29 Наурыз 2018, 13:13 1151 0 Әдебиет Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Жұрт көңілін аударған «Кардеш калемлер»

«Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынастарына – 25 жыл» мерейтойлық медалінің иегері, жазушы Якуп Омароғлы төрағалық ететін Еуразия Жазушылар қауымдастығына қарасты «Кардеш калемлер» журналы қазақ әдебиеті мен мәдениетіне ұдайы көңіл бөліп келеді. Журналдың кезекті саны Алаш қозғалысының қайраткері, көрнекті ақын, публицист Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналды.

Редакция алқасы Халықаралық Түркі академиясы мен ТҮРКСОЙ ұйымы жариялаған «Мағжан Жұмабаев жылына» өз үлестерін осылайша қосуды жөн санапты. Сондай-ақ, «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – Ер түріктің бесігі ғой» деп өз  өлеңдерінде түркі тақырыбын ту еткен  ақынның  ату жазасына кесілгеніне 80 жыл толғанын да еске салған.

Алғашқы беттерге «Кардеш калемлер» журналының бас редакторы, түрік жұртының танымал ақыны Әли Акбаш аударған Мағжан Жұмабаевтың өлеңдер топтамасы берілген. Ары қарай ақынның ғылыми мұралары мен мақалалары, сондай-ақ, әр жылдары табылған қолжазбалары мен өзі тұтынған жәдігерлері орын алған.

Ұлыстың ұлы күніне орайластырылған Мағжан Жұмабаевтың «Әр халықтың өзінше жаңа жылы, жыл басы болады. Қай уақытта, қай халықта болса да жаңа жыл сол халықтың, сол уақыттың шаруа жағдайына қарай белгіленген. Европа жұрттарының бір жерінде жаңа жыл 1 январь, бір жерінде – 1 сентябрь, тағы осындайлар. Азияда жаңа жыл – жазғытұрым, қазақ елінде – марттың 22-сі. Қай елдің жаңа жылын алсақ та, негізінде шаруашылық жағдай болады. Дін әсері жаңа жылдарда аз, жоқтың қасы болса, қу молдалардың мал табу үшін жалған қондырмасы. Қазақ жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны ел бір-бірімен көрісіп: «Жасың құтты болсын!» дейді. Жаңа жыл күні қазақ күн райына қарай алдағы жазды рақатты, рақатсыз болады деп болжау жасайды. Қар тез кете ме, жаз жылдам бола ма деп болжау жасайды. Жаңа жыл күні қазақ əдетінше əр үйде қазан-қазан көже пісіріледі» деген тағылымдық мақаласы да енген. Сонымен қатар, Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуп Омароғлының, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің, әдебиеттанушы-ғалымдар Кемел Оспанов, Ферхат Тамир, Айгүл Ісмақова, Жарасбай Сүлейменов, Орхан Сөйлемез, Сәуле Мәлікова, Серікқазы Қорабай, Зарқын Тайшыбай, Қайырбек Кемеңгер, Ербол Тілешов және басқалардың зерттеу еңбектері топтастырылған. Анкара қаласында Мағжан Жұмабаевтың 125 жасқа толуына орай Гази университетінде өткен халықаралық конференция барысынан да мәліметтер келтірілген.

Соңғы жаңалықтар