МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ
ашық дереккөзі
187

Бұған дейiнгi бiр-екi мақаламызда Қазақстан интернет кеңiстiгiндегi, оның iшiнде ресми сайттардағы мемлекеттiк тiлдiң жағдайына шолу жасаған болатынбыз («Түркiстан», «Мемлекеттiк тiл: Интернетте, Парламентте және сотта» (21 көкек, 2005 жыл) және «Мемлекеттiк тiл: қазақи интернет кеңiстiгiнде» (5 мамыр, 2005 жыл) мақалалары). Бұдан берi бiраз уақыт өттi. Сол сыннан нәтиже шығатындай мерзiм болды. Оның үстiне, Үкiметiмiз «электронды» қалыбын кесiп-пiшiп, бойына шақтап киюге күрт дайындалып жатыр.

Мәжiлiс депутаты Мұхтар Шаханов 12 сәуiрде жолдаған депутаттық мәлiмдемесiн «Электронды үкiмет» мәселесiне арнаған болатын.

2004 жылы «Электрондық үкiметтi қалыптастырудың мемлекеттiк бағдарламасы» қабылданды. Бұл шараны iске асыруға арналған үш жылдық бағдарламаға Үкiмет 51,9 миллиард теңге бөлiп отыр. Мұхтар Шаханов осы қаржы қалай жұмсалып жатыр деген мәселе бойынша бiраз сұрау салып, мемлекеттiк тiлге бөлiнген қамқорлықты байқай алмағанын айтады.

Қаржыны игеру мәселесiн былай қойғанда, әр министрлiктiң жеке сайтының қазақ тiлiнде сөйлеуi – ең әуелi мемлекеттiк органдардың өз мүддесi болуы шарт. Себебi қазiрдiң өзiнде барлық министрлiктердiң дерлiк өз сайттары бар. Олар бiрнеше жылдан берi орыс тiлiнде, iшiнара кейбiрi ғана қосымша мемлекеттiк тiлде халыққа қызмет көрсетiп келедi. Ал бұл мәселеге «электронды үкiметтi қалыптастыру бағдарламасынан» қаржы бөлудi күтудiң қандай қажеттiлiгi бар? Себебi орыс және ағылшын тiлiндегi сайттарды жасауда министрлiктер мемлекеттiк бюджеттен арнайы ақша бөлудi қажет еткен жоқ қой?

Сөзiмiздiң дәлелi ретiнде, осыдан бiр жылдай уақыт бұрын жасалған шолуымызға көз жүгiртелiк. Әдiлдiк үшiн былтырғы шолуымыз бен биылғы жағдайды салыстырайық.

Қазақстандағы атқарушы билiктiң ең лауазымды тұлғасы, Конституцияның кепiлi – Президент сайты бiр жылдан берi атын өзгертiп, сапасын да жақсартқан. Былтыр www.president.kz сайты тек орысша және ағылшын тiлдерiнде ғана ақпарат бере алатын. Ендi www.akorda.kz деп аталған сайт қазақша парағын ашыпты. Әуелгi орысша парақша ашылғандықтан, осы беттегi қазақша сiлтемесiн басамыз. Республика өмiрiнен соңғы жаңалықтар, Елбасының құттықтау сөздерi, жолдаулары, фотосуреттер т.б. алуан түрлi мәлiметтер бар. Елбасының сөйлеген сөздерiнде Президенттiң Бесiншi медиа-форму қатысушыларына жолдаған сәлемiнiң мәтiнi тұр. Яғни, сайт дер кезiнде жаңартылып, мәлiметтер уақытылы толықтырылып отырады деген сөз.

www.government.kz – Үкiметтiң ресми сайты. Былтырғы шолуымызда бұл сайт сыналмапты, себебi мұнда қазақша парақшадан жан-жақты жаңалықтарды дер кезiнде оқып-бiлуге болады.

Биылғы жаңалық – Үкiметтiң ресми сайтынан бөлек «Электронды үкiмет порталы» – www.e.gov.kz жұмыс iстей бастаған. Қазақ, орыс, ағылшын тiлдерiнде мәлiмет бередi. Портал төрт iрi айдардан тұрады: билiк, азаматтар, бизнес, шетелдiктер. Азаматтар айдарынан өмiрлiк цикл айдары бойынша балалық шақ тақырыпшасын таңдаймыз. Мұнда баланың туылуын тiркеу туралы, баланың туу туралы куәлiгiн алу туралы, нәресте жәрдемақысын алу үшiн керектi анықтама, т.б. маңызды мәлiметтер бар екен. Жалпы, порталдың жасалу сапасына сын жоқ, қазақшасы жатық, тiлi ұғынықты, анықтамалар қысқа да нұсқа. Бiрақ бiр кемшiлiк – iздеу функциясы орысша.

www.minfin.kz – Қаржы министрлiгiнiң сайты бiрден қазақша ашылды. Қажет болса, әрi қарай орысша және ағылшынша парақшаларға сiлтемелер бар.

www.minplan.kz – Экономика және бюджеттi жоспарлау министрлiгi сайтының қазақшасының жағдайы былтыр жетiм баланың күйiндей болатын. Биыл да жағдай онша жақсара қоймаған сияқты. Әйтеуiр, орысша «сайрап» тұрған сайттың қазақша сiлтемесi, неге екенi белгiсiз, мүлдем ашылмай қойды. Әлде жұмыс iстемей ме, түсiнiксiз.

www.minzdrav.kz – Денсаулық сақтау министрлiгi бiр жыл бұрынғы «таз» қалпынан өзгере қоймапты, анығын айтқанда, басқа мекемелер мемлекеттiк тiлге көшуге талпыныс жасап жатқанда, ол сайттың затын ғана емес (заты онсыз да орысша), атын да орысшалап «дәрiден» (www.dari.kz) «минздравқа» ауыстырыпты. Атына заты «сай», тұтасымен орысша, қазақшаны емге таппайсыз.

www.mfa.kz – Сыртқы iстер министрлiгiнiң сайты былтыр да онша сынға ұшырай қоймаған, қазақшасы тәп-тәуiр.

www.mod.kz – Қорғаныс министрлiгiнiң сайты да үш тiлде жұмыс iстейдi. Қазақша парақшадағы сол жақтағы бағананың айдарларына көз жүгiртелiк. Басқару, әскерге шақыру, әскери бiлiм, баспасөз қызметi, послание президента (?!), сұрақ-жауап, iздеу, форум. Әскерге шақыру айдарын басып, ешқандай мәлiмет ала алмадық. Форум орысша, Президенттiң Жолдауы да ашылмады. Жалпы, сайтта техникалық қателiктер жеткiлiктi, әлi де өңдеудi, жетiлдiре түсудi қажет етедi. Ал қазақша парақшаны тек көз алдау үшiн ашып қойғандай көрiндi.

www.edu.gov.kz – Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң сайтында қазақшаға орысша парақша арқылы «өтесiз». Онда да қазақша мағлұмат алу техникалық қиындық тудырады екен. Мысал үшiн «Талапкер-2006» айдарынан қажеттi мәлiметтер алу уақыт жағынан алғанда мүмкiн болмады. Интернетте орысша мәлiмет самсап тұрғанда, қазақ баласының «мұның қазақшасы қашан ашылады» деп күтiп отыру маңдайына жазылған «бақыт» па? Сондай-ақ конкурстар, хабарландырулар айдарындағы кей мәлiметтердiң қазақша әрiптерi оқылмайды. Ал конкурстар тақырыбында берiлген мәлiметтер ескi, мысалы «Италия үкiметiнiң стипендиясы» 2004-2005 жж. арналған.

www.nature.kz – Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң сайты былтыр бастан-аяқ орысша болатын, бұл жолы ашылмады.

www.minagri.kz – Ауылшаруашылық министрлiгiнiң сайты әу бастан ағылшыншаға «жүйрiк», қазақшадан «мақұрым» болатын. Әлi де сол «жартас».

www.mtk.gov.kz/kz – Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң сайты былтырғыдан берi бiраз түзелiптi, қазақша парақшасы орысшасынан бөлек жұмыс iстеп тұр.

www.minjust.kz – Әдiлет министрлiгiнiң қазақшасы Оңалсын Жұмабековтiң кезiнде де тәп-тәуiр болатын. Ал жаңа министр З.Балиеваның жеке парағы деген сiлтеменi басып, министрдiң өмiрбаяны туралы орысша ақпаратқа тап болдық.

www.enbek.kz – Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң басқы бетi орысша, «қазақша» деген сiлтеменi басамыз. Сайттың 30-40 пайызы орысша.

www.mvd.kz – Iшкi iстер министрлiгi сайтының қазақша әрiптерi ашылмады.

www.mit.kz – Индустрия және сауда министрлiгiнiң сайты биыл ғана ашылды, қазақша парағы әлi техникалық тұрғыда жетiлдiрiлмеген. Мысалы, қазақша парақтағы сол жақ бағанадағы айдарлардың аты ғана қазақша, ал жаңалықтарының қазақша әрiптерi оқылмайды.

www.stat.kz – Статистика жөнiндегi агенттiктiң сайтының қазақшасы бұрыннан жақсы.

www.regulator.kz – Табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнiң де сайты орысша ашылды. Дегенмен, қазақша парақшасы жақсы жұмыс iстейдi. Соңғы жаңалықтар, заңдарды мемлекеттiк тiлде оқуға мүмкiндiк бар.

www.zher.kz – Жер ресурстарын басқару жөнiндегi агенттiктiң де сайты орысша ашылғанымен, қазақша парағынан соңғы жаңалықтарды, нормативтi актiлердi оқуға болды.

www.kaec.kz – Атом энергетика жөнiндегi комитетiнiң сайты тұтасымен орысша, қазақшаның иiсi де сезiлмейдi.

www.goszakup.kz – Қаржы бақылау және мемлекеттiк сатып алу комитетiнiң сайты орысша, қазақшасы ашылмады.

www.nalog.kz – Салық комитетiнiң сайты ашылмады.

www.customs.kz – Кеден комитетiнiң қазақша парақшасы жақсы жұмыс iстегенiмен, уақтылы жаңартылып отырмайды. Орысша парақшасында 2005 жылдың сәуiр айында болған жаңалық берiлсе, қазақша парақшасында 2004 жылғы сәуiр айындағы оқиға туралы хабарланады.

www.finpol.kz – Қаржы полициясының сайты да тек орысша.

www.kazarchives.kz – Ақпарат және мұрағаттар комитетi де қазақшаға «шорқақ» сияқты.

www.memst.kz – Техникалық реттеу және метрология комитетiнiң «қазақшасы» осы деңгейде.

www.intellkaz.kz – Интеллектуалды жекеменшiк құқығы жөнiндегi комитеттiң де «қазақшасы» мәз емес.

www.afn.kz – Қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын бақылау және реттеу агенттiгi сайтының басқы бетi орысша болғанымен, қазақша парағы да осал емес. Жаңалықтары уақтылы жаңартылып тұрады, сондай-ақ заң мәтiндерiн де мемлекеттiк тiлде оқуға мүмкiндiк бар.

Интернетiңiздiң «қазақшасы» осындай. Ресми сайттар болмаса, бейресми, коммерциялық құрылымдардың электронды қазақшаны дамытуға мүдделi болуы екiталай. Сондықтан, электронды үкiмет жобасын толықтай жүзеге асырмай тұрып, мемлекеттiк тiлдi қағажу қалдырмауды Тiл комитетiнiң жiтi қадағалауын сұраймыз.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары