СТАНИСЛАВ Шушкевич: “ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ РЕТIНДЕ ЕШҚАНДАЙ ЖЕҢIЛДIКТЕР ПАЙДАЛАНБАЙМЫН”

СТАНИСЛАВ Шушкевич: “ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ РЕТIНДЕ ЕШҚАНДАЙ ЖЕҢIЛДIКТЕР ПАЙДАЛАНБАЙМЫН”

СТАНИСЛАВ Шушкевич: “ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ РЕТIНДЕ ЕШҚАНДАЙ ЖЕҢIЛДIКТЕР ПАЙДАЛАНБАЙМЫН”
ашық дереккөзі
487

— “Беловежская пуща” деген атпен тарихта қалған оңаша бас қосуда КСРО тағдырын шешкен үшеудiң бiрi екенiңiздi бiлемiз. Сол iс-әрекетiңiзге бүгiнгi күн тұрғысынан қандай баға бересiз?

— Шынымды айтсам, он жылдан берi Беларусь баспасөзiнiң бетiнде менiң атыма ауыр сөздер мен айыптаулар жиi тағылуда. Әсiресе асарын асап, жасарын жасаған, қалыптасқан қасаң көзқарасы бар қарт адамдар жетпiс жыл үстемдiк еткен қызыл империяны күйретуге атсалысқанымды кешiре алмайды. Бәлкiм, Борис Ельцин үшiн Михаил Горбачевтан құтылудың жалғыз жолы КСРО-ны тарату болған шығар. Алайда, сол әйгiлi кездесу болмаса, КСРО құрсауындағы он бес одақтас республикалардың өз алдына ел боп еркiндiк алуы неғайбыл едi деп ойлаймын. Бертiн келе, Украинаның бұрынғы президентi Кравчук мырзаның не себептен баспасөзге осынау тарихи оқиғаға қатысқанына өкiнiп, қынжылыс бiлдiргенiне таңым бар.

— Украина демекшi, болған “қызғылт сары” төңкерiс туралы қандай пiкiрдесiз?

— Сол тарихи оқиға кезiнде билiк иелерi 70 мың әскери адамға оқ-дәрi таратып бергенiмен, олардың саяси көзқарастарын бiлдiрiп, алаңға шыққан өз халқына қарсы қару көтеруден бас тартып, қалың көпшiлiктi қолдағаны маған ерекше ұнады. Көршiлес Украина мемлекетiнде “қызғылт сары” төңкерiстен кейiн болып жатқан жағдайларды жалғыз мен ғана емес, озық ойлы адамдардың бәрi жiтi қадағалап отырғаны анық. Тәуелсiз Украинада демократиялық қатынастар ойдағыдай қалыптасып, елдiң экономикасы да, еңсесi де көтерiлуiне шын көңiлден тiлектеспiн. Өйткенi, егер олардың әлеуметтiк жағдайы жақсармаса, демократиялық жолға түсе қоймаған бiздiң Беларусь Республикасы сияқты ТМД құрамындағы елдердегi саяси партиялардың белсендiлiгi басылып, ерiк-жiгерi жасып қалар едi.

— Қазiргi кезде Беларусь мемлекетiндегi оппозицияның жағдайы қалай?

— Шыны керек, бiзде ауыз толтырып айта қоярлықтай, дұрыс оппозиция бар деп айту қиын. Парламентте бiрде-бiр оппозициялық саяси партияның өкiлi жоқ. Тәуелсiз оппозицияның басылымдарын жарық күнде шам алып таба алмайсыз. Беларусь республикасындағы ең танымал, мемлекеттiк емес жалғыз “Народная воля” газетiнiң үстiнен сылтау тауып, қылмыстық iс қозғауда, редакция қазiр жабылудың аз-ақ алдында. “Красная звезда” баспаханасы мен Минск қалалық “Союзпечать” ұйымы осы газеттi басу және тарату жөнiндегi келiсiм-шарттарынан бас тартты.

Саяси жүйеге жасаған мультфильмдерге де таяуда тиым салынды. Оның авторлары үстiнен Минск қалалық прокуратурасы “Президентке жала жапқаны үшiн” деген айып тағып, қылмыстық iс қозғады. Әдетте заң бойынша ондай айып тағылғандарды 5 жылға дейiн түрмеге отырғызады. Мен Беларусь социал-демократиялық Грамадасының басшысы ретiнде қазан айының 1-2 күндерi Минскiде өткен бiрiккен оппозициялық күштердiң бас қосуына, Беларусь демократиялық күштерiнiң бас қосуына, Белорус демократиялық күштерiнiң Конгресiне қатыстым. Оған 200-ден астам демократиялық ұйымдардан 800 делегат келдi. Өз ортамыздан президентiкке үмiткер ретiнде тәуелсiз қоғам қайраткерi Александр Миленкевичтi шығаруды ұйғардық. Тәуелсiз сарапшылардың жасаған мониторингi бойынша, одан гөрi, халыққа танымалдық жөнiнен менiң көрсеткiшiм жоғары: 80 пайыз. Халықтың 20 пайызы менi қолдағанымен, 47 пайызы менi жақтырмайды екен. (Қанша жылдан берi баспасөздiң менi жамандауы текке кетсiн бе?!)

Күшпен қуып таратылған, рұқсат етiлмеген сол бас қосуға қатысқаным үшiн маған аса үлкен мөлшереде айыппұл салу туралы билiктегiлер шешiм шығарған. Не себеп болғанын бiлмеймiн, артынша оның күшi жойылды. Әйтпесе, “Айыппұлдарыңызды зейнетақымнан ұстаңыздар”, — деп өтiнiш жазғалы отырған едiм өзiм де…

— Зейнетақы жайлы айтып қалдыңыз, егер құпия болмаса, тәуелсiз Беларусь мемлекетiнiң тұңғыш президентi ретiнде қандай жеңiлдiктер пайдаланатыныңызды бiлуге бола ма?

— Баспасөздiң жазуына қарағанда, заң жүзiнде маған тиесiлi жеңiлдiктер аз емес көрiнедi. Алайда, мен Беларусь мемлекетiнiң тұңғыш президентi ретiнде ешқандай жеңiлдiктердi пайдаланбаймын Өмiр бойы педагог болып зейнеткерлiкке шыққан қайын енем өзiнiң зейнетақысын алуға барғанда, менiң де зейнетақымды ала салады. Болар-болмас ақшаға бола уақытымды кетiрмейiн деп, сол кiсiнiң атына сенiмхат жазып бергем. Ай сайын мiндеттi түрде мұқият алып тұрады.

Заря ЖҰМАНОВА

Серіктес жаңалықтары