УЫТТЫ СӨЗ БЕН ШЫНДЫҚТЫҢ ШӨГЕНI

УЫТТЫ СӨЗ БЕН ШЫНДЫҚТЫҢ ШӨГЕНI

УЫТТЫ СӨЗ БЕН ШЫНДЫҚТЫҢ ШӨГЕНI
ашық дереккөзі
415

“Күлкi-күштiлердiң қаруы” дептi қисынды ой мен терең пәлсафаның кемеңгерi. Ол — жәй қазан-ошақ қасындағы,досжар адамдардың арасындағы дарақы күлкi емес, көтерген әлеуметтiк жүгi ауыр, қоғамдық кеселдер мен дауасыз дерттердi ұшықтайтын салмақты күлкi, ащы әжуа, адамдар бойындағы иманнан аулақ келеңсiз қасиеттердi аямай әшкерелейтiн ащы мысқыл, тiптi, саяси астар табылатын, тәрбиелiк мәнi мол күлкi. Бiр кездерi ұлы Мұхтар Әуезов: “… Орынды сықақ, сатирасыз бiздiң әдебиет осы күнде күлмейтiн әдебиет тәрiзденедi. Кейде әзiлi, кейде зiлi кезектесiп отырмаса әдебиет өзiнiң тәттi, дәмдi қызығынан, ыстық лептi жалынынан айрылады”, – деп қамыққан ғой. Қазақ әдебиетi қазiр де шындап күлмейтiн, емен-жарқын күле алмайтын кембағал әдебиетке айналғанын жасырғанмен жан қалмайды. Бiрақ, сол күлкi туы босаңсыған әдебиетiмiздiң қисайған жағына тiрек, сетiнген тұсына керек боларлығы үшiн қазақ әдебиетiне күлкi маэстрi – Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың ұзақ жылдық еңбегi, уытты сөздерi, тозбас таланты мен жан-жағына шуақ шашқан жiбек күлкiсi, жаман мен жалғанды қасқайып бетке айтар шыншыл мiнез-құлқы жетпей жатыр-ау қазiр. Шындықпен бiрге қайнамаған дарын, халықтың жүрегiндегiнi жасырмай, именбей айтуға дәтi жетпеген уытты сөз де жетiм екен ғой. Қалағаң өз-өзiне көңiлi толып, әлденеге шын риза болғанда мұрын астынан:

“Жасымнан назым сөзге шебер едiм,

Өзiмнен шебер кiм?” деп кебер едiм.

Әр түрлi хикая мен дастандардың,

Ширатқан шым жiбектен көгенi едiм.

Тай түгiл, түйе етiне толмайтұғын,

Шаһналық шаммен қайнар шөген едiм,–

деп ыңылдайтын жөнi бар екен. Хас шебердiң орны толмастығы осы күнгi әдебиетiмiздiң жағдайынан жиi аңғарылады. Мiне, Қалағаң– абзал жан, қайталанбас қаламгер Қалтай Мұхамеджановтың пәни дүниеден өтiп, бақилық өмiрдiң құшағына енгенiне бұл күндерi бес жыл толып отыр. Қалағаңмен “Түркiстан” газетiнде ұзақ жылдар бiрге болып, жемiстi еңбек еткен қызметтес әрiптестерi, белгiлi аудармашы Әбiлмәжiн Жұмабаев пен ақын Сейфолла Оспан биылғы жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданының “Құрметтi азаматтары” атанды. Ал былтыр–2005 жылдың соңына таман Сейфолла Мiркемелұлы қазақ әдебиетiне ұзақ жылдар бойы сiңiрген еңбегi үшiн Қазақстан Республикасының “Құрмет” орденiмен марапатталған едi. Әрқашан өзгенiң, әсiресе, әрiптестерi мен достарының қуанышына шын жүректен шаттана бiлетiн кең жүректi Қалағаң арамызда болғанда жоғарыдағы сыйлы ағаларымыздың еңбектерi елеңгендерiне шын риза болары сөзсiз едi. Өкiнiшке қарай, асыл аға, заңғар дарын иесi Қалтай Мұхамеджановтың арамызда өзi жоқ, ұмытылмас сөзi, аңыз бен әфсанаға айналған ұмытылмас бейнесi жүректерде қалды. Сағынышы қалды. Таяуда “Атамұра” баспасынан ақын Сейфолла Оспан құрастырып, баспаға дайындаған “Қалтайдың қалжыңдары” атты жинақ жарық көрдi. Мұнда жинақталған әзiл-қалжыңдары оқырмандарымыздың көзайым қуанышы ғана емес, қазақ жұртшылығының аузында көптеп айтылып жүрген түрлi ұтқыр сөздерiн, уытты сатирасын жинақтауға, түптеп келгенде, Қалтайтануға қосылған сүбелi еңбектердiң алғашқы қарлығаштарының бiрi. Құрметтi ағаларымыз, бұрынғы әрiптестерiмiздi жоғарыдағы қуаныштарымен шын жүректен құттықтай отырып, осы кiтапқа енген, Әбiлмәжiн аға Жұмабаев жиған бiрқатар әзiл-қалжыңдар мен Қалағаңның ой-қағидаларының бiрсыпырасын “Түркiстан” газетi оқырмандарының назарына ұсынуды жөн санадық.

МАҒАН КЕРЕК НӘРСЕ ҚҰДАЙҒА ДА КЕРЕК ЕКЕН-АУ

Қалекеңнiң Ташкентте театр өнерi институтында оқып жүрген кезi болса керек. Жазғы демалыстан кейiн оқуын жалғастырмақ болады. Апамыз берген жол азығын есекке артып алып, Қалекең жолға шығады. Ауылдан ұзап кеткеннен кейiн алдынан кесе-көлденең бiр арық кездеседi. Әлгi жайпақтау болғасын онша сезiктенбей, есегiн кештiрiп өте шықпақшы болады. Бiрақ дүниеде есектен қырсық мал бар-ма. Қасақана жасағандай-ақ сүрiнiп кетiп, омақаса құлайды. Сөйтiп, үстiндегi жүк-мүгiмен суға бiр батып шығады. Оны тiзгiнiнен тартқыштап әзер тұрғызған Қалекең арық жағасына шыққасын қарса, азық-түлiгi суға бөгiп, былжырап кеткен екен дейдi. Бақырдағы май сумен араласып көлкiген. Бiрақ Қалекең саспайды. Әуелден-ақ пәлсапашыға тән байсалдылық Қалекеңде де болған ғой.

– Апырмай,ә. Маған керек нәрсе Құдайға да керек болғаны-ау, – деп сәл-пәл тұрады да: – Аңсарың ауса ала ғой! – деп әлгi азығын қабымен, қорытылған майын бақырашымен суға атып тастайды да, есегiн алдына салып iлгерi тарта бередi.

ПЛАСТИЛИН МҮЙIЗ ЕМЕС ҚОЙ

Сонау бiр жылдары Әуезов театрының сахнасына Қалекеңнiң ортан қолдай бiр сыйлы ағасының пьесасы қойылады. Соның қабылдар ойынына әдеби-театр жұртшылығы шақырылады. Спектакль көрсетiлiп бiткесiн, театр өнерiне жетiк небiр қасқа мен жайсаңдар директордың кабинетiне жиналады. Желiмауыз-жезтаңдай шешеңдер бiрiнен соң бiрi алма-кезек сөйлеп, спектакльдiң аяғын жерге тигiзбейдi. Бiраздан кейiн кезек Қалекеңе де келедi. Ол кез Қалекеңнiң арын-жалыны әлi басылмаған, аузынан от бүркiп жүрген жас шағы. Ә дегеннен пьесаны да, спектакльдi де дүркiретiп сынай жөнеледi. Және кең көсiлiп, еркiн сөйлеп кетедi де, жуыр маңда шалдырмайды. Соған шыдамай кеткен үлкен бiр оқымысты ағасы:

– Ат басын тартар кезiң болды, Қалтай шырақ. Мүйiзiң қарағайдай болып, бой берер түрiң жоқ қой тегi – деп басу айтады. Сонда Қалекең:

– Ау, иiнсiз жерде иiле салатын менiң мүйiзiм сiздiкiндей пластилин мүйiз емес қой, – дептi қолма-қол.

ӨЗIҢ ТОЙМАҒАНМЕН КӨЗIҢ ТОЯДЫ

Е, жарықтық кеңес өкiметiнiң тұсында бiз не көрiп, не бiлмедiк. Қайта құру жылдарының қызық-шыжығын да бастан өткердiк. Сондай көп шырғалаңның кезiнде Алматыда ет құрып кетедi. Арада апта өтедi. Ет жоқ. Өзге жұрт консервi, көкөнiстi талғажау етiп жатқанда, тәулiгiне тiсiне бiр рет ет тимесе тұра алмайтын қазақтар ет iздеп табанынан таусылды. Сондай күндердiң бiрiнде Қалағаңның “Н”. деген жолдасы кездесiп қалады да:

– Қалеке, еттi неғып жатырсың? – дейдi.

– Құдайға шүкiр, үйiмiзде ет бар. Ертелi-кеш қатын, бала-шағаларымызбен оны тоңазытқыштан аламыз да, бiр-бiр жалап, орнына салып қоямыз, – дейдi Қалекең шын көңiлден. Сосын жолдасына бұрылып тұрып:

– Ерiнбесең, сен де келiп жалап кет, – деп өз жөнiмен жүре бередi…

Содан бiрер орам өткеннен кейiн алдынан тағы бiр досы жолығысады. Жаңағы сауал тағы қайталанады. Мұндайда Қалағаң қиналған ба:

– Әлгi мың болғыр Хайдолла бар емес пе? “Қайнардың” директорын айтам… Со жолбарысың “Қазақтың ұлттық тағамдары” деген кiтап шығарыпты. Ғажап! lшi толған қазы мен қартаның суретi. Мен оқтын-оқтын қатын-балама соны көрсетемiн де, ендi осыған риза болыңдар деймiн. Әй, сен ет iздеп сабылғанша, соның бiреуiн сатып ал, өзiң тоймағанмен, көзiң тояды, – дейдi.

Ш-ДАН СӨЗ ҰРЛАҒАНША, СОҚЫРДАН КӨЗ ҰРЛАЙЫН

Алпысыншы жылдардың аяқ кезi, Орталық Комитетте қызмет iстеп жүргенмiн. Халыққа кең-танылған әзiл-сықақтың шеберi Ш. деген өзi майдангер ақын ағамыздан арыз келiп түстi. Сол кездерi бiрер актiлi шағын пьесаларға бәйгi жарияланып, соның қортындысы шығарылып, жазушы жұртшылығының бiр дүрлiгiп барып, ендi басыла берген кезi болатын. Әлгi арыз Қалекеңдi менiң пьсама жиендiк жасады деп айыптапты. Орталық Комитеттiң идеология бөлiмi меңгерушiсiнiң орынбасары Әнуарбек Шманов менiң көзiмше телефонмен Мәдениет министрлiгiнен Қалекеңдi шақырды.

Ол бiрден:

– Ана жаққа үстiмнен бiр дорба арыз түсiп едi. Шаңдатып, үлкен үйге де жеткен екен ғой, – деп әзiлдей кiрдi.

Әнекең қолына хатты ұстата қойды:

– Екеуiңiз де бiр майданның солдаттарысыздар. Қай жеңгенiңiз менiкi,–дедi әзiлiне әзiл жауаппен. Қалекең хатты үн-түнсiз оқып шықты да, оны конвертiне ұқыптап салып:

– Ш-дан сөз ұрлағанша, соқырдан көз ұрламайын ба? – дедi жайбарақат. Бiз күлкiге көмiлiп қалдық.

МАРКСТIҢ САҚАЛЫНЫҢ АРАСЫНДА АЛПЫС ЖЫЛ АДАСҚАННАН…

Мәдениет министрлiгiнде ме, әлде Киношылар одағында жүрген кезiнде ме, әйтеуiр бiр күнi Қалекең қызметке келсе (жалпы Қалағаң қызметке өте ерте келедi) кабинетiнiң алдында М.деген бiр жақсы танысы оны күтiп тұрады. Ол Қалағаңның iзiнше кiрсе, о кiсi төрдегi қабасақал көсемнiң портретiн жаңа көргендей қарап тұр екен. Танысы салған жерден:

– Қалеке, бiр пьеса жазып едiм. Со құрымағырдың финалы шықпай… сiзбен ақылдасайын деп келiп едiм, – деп кебiн бастай бергенде:

– Бауырым, мына Маркстiң сақалының арасында алпыс жыл адасып жүрген ағаң нендей ақыл берiп жарытады дейсiң, – дептi жай ғана бейтарап үнмен.

ҚАЛАҒАҢ АЙТҚАН ҚАҒИДАЛАР

МЕМЛЕКЕТ, ЭКОНОМИКА, ДIН, ТIЛ ТУРАЛЫ:

Әрине, талай тарихи кiтаптар жазылар, бiрақ ата-бабамыз ғасырлар бойы мойындаған Ислам дiнiн уағыздау – мемлекетiмiздiң iргесiн бекiтудегi үлкен бiр саласы. Өйткенi, қоғамдық сана дiн-дәстүрге байланысыты. Мемлекет – қоғамның шаңырағы. Шаңырақ шайқалмас үшiн, оның уығы–мемлекеттiк идеология, керегесi – қоғамдық яғни ұлттық идеология екенiн естен шығармауымыз керек.

* * *

Нарық экономикасы басталғалы сыртқы сауда не боп жатқанын қайдам, әзiр iшкi сауда оң қалта мен сол қалтаның арасында жүрiп жатқан сияқты. Ине шығармайтындар миллионер болып жатқанына қарағанда таңғалатын жәйттер көп. Кейде киiз шығатын жерден мүйiз, бәле шығатын жерден банк пайда болып жатқаны және бар.

* * *

Маркстiң замандасы, атақты канцлер Отто Бисмарк оның “Комманифесiн” оқығаннан кейiн “можно попытаться построить социализм, но нужно выбрать страну, которую не жалко” деген екен. Бисмарктiң осы пiкiрiн Ленин бiлмедi дегенге өз басым сенбеймiн.

* * *

Мекен-тұрағынан ауғанда да халықтың арқалап кетер жалғыз байлығы, қазынасы–тiлi. Тiлiнен айрылған халық адамзат тарихының кемесiнен, назарынан тыс қалады. Олай болса ол халықтың рухани қазынасының да, тарихының да ешкiмге керегi болмай қалады.

* * *

Ондаған коммерциялық телеканалдардың бағдарламасын жай ғана зерттеген адам мынадай шындыққа көз жеткiзедi: орыс тiлiнде жүретiн хабар көлемi 200 сағаттан астам болса, қазақ тiлiнде – 4 сағат. Бұл жерде тағы басқа не деп айтуға болады?!

* * *

Басқа халық маймылдан жаралған секiлдi, бiрақ қазақ сиырдан жаралған. Сиыр айдағанға көнбейдi, байлағанға көнедi және бұл халық сиырдың бүйрегiндей басы бiрiкпей тұрады.

* * *

Ислам дiнi өзiнен бұрынғы дiннiң ең құндылысы. Бiздiң ар тазалығымыз 7 қабатта. Ең төменгiсiнде кәпiрлер тұрады.

* * *

Халық тағдырын, халық болашағын ойлағанда өз басының эгоистiк мүдделерi мен жеке басының күйкi-күйтiн жеңе алмаған қайраткер–қанашама дарынды, қаншама батыл, қанашама шешiмдi болсын тарихтың, қоғамның алдында әумесер ақикөз авантюристке, халық алдында сатқын–садуанға айналады.

* * *

Теңiз тартылады, мекен өзгередi, қалалар қирайды, қорғандар құлайды, бiр құламайтын мәңгi қорған–халықтың тiлi.

* * *

Қай ұлт болмасын оның ұлттық келбетiн (менталитет) танытар үш қазық–тiлi, дәстүр дiнi. Бүкiл ұлттың рухани қазынасы осы үш бұтты ошақтың қазанында қанайды… Мәңгүртiктiң басы — өз немеремiзбен өзiмiз тiлмәш арқылы сөйлесетiн халге жеттiк.

* * *

… тарихқа да, саясатқа да сақ болған жөн. Осындайлардың ортасынан шыққан не ұлттық үлгiсi, не азаматтық нiшәнi белгiсiз кейбiр рухани кембағалдар “Қазақ әлi ұлт болып қалыптаспаған, әлi этнос қалпында” дегендi шығарып жүр.

* * *

Ал ендi патриотизм атты киелi ұғымның қай заманда да генераторы–идеология. Тиянақты идеологиясы жоқ мемлекет құбылнамасы жоқ кемемен бiрдей. Оның қай жарға барып соғарын бiр Алла бiледi. Менiмше, бiздiң Ата Заңымыздағы “Қазақстанда әр алуан түрлi идеология болады”,–деген бапты қайта қарау керек сияқты. Өйткенi, алуан түрлi патриотизм болмайды.

* * *

Идеология демекшi, мұның бiр өзектi саласы – дiн. Бiр кездерi немiстiң атақты философы Иммануил Кант: “Мораль и нравственность формирует религию” деген екен.

* * *

Дiн мен философия қатар келе жатқан сала. Философияның иесi – жеке адамдар болса, дiннiң иесi – қалың бұқара.

АДАЛДЫҚ, АРАМЗАЛЫҚ, АҚЫМАҚТЫҚ ТУРАЛЫ:

“Аяқтының бәрi адам емес, оқымағанның бәрi надан емес”.

* * *

Әр кiтап оқыған сайын, надандығымның бiр бетiн ашам.

* * *

Мен бiлетiн шексiз екi дүние бар: бiреуi–аспан, екiншiсi–ақымақтық. Басқасының бәрi өлшеулi.

* * *

Сауатты сөйлеу мен сауатты ойлаудың айырмасы аспан мен жердей.

* * *

Ақымаққа айтқан ақыл құлағында өледi, жүрегiне жетпейдi. (Булг.) Ақымаққа ақыл айту–соқырға айна тосқанмен бiрдей. (Миллер). Сократ: “Кого не бьют слова, того не будет бить и палка” дейдi.

* * *

Ежелден еңбек жүрген жерде ащы тер бар, ақиқат бар, адалдық, азаматтықтың алғашқы әлiппесi бар. Мұндайда айла мен арамзалықтың күнi қараң. Оның атаусыз кетер жолы да, жатар жерi де аяқ асты.

* * *

Адамның адамдығы да ар мен адалдық айнасының алдында өлшенедi. Зұлымдық пен арамзалықтың жер жастанар орны да сол айнаның алды.

* * *

Адамзаттың аса ұлы, қасиеттi кiтабының бiрi–Құранда тек әдiлдiк пен мейiрiмдiлiк, отбасы жөнiнде, қоғам мен мемлекет жөнiнде ғана айтылып қоймайды, онда ғылымның эмбриологиядан астрономияға дейiнгi салалары да әжептеуiр қамтылған.

* * *

Кешегi болып толып тұрған шағында өзге түгiлi өз итiне сүйек тастмайтындар табан астында қайырымды, мейiрiмдi бола қалыпты. Үлкендерi бұрынғы абырой атағын саудаға салса, жастары жанталасып жағаңнан алады. Бұларға жиналған миллиондаған халық қазынасының игiлiгiн кiм көрiп жатыр? Онымен әзiр ешкiмнiң iсi жоқ.

* * *

Кейде осындай опасыздыққа дем беретiн дастархан басында данышпан, көшеге шықса көсем, жиынға келсе шешен көрiнетiн сұмпайылар өз арамызда жоқ емес.

ӘДЕБИЕТ, ӨНЕР, МӘДЕНИЕТ ТУРАЛЫ:

Дүниежүзiлiк мәдениеттен алу бар да, дүниежүзiлiк мәдениетке беру бар. Алғаныңды жарасымды жолмен ойыңа өзек ете бiлу қандай қиын болса, оған ендi өз өрнегiңдi қосып қайта бере бiлу – бәрiнен қиын шаруа. Бере бiлгенде ғана –сен бүкiл адам баласының тарихи қозғалысының жалына жармасып, оның қазыналы көшiне өз керуенiңдi қосасың.

* * *

Өмiрге әр пенде құштар. Бiрақ талантты адамның өмiрге құштарлығы өзгеше болса керек. Ол ең алдымен суреткердiң өнерге деген адалдығы мен өзiне қояр қатал талабымен өлшенедi.

* * *

“Бiз бәрiмiз де Президент бола аламыз, Парламент мүшесi бола аламыз, бiрақ ешқашан өнер адамы бола алмаймыз. Өнер адамдары бiздiң емес, бiз өнер адамдарының қолынан сүюге мiндеттiмiз” демей ме Мұстафа Кемал Ататүрiк. Өнер адамдарына мемлекеттiк тұрғыдан жағдай жасалынса, одан мемлекет ұтылмайды. Рухани тозған мемлекет мешел баламен бiрдей.

* * *

Өнерде елiктеудiң баянды болмайтынын бәрiмiз де бiлемiз. Нағыз өнер адамына өзiн қайталаудың өзi қиын.

* * *

… Ол үшiн тарихты бiлу аз. Ғасырларға сапар шегу оңай емес. Өйткенi, сен өз заманыңның тарихқа жiберген өкiлiсiң. Заман талабы, оқырман ойынан шығарыңа сенбесең сапар шегiп керегi не? Алдар көсе мен сайтанның картоп еккенi сияқты түйнегiн түбiне қалдырып, тарихтың сояу сабағын арқалап келгеннен не абырой, не атақ.

* * *

Өнердiң классикалық қазынаға айналған озат үлгiлерiне уақыт оздырып барып қайта оралып отыру үлкен мәдениеттiң айнымас салтының бiрi. Адамзат ақылы қалдырған оқшау дүниелер тек қана эстетикалық нәр алып, көңiл көтерiп қызықтау үшiн ғана емес, негiзiнде әр ұрпақ, әр буынның тәрбие алып отырар ұстазы. Классикалық шығармалардың көңiлi соққанның құр тәуекелiне, жеңiсқұмардың жайдақ жамбасына, әуесқойлардың “әлiм келмейтiн несi барына” көне бермейтiн себебi де содан болса керек.

* * *

Саралап алып жарастыра бiлсек, халық қазынасы – таусылмас кеннiң көзi ғой. Сол асыл мүлiктердi iске асыра бiлуде бiздiң композиторларымыз бен жазушыларымыз жұртшылыққа әлi де үлкен борышкер. Тек қана “Қыз Жiбек” операсында – 48; “Жалбыр” операсында – 45; “Ер Тарғын” операсында – 75-тен астам қазақтың байырғы әнi мен күйi пайдаланылуы халық қазынасының ұшан-теңiз екендiгiнiң айғағы емес пе?!

* * *

Менiңше қандай бiр жазушы болмасын, қай тақырыпқа жазса да ол өзi өмiр кешiп отырған заманның идеясымен, мүддесiмен, мұқтажымен қарайды.

Идеясының рухында өз заманының мүддесiн көздеп, мұқтажын iздейдi. Тақырып атаулыны жiктеп, жiлiктеп жазу әдебиеттегi шартты ұғым болса керек. Қазiргi қазақ әдебиетi негiзi аға буын, орта, бала буындардың тарихи тақырыпқа молырақ көңiл бөлуi, әрбiр әдебиеттiң кемелдену кезеңiндегi құбылыс (әсiресе, кеш оянған әдебиетке тән).

* * *

Кейде шабыттан гөрi, табыт көп елестейдi.

* * *

Арам ойыңды жасырам десең, бетiңе арсыз күлкi ойнат.

* * *

Түнде перде жамылсаң, күндiз қай тесiкке кiресiң.

* * *

Драма рождается там, где идеал сталкивается с действительностью. Естественно действительность отстает от идеала.

* * *

Истина рождается как ересь, а умирает как предрассудок.

* * *

Ұлылықтың нышанын ұлы адамдар ғана дәл тануы мүмкiн. Көбiмiздiң өремiздiң төмендiгi белгiлi. Көп оқудан айрыла бастадық. Онда қалай жетiлемiз. Соны елемеудi бұрын аңдаған француздар емес, басқа да емес, қазақ әдебиетi болды. Тек, келсаптан қазық шығара алмайтын “шеберлiк” пен кездiктен қанжар соғам деген “зергерлiктен” сақтасын.

* * *

Сол сияқты бұрын өткен биiктердiң еңбегiн бiлмей тұрып, осыны менен бұрын ешкiм айтқан жоқ деу өркөкiрек оспадарсыздықтан гөрi сауатсыздыққа саяды. Бiр кездерi Гейне: “Первый, кто сравнил женщину с цветком был великим поэтом, а кто сделал вторым был обыкновенным болваном”, – деген екен.

* * *

Сана сәулесiн нұрландыра парасат-парқын тану – бiлiм мен талантты тоғыстырады. Қиялға қанат, талапқа топшы бiтiредi. Ұшқынның жалынмен шарпысы дарынның дауылын үйiредi.

* * *

Күлкiсiнiң көркiн келемеж қылжақтан, әзiлдiң ажарын әдепсiз әжуадан iздеу талғам таразысының жеңiлдiгiне саяды. Әзiл әдептi, мысқылы мәндi болса ғана сатира сыпайлық қалып тауып, қуатты күшiне еңбек.

* * *

Өмiрге әр пенде құштар. Бiрақ талантты адамның өмiрге құштарлығы өзгеше болса керек. Ол ең алдымен суреткерлiк өнерге деген адалдығы мен өзiн қояр қатал талабымен өлшенедi.

* * *

Қазiр драма театрларында басты рөлде актер емес, световой эффект, эстрадалық музыка, қысқасы станоктар ойнайды. Шығарманың сүйектiлiгiн сонымен жабады.

* * *

Абай екi жүйрiктi кезек мiнiп (шығыс, батыс), сөйтiп қазақ әдебиетiн үшiншi етiп, көсем сөйлеп Еуропаның шынайы құрметiне қазақтың тума жемiсiн жеткiзiп, поэзиясының бағы болды.

* * *

Шығарма кейiпкерлерi үйге есiк қағып кiрушi едi. Қазiргi прозаның әлеуметтiк, психологиялық, философиялық өредегi кейiпкерлерi оқырман есiгiн қағуға тырыспайды.

Дайындаған Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары