«BIR TOLQYNDA» алаңында конституциялық реформалар талқыланды

/
«BIR TOLQYNDA» алаңында конституциялық реформалар талқыланды
Жалпыұлттық коалиция

Бүгін Алматы қаласында Satbayev University алаңында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының BIR TOLQYNDA диалогтық платформасы аясындағы кездесуі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz Жалпыұлттық коалицияның сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараға Парламент өкілдері, саяси партиялар мүшелері, ғылыми қауымдастық және жастар ұйымдарының өкілдері қатысып, Халықтық Конституциясын дамыту бағыттары бойынша мазмұнды пікір алмасу жүргізді.

Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Сергей Пономарев, Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев, «Respublica» партиясы тең төрағасы, «Учет.kz» компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, заң ғылымдарының докторы Алуа Ибраева, «AMANAT» партиясының Бостандық аудандық филиалының төрағасы Тынышқали Сәбен, сондай-ақ Алматы қаласы мәслихатының депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Салтанат Серікова қатысты. Кездесуді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Дидарбек Ділдабек жүргізді.

Кездесу барысында мемлекеттегі конституциялық негіздерді жетілдіру, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын нығайту, орнықты даму мен экологиялық жауапкершілік мәселелері талқыланды. Азаматтық қоғам мен жастардың заманауи қоғамдық келісім моделін қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударылып, шешім қабылдау үдерістеріне қоғамдық қатысуды кеңейту қажеттігі атап өтілді.

Қатысушылар Халықтық Конституция ел азаматтарының мүддесін толыққанды бейнелеуі, экономикалық даму мен әлеуметтік қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуі, сондай-ақ мемлекеттік институттардың ашықтығы мен есептілігін күшейтуі тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, саяси күштер мен сарапшылар қауымдастығының елді жаңғырту жолындағы стратегиялық міндеттер төңірегінде топтасуының маңыздылығы айтылды.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар BIR TOLQYNDA платформасы аясында ашық диалогты жалғастыруға және кәсіби қауымдастықтармен өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екендерін білдірді. Аталған іс-шара қоғамда әділетті және прогрессивті конституциялық қағидаттарды қалыптастыруға деген жоғары сұраныстың бар екенін көрсетіп, конструктивті қоғамдық-саяси диалогты дамытудағы маңызды қадам болды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары