Дос КӨШIМ: ТIЛ ТУРАЛЫ БIЗДIҢ ӨЗ ЗАҢ ЖОБАМЫЗ БАР ОЛ – «МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫ

Дос КӨШIМ: ТIЛ ТУРАЛЫ БIЗДIҢ ӨЗ ЗАҢ ЖОБАМЫЗ БАР ОЛ – «МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫ

Дос КӨШIМ: ТIЛ ТУРАЛЫ БIЗДIҢ ӨЗ ЗАҢ ЖОБАМЫЗ БАР ОЛ – «МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫ
ашық дереккөзі
437

Кезiнде қабылданған ҚР-сы «Тiлдер туралы» Заңының кейбiр осал тұстарының байқала бастағанына да бiраз уақыт болды. Заңның осындай тұстарын пайдаланып жүрген электронды ақпарат құралдары негiзiнен түн жарымнан бастап қазақша хабарлар көрсетуге кiрiстi. Iшкi саясат та, сыртқы саясат та заңда көрсетiлгендей «ресми тiлде» сөйлеудi әдетке айналдырған. Бұл орайда «Тiлдер туралы» Заңды қайта қарау мәселесiн ұлт зиялылары да, ең бастысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қолдап отыр. Ал, таяуда ғана «Мемлекеттiк тiл туралы» Заң жобасын дайындап, көпшiлiк талқысына ұсынған «Ұлт тағдыры» қозғалысының мүшелерi ескi заңнан гөрi, жаңа заң жобасын қабылдау қажеттiгiн жөн деп отыр. Қозғалыс төрағасы Дос Көшiм аталған заң жобасының ерекшелiктерiн айтудан әңгiмесiн бастады.

– Бiрiншiден, Қазақстан Республикасының бұрынғы «Тiлдер туралы» Заңы — (1989ж., 1997 ж. қабылданған) нақты қостiлдiлiктi орнататын заң. Бұның iшiнде мемлекеттiк тiлдiң аты ғана бар да, заты жоқ. Нақты механизмi, жауапкершiлiгi жоқ. Қысқасы, бұл бiздi алдаған заң сияқты көрiндi: онда мемлекеттiк тiл бар да, сонымен қатар орыс тiлi – ресми тiл ретiнде мемлекеттiк тiлмен қатар қолданылады деген бiр сөз арқылы бәрiн де үстiнен сызып тастайды. Бiз жоспарымыз бойынша әуелi заң жобамызды дайындадық та, дөңгелек үстөлде сол жобаны талқылап, әрбiр азаматтың, ұйымдардың пiкiрлерiн бiлдiк. Бiздiң жобамыздың бiрiншi айырмашылығы атынан басталады. Аты – «Мемлекеттiк тiл туралы» Заң. «Тiлдер туралы» Заң емес. «Мемлекеттiк тiл туралы» Заңның аты, статусы, деңгейi солай нақтыланбаса, ол мүлдем бөлек заң сияқты көрiнедi. Бұл жерде орыс тiлi туралы бiрде-бiр сөз таба алмайсыз. Бұрынғы «Тiлдер туралы» Заңның өзiнде «диаспора» деген ұғым бар-тұғын. Бiздiң заң жобамыздың бiр бабында: «Қазақстандағы диаспоралардың барлығының тiлдерi бiрдей, ешқайсысына ерекше роль берiлмейдi», – дедiк. Орыс тiлi де – диаспора тiлдерiнiң бiрi. Бiз оған ешқандай артықшылық беруге тиiс емеспiз. Тек мемлекеттiк тiлдiң ғана статусы анықталуы керек.

Екiншi бiр ерекшелiгi мынада. Мен көптеген «Тiлдер туралы» заңдарды қарап шықтым. Бұл орайда ең бiрiншi бапта «Қазақстанда мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi» дегеннен кейiн басқа жердiң бәрiнде «қазақ тiлi» деген сөз болуы керек. Керiсiнше, «Тiлдер туралы» Заңда «Мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi» дейдi де, барлық жерлерде «мемлекеттiк тiл» деген терминдi ғана қолданады. Осының өзiнен де психологиялық тұрғыдан адамдарға қазақ тiлi жоқ сияқты көрiнедi емес пе?! Бiз өз жобамызда «қазақ тiлi» деген терминдi көп қолдандық. Үшiншi бiр ерекшелiгi, лауазымды адамдардың, мемлекет басшыларының, Парламент басшыларының және басқа да министрлiктердiң ресми хабарлары мiндеттi түрде мемлекеттiк тiлде жариялануы керек. Бұны бiз мiндеттi түрде кiргiздiк. Сонымен қоса, басқа да мемлекеттiк мекеме басшыларының, халықтың алдында берген ресми мәлiмдемелерi, конференциялары мемлекеттiк тiлде болуы тиiс. Егер оны аударып, басқа тiлде қосымша айтам десе, бұны олар өздерi бiледi. Бұған бiз ешқандай да шек қоймаймыз. Бiрақ ресми мәлiмдеме мемлекеттiк тiлде жасалуы керек.

Бiздiң заң жобамызда 18 бап бар. Сол 18 баптың iшiнде бәрi нақты көрсетiлген. Бұл жерде көрнекi тiлдер, көшедегi жазба тiлдерi, т.б. мәселелер де қозғалған. Қысқасы, бұл заңды әрбiр азаматтың қарап шыққаны дұрыс сияқты.

– Негiзi «Мемлекеттiк тiл туралы» Заң жобасы қанша уақытта дайындалды және оны кiмдер дайындады?

– Бiз ақпан айында соттасу процесiн бастадық деп баспасөз мәслихатын өткiзген уақытта «Ұлт тағдырының» жанынан комиссия құрылады деп қосымша хабарлағанбыз. Оған төрт адам мүше боп кiрген: саясаттанушы Болатхан Тайжан, Тiл академиясының жас маманы Бижомарт Қаналбеков, профессор Бақытжан Хасанов, «Ұлт тағдырынан» Болат Дүйсенбi және мен. Бiрақ Бақытжан Хасанов өз нұсқасын дайындаған едi. Бiз әлi оны қолымызға алған жоқпыз. Дегенмен де, бiзге тапсыруға уәде бердi. Қысқасы, бiз осы азаматтардың бәрiнiң басын бiрiктiрiп, өткен жолы дөңгелек үстөл өткiзiп, редакция да құрып жатырмыз. Бұл жерде айтарымыз, әркiм көңiлiне қарай оған қатыса алады. Бiзге талқылау кезiнде 15-ке жуық түрлi пiкiрлер түстi. Дайындаған жобамыздың кейбiр жерлерiн алып тастау мәселесi де айтылды. Қатты сындар да айтылды. Мен оған өте ризамын. Сол идеяларды бiз жинақтап, келесi айдың аяғына дейiн жарыққа шығарамыз ба деген ойымыз бар.

– Бұл заң жобасын жоғары жаққа ұсынуды да көздейсiз бе?

– Бiз заң жобасын дайындап бiткеннен кейiн баспасөз мәслихатын өткiзiп, ең алдымен, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа таратқымыз келедi. Мақсат – Қазақстанда осындай мәселенiң бар екендiгiн көрсету, соған халықтың атсалысуы арқылы көзқарас қалыптастыру. Екiншi мәселе – бiз заң жобасын депутаттарға ұсынып, бұл бастаманың Парламент қарауына жетуi үшiн де жұмыс жасаймыз.

– Елбасы өзiнiң соңғы сұхбатында «Тiлдер туралы» Заңды қайта қарау мәселесiн де айтыпты. Сiздiң ойыңызша, «Ұлт тағдырының» бастамасымен дүниеге келген «Мемлекеттiк тiл туралы» Заң жобасы заң ретiнде өтуi мүмкiн бе?

– Менiң естуiмше, осыған байланысты құрылған жұмыс комиссиясы Парламентте бар екен. Олар «Тiлдер туралы» Заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу үшiн атсалысып жатыр. Оған бiз де өз пiкiрiмiздi айтармыз. Бiрақ бiздiң комиссия аталған заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуден гөрi «Мемлекеттiк тiл туралы» Заңға деген қажеттiлiктi бар деп таптық. Сондықтан бiз өз ұсынысымызды жасаймыз. Өзiмiздiң заң жобамызды ұсынамыз. Ендi оның өту-өтпеуi сол депутаттарға серт. Олардың ұлтшылдығы мен қазақ тiлiнiң жағдайын түсiнуi, қазақ елiнiң болашағына алаңдауына ғана иек артамыз.

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары