ. Адамдардың барлығы Аралдың суалғанын, теңiздiң жоғалып бара жатқанын, ауыз су сапасының нашарлығын, өсiмдiктер мен жануарлардың жоғалып бара жатқанын ғана айтатын. Ал «Адам организмiне зиянды химиялық улы заттар бар ма, жоқ па?» деген сауал үнемi жауапсыз қалатын. Балалардың денсаулық жағдайына кешендi түрде зерттеу де жүргiзiлмеген. Сондықтан «Ұрпақ» ұлттық орталығы Республикалық «Ақсай» балалар ауруханасынан «Экология және балалар» бөлiмiн ашу туралы бастама көтерiп, осы бастаманы жүзеге асырды. Бүгiнгi таңда осы бөлiм ай сайын емес, күн сайын Арал апат аймағынан келетiн қызылордалық балалармен толығып отырады.
– Аталған бөлiмдi ашу халықаралық тәжiрибеде бар ма едi?
– Жоқ. Балаларға көмек көрсету үшiн арнайы ұйымдастырылған мұндай керемет бөлiм әлемнiң бiрде-бiр елiнде жоқ. Бөлiмдi ашуға Президент Н.Назарбаевтың өзi қолдау бiлдiрдi. Экология құрбаны болған балаларға қол ұшын беру туралы жазған хатыма арнайы жауап берген Елбасы тиiстi органдарға менiң бастамамды iске асыруға көмектесу жөнiнде тапсырма бердi.
– Негiзi, КСРО кезiнде Арал өңiрiндегi экологиялық ахуалдың сын көтермейтiнi туралы баспасөз беттерiнде мақала жариялануы мүмкiн емес болатын…
– Әрине! Оған империялық саясаттың рұқсат етпегенi анық. Бiздiң терең зерттеуден тұратын өзектi материалдарымыз да Қазақстандағы тәуелсiздiктен кейiн жариялана бастады ғой. Аралдың тағдырымен, ондағы адамдардың, әсiресе, балалардың денсаулығына төнген қауiптен әлем сонда ғана хабардар болды.
– Зерттеу жүргiзуге түрткi болған не едi?
– Негiзi, «Арал проблемасы» дегенде қоршаған орта, яғни табиғат проблемасы тұрғысынан сөз қозғалатын (Арал аймағындағы өсiмдiктер мен жануарлардың 50 пайызға жуығы жоғалып кеткен). Ал ол жерлерде адамдар тұратыны және олардың өмiрiне де қауiп төнуi мүмкiн екендiгi жайлы өте аз айтылатын. Сондықтан Арал апатының салдары балалар денсаулығына қалай әсер еткенiн зерттеудi қолға алдық.
– Зита Хамитқызы, «Ұрпақ» ұлттық орталығы қандай ұйым?
– Мемлекеттiк те, үкiметтiк те емес. Мен мемлекеттiк мекемеде (Қазақ ұлттық медициналық университетiнде) жұмыс жасағандықтан, «Ұрпақтың» бағдарламасын жасарда қандай қорға хат жазатын болсақ, соған орай өзгертiп отырдық. Яғни мемлекеттiк құрылым ретiнде, универститеттiң педиатрия кафедрасының атынан, ал үкiметтiк ұйым ретiнде «Ұрпақтың» атынан хат жазатынбыз. Сол кездерi Премьер-министр болған Терещенко: «Бұл – ғылымның нарықтық қатынастардағы жаңа формасы» деп риза болыпты.
– «Ұрпақтың» басты мiндетi не?
– Экологиялық апат аймағындағы балалар денсаулығын қалпына келтiру әдiстемелерiн жасау. «Ұрпақтың» ережесiнде қоршаған орта проблемасының кесiрiнен денсаулығына зиян келген балаларға қол ұшын созуға мүдделi халықаралық ұйымдармен, шетелдiк және қазақстандық әрiптестерiмiзбен серiктестiк қатынастар орнату мүмкiндiгi жазылған. Яғни бiздiң орталық экологиялық педиатрия проблемаларын зерттеумен айналысады.
– Экологиялық аурулар қалай анықталды?
– Бiз зерттеу жұмыстарын бастамас бұрын қоршаған ортаның ластануынан туындайтын дерттердiң бар екендiгi туралы айтылатын. Шынында да, тыныс алу жолдарының аурулары (демiкпе, аллергиялық дерттер, ақыл-естiң, дененiң дамымай қалуы сияқты туа бiттi аурулар т.б.) бар едi. Алайда бiз зерттеу жұмыстарының барысында аурулардың экологиялық зардаптарын анықтауға болатынын және оларды жеке-жеке емдеу қажеттiгiн дәлелдедiк. Ауруларды өзге дерттер секiлдi жалпылама белгiлер арқылы анықтау мүмкiн емес. Аталған аймақтағы аллергиялық аурулардың көптiгiн, балалардың көпшiлiгiнiң арық, салмағының аз болуын экологиялық зардаптардың белгiсi ретiнде көрсете алмайсыз. Мысалы, ревматизм 5-6, ары кетсе, 10-ға жуық белгiмен анықталса, экологиялық дерттерге 100 (!) белгi қажет.
– 2 жыл бұрын Арал апат аймағындағы экологиялық аурулар туралы мақалалар топтамасын дайындаған едiм. Негiзiнен, Қазақстанмен шекаралас жатқан Алтай аймағындағы ресейлiктер тартқан азап пен солардың бойындағы дерттердi, жартылай аң, жартылай адам бейнесiндегi балаларды көрсете отырып, экологиядан қазақтардың қаншалықты зиян тартқанын анықтауға тырысқам. Өкiнiшке қарай, тиiстi органдар, тiптi депутаттардың өзi қаққан дабылыма немқұрайды қарады. Олардың кейбiрi, тiптi «Қазақстанда мұндай проблема жоқ» деп «жұбатты». Неге?
– Бiрiншiден, ақпараттың жетiспеушiлiгiнен. Қазiр экология салдарынан болатын аурулардан адамдардың көпшiлiгi хабардар. Нелiктен? Өйткенi қараңызшы, бiздiң бастамамызбен Арал апат аймағынан келген 15 мыңнан астам бала «Экология және балалар» бөлiмiнде ем қабылдады. Екiншiден, ол кезде жұрт, шынында да, экологиялық дерттердiң бар екенiн бiлмейтiн. Ғылыми тұрғыда дәлелдеу үшiн бiз 13 жыл ғұмырымызды сарп еттiк. 13 жыл бойы азаматтарға экологиялық зардаптар туралы түсiнiктеме бердiк, балаларды емдедiк, үздiксiз зерттеу жұмыстарын жүргiздiк, балалардың денсаулығын үнемi бақылауда ұстадық. Алғашқы жылдары «Экологиялық педиатрия» деген ғылым жоқ, «эпидемиология» деген бар. Ол қоршаған орта ластанған жерден бастау алады» деп бiзге қарсы шығатындар көп едi. Алайда бiз апат аймағында тұратын балаларға жеке-жеке кешендiк емдеу мен лабораториялық зерттеулер жүргiзу нәтижесiнде экологиялық аурулардың өзiндiк ерекшелiктерi бар екенiн анықтадық.
– Экологиялық аурулар қандай ерекше белгiлерге ие?
– Басты белгiлерi – iшкi жасушалар өзгерiсi мен генетикалық өзгерiстер. Мұны дәлелдеу үшiн бiз жұмысымызды балалар ағзасындағы улы заттар мөлшерiн анықтаудан бастадық. Олардың қанын, кiшi дәретi мен шашын зерттей келе, Арал апат аймағында балалар денсаулығына зиянын тигiзетiн химиялық улы заттардың бар екенiне көз жеткiздiк.
– Мұны сiзге қарсы дау айтататындар қалай қабылдады?
– Алғашқыда: «Бұл дерттердiң экологияға ешқандай қатысы жоқ. Отбасындағы әлеуметтiк ахуалдың төмендiгi, қарны тоя тамақ iшпеу, қажеттi витаминдердiң жетiспеушiлiгi сияқты әлеуметтiк факторлардың кесiрiнен туындайды» деген. Ғылыми тұрғыда дәлелдеп бергеннен кейiн, экологиялық факторларды мойындауға мәжбүр болды. Токсикологияны ғылым ретiнде қарастырған ғалымдардың көпшiлiгi адам ағзасының асқынған түрiн мысалға келтiретiн. Мысалы, аса көп мөлшердегi улы зат адам организмiне сiңдi, ол дертке шалдықты деген сияқты. Бiрақ бiз бүкiл әлемдi алаңдатып отырған проблеманы, көптеген заттардың үздiксiз әрекетiн ғылыми тұрғыда дәлелдедiк.
– Яғни…
– Яғни Арал өңiрiнде хром, кадмий, қорғасынның улы құрамы қоршаған ортаға тиесiлi қалыпты көрсеткiштен сәл ғана асады. Бiрақ бұлардың жиынтығының ұзақ әрi үздiксiз әрекет етуi адам ағзасына кешендi түрде әсер еткен. Мұны дәлелдеу бiзге тым қиынға соқты. Егер шведтер, жапондар мен Люксембургтегi токсикологиялық зертхана жаңа технологиямен көмектеспегенде, бүгiнгi жетiстiкке жетуiмiз неғайбiл едi. Олар әрбiр зерттеуiмiздi жiтi тексеруден өткiзетiн. Әрбiр қанды, әр тал шашты өз елдерiне алып кетiп отырды… Дүние жүзiнiң барлық елдерiнiң ғалымдары тартылған Халықаралық ғылыми-техникалық орталыққа арнайы дайындаған жобамыз орталықтың көңiлiнен шығып, бiзге зерттеулер жүргiзуге қаржы бөлдi. Сонда ғана қоршаған ортаны, өсiмдiктер мен жануарларды, балалар денсаулығын толық тексеруден өткiзуге мүмкiндiк алдық.
– Арал апат аймағында қандай ауру көптеп кездеседi?
– Негiзi, апат аймағында тұратындар бiрден өлiп кетпейдi. Үздiксiз әрi үнемi керi әсер етiп отыратын улы заттар олардың ағзасына мысқалдап сiңедi. Ас қорыту жүйесi, тыныс алу жолдары, бүйректерi, терiлерi мен зәр шығару органдары зақымданады. Медициналық тексерулерiмiздi функционалдық қана емес, морфологиялық тұрғыда жүргiзгенiмiз де сол себептен. Ультрақұрылымдық және генетикалық зерттеулер де назарымыздан шет қалмады. Осының нәтижесiнде экологиялық педиатрияның емдеу негiздерiн анықтадық. Демек, экологиялық педиатрияны ғылымның бiр саласы ретiнде қарастыруға әбден болады.
– Генетикалық тұрғыда дертке шалдыққан нешiншi ұрпақты емдеп жатырсыздар?
– Бiз қазiр үшiншi ұрпақты емдеу үстiндемiз. Негiзi, Арал өңiрiндегi отбасылар арасында ауқатты тұратындар баршылық. Бiрақ сiңiрi шыққан кедейдiң де, тұрмысы түзу байлардың да балалары экологиялық дертке шалдыққан. Неге? Өйткенi экология байсың ба, кедейсiң бе, талғамайды және ешкiмдi де аямайды. Әсiресе, экология генетикалық иммунитетi әлсiздердi аямайды. Апат аймағындағы улы заттар әйелдiң аяғы ауыр кезде-ақ әсер ете бастайды.
– Аралдан ұшқан тұз, Байқоңыр ғарыш айлағынан жететiн улы қалдықтар… Сiздер дәлелдеген дерттерге тағы қандай факторлар әсер етедi?
– Ең бастысы – ауыз судың ластығы. Өзiңiз бiлесiз, Аралдың суалуына судың мақта егiстiктерiне қарай бұрылып жiберiлуi себеп болған. Ол кезде мақта егiстiктерiнде жақсы өнiм алу үшiн тыңайтқыштар, гербицидтер мен пестицидтер қолданылатын. Ал осы гербицидтер мен пестицидтер қайда жiберiлдi? Бұлардың барлығы қорғасын, мырыш кенiне онсыз да бай Сырдария өзенiне ағызылатын. Ал Қызылорда халқы ауыз суға Сырдарияның суын пайдаланатын. Барлық проблема осыдан басталған.
– «Егер қазiр Үкiмет ауыз су проблемасын шешсе, экологиялық дерттер де жойылады» деген пiкiрге қалай қарайсыз?
– Бұл — жаңсақ пiкiр. Өйткенi экологиялық зардапты тартып отырған – үшiншi ұрпақ. Демек, ауруларды генетикалық тұрғыда қарастырып, оларды жедел емдеудi қолға алуымыз керек қой.
– Әңгiмеңiзге рақмет!
– Құрсағы алтын аналардан туған ҚАЗАҚ – керемет ұлт! Мықты ұлт! Дала философиясы мен дала мәдениетi, дала дипломатиясының өзi халықаралық деңгейге көтерiлдi. Айтыңызшы, әр елдiң iшкi саясатында ғана емес, әлемдiк саясатта келiссөздер жүргiзiлетiн, проблеманы бiрiгiп шешудiң жолдарын қарастыратын «дөңгелек үстелдi» кiм ойлап тапты? Қазақтар! Қазақтарда төрт бұрышты ештеңе болмаған, дөңгелек үстел, дөңгелек киiз үй…
– Мен теперiштен көз ашпаған өз ұлтымның шыдамының берiктiгiне таңғаламын! Намысы – биiк, рухы – өр, достыққа адал қазақтың бүгiнгi ұрпағының соншама көнбiс тартқанына қынжыламын. Ұлан-ғайыр мекенiн найзаның ұшы, бiлектiң күшiмен қорғай бiлген батырлардың бүгiнгi ұрпағы неге көнбiс? Семейдегi жер асты дүмпулерi, тiрi жанды түгiмен жалмайтын экологиялық апаттар… Халық бәрiне төздi… Неге?..
(Көзiне жас үйiрiлген Зита Хамитқызын мен не деп жұбатарымды бiлмедiм…)
Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ