Үміт гүлін үзбеңіз!

Үміт гүлін үзбеңіз!

Үміт гүлін үзбеңіз!
ашық дереккөзі
Биылғы  қатаң  қыстың  ызғарынан  бойымыз әлі  де  жылына алмай  жүргенде,  қырат бойынан бүр жарған бәйшешектерді  көріп, жаныңа  жылу  нәрі  тарағандай  сезімде  боласың.  Жұлып алып,  иіскегің келеді.  Бірақ жұлуға рұқсат жоқ. Заңмен  қудаланасың. ҚР Қылмыстық Кодексінің 290-бабына сәйкес Қызыл кітапқа енген өсімдікті жұлғандар 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, дүние-мүлкі тәркіленеді. ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 31 мамырдағы №441 қаулысына  сәйкес, ҚР-ның Қызыл кітабына енген өсімдіктерді зақымдағаны немесе жойғаны үшін 0,5 АЕК немесе 1202,5 теңге айыппұл салынады. Наурыз айы мерекеге толы. Ал мерекенің басты көркі гүл екені бегілі. Ерте бүршік жаратын бәйшешектер той-думанның құрбанына айналып үлгерді. Аналар мерекесінде бір шоғын 200-500 теңгеге бағалап саудаға салған алыпсатарлар әр бұрышта самсап тұрды. Бәйшешекті сатқандармен қоса сатып алғандар да заң бұзушы болып есептелінеді. Тұқымы сиреп бара жатқан бұл өсімдікті мамандар 2006 жылдан бастап «Қызыл кітапқа» енгізген. Бәйшешек немесе Галантус (латынша Galanthus) – көпжылдық құртқашаштылар тұқымдасына жататын тамыр түйнекті өсімдіктер. Латын тілінен аударғанда бәйшешек (галантус) сөзі «сүтті өсімдік» деген мағына береді. Бүгінде ғылымға бәйшешектің 18-ге жуық түрі және екі будандастық түрі белгілі. Бұрынғы Кеңес Одағы аймағында 12 түрі өскен екен. Дүние жүзі бойынша бәйшешектің 80-ге жуық түрі бар деп есептелінеді. Оның ең сирек кездесетін түрлері Орта және Оңтүстік Еуропада, Қырым, Кавказ жерлерінде, Кіші Азия аумағында кең таралған. Бәйшешек елімізде Жоңғар Алатауы, Тянь-Шань тауының солтүстік және батыс етектерінде, яғни Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында өседі. Ақпан айының аяғынан мамырға дейін гүлдейді. Бәйшешек те басқа пиязшықты ерте көктем гүлдері секілді өзіне көп назар аударуды қажет етпейді. Олар жартылай көлеңкелі жерді қалайды, бір орнында ұзақ жылдар бойы өседі, қысқа көмуді қажет етпейді. Өте жылдам көбейеді және бірнеше жылда өте көп әрі әдемі гүлденген аралдар тәрізді шоғырланып өседі. Дегенмен осылай жылдам көбейетін әрі аса күтімді қажет етпейтін дала өсімдігінің бұл қасиеті де оның көбеюіне көмек бере алмай отыр. Оған себеп ерте гүлдеп, көзге бірінші түсетіндігінде. Кейбір адамдар «бәйшешекті тамырымен (пиязшығымен) жұлған жоқпын, орнына қайта шығады ғой» деген жаңсақ түсінікте болады. Ғалымдардың айтуынша, бәйшешек тек тұқымы арқылы ғана көбейеді. Ал жұлынған бәйшешектің тамыры кеуіп, қурап, тұқым шашып үлгермейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы қаласының тау бөктерлерінде көптеп өсіп тұратын бәйшешектер адамдардың зиян келтіріп, жер телімдерін құрылысқа, шаруашылық мақсатқа қолдануы кесірінен саны мүлдем азайып кеткен. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында еліміздегі көптеген табиғат қорғау ұйымдары мен табиғи парк басшылықтары жыл сайын Қызыл кітапқа енген дала өсімдіктерін қорғау мақсатында рейдтер жүргізіп келеді. Биыл да еліміздегі ірі табиғи парктердің бірі – Іле-Алатау МҰТП-нің бас директоры Д.Н. Малгелдиевтің наурыздан маусым айына дейін «Көктемнің алғашқы гүлдерін қорғау» мақсатында шығарылған бұйрығымен, барлық мемлекеттік инспекторлар парк аумағында өсетін Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктерді заңсыз жинаушыларға қатаң қадағалауды күшейтті. Парк қызметкерлері парк аумағына келген демалушыларға «Алғашқы көктем гүлдерін жұлмау» туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, арнайы рейдтер жасайды, өткізу бекеттерінде толық тексерістер жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, қазақстандық «Жасыл құтқару» экологиялық ұйымы да бәйшешекті жұлмауға, сатпауға, сатып алмауға шақырып, халыққа насихат жүргізумен әуре. Бәйшешектің елімізде ғана емес, көршілес ТМД елдерінде де құрып кету қаупі сейілмей тұр. Мысалы, Тәжікстанның экологиялық милициясы бәйшешекті заңсыз теріп, сатқаны үшін үш азаматқа қарсы іс қозғаған. Олар «жоғалып бара жатқан өсімдіктерді жоймақ болды» деп айыпталды. Тәжікстанда сияхгуш немесе бәйшешек ақпан айының ортасында пайда болады. Бұл көктемнің жақындағанын білдіреді. Кейбір тұрғындар дала гүлін жұлып, базарларда немесе көшелерде сатады. Экология милициясы қызметкерлерінің айтуынша, бәйшешекті бизнеске айналдырушылар саны жылдан жылға көбейген. Олар үш тал бәйшешекті 5 сомониға сатады. Сияхгуш немесе бәйшешек Тәжікстанда жоғалып бара жатқан дала өсімдігі ретінде Қызыл кітапқа енгізілген. Гүлді заңсыз жұлғандарға 500-ден 5 мың сомониға дейін айыппұл салынады. Бәйшешек көне ғасырларда-ақ емдік мақсаттарда пайдаланылған, мысалы қою шырышты бәсеңдету, сондай-ақ іш жүргізетін және несеп айдаушы дәрі ретінде қолданылды. Сонымен қатар Воронов бәйшешегі медицинада дәрілік гүл ретінде мойындалғанымен, халық медицинасында қолдануға болмайды. Өйткені ол – улы өсімдік. Оны шай ретінде демдеп ішпек түгілі, иіскеуге болмайды! Кейбір бәйшешектің пиязшықтарын кәдімгі тұрмыстық пиязға ұқсатып пайдаланған адамдар уланып қалуы мүмкін. Егер де көп мөлшерде пайдаланған болса, жүрегі көтеріліп құсу, іш өту, шаштың түсуі, қан айналымының бұзылуы және бүйрек ауруына әкеліп соқтырады. Сондықтан бәйшешектен жасалған дәрі-дәрмектер дәріханадан дәрігердің нұсқауымен беріледі және оны пайдалану қатаң қадағаланады. Бұл бәйшешектің медицинада бұрыннан қолданып келе жатқан әдісі. Ал қазақстандық жас ғалым Дария Сатыбалдиева бірнеше жылдан бері бәйшешектерді сақтау және көбейту бағытында ізденіп жүр. Зерттеу барысында бәйшешектен алынған жалпы экстракттардың қатерлі ісік жасушасының өсуіне қарсы әсерлері бар екенін анықтағанын айтады. «Мен бәйшешектен алынған жалпы экстракттардың (жалпы экстракттар – өсімдік құрамындағы барлық заттардың қоспасы) әсерлеріне зерттеу жүргіздім. Атап айтқанда, бос радикалдарға қарсы, бактерияларға қарсы және қатерлі ісік жасушасының өсуіне қарсы әсерлерін анықтадым. Мүмкіндігімізге қарай тек екі түрлі ісік клеткаларының өсуіне әсерін анықтай алдым, нәтижесінде бұл экстракттардың ісік клеткаларының өсуін тежейтіні анықталды. Себебі бұл өсімдіктің құрамында ісікпен күресетін галл және хлороген қышқылдары жоғары мөлшерде», – дейді Дария Сатыбалдиева. Дегенмен өзінің ғылыми жаңалығын әлі де түбегейлі зерттеу қажеттігін айтады. Көктем жаршысындай болған бәйшешек – әлімсақтан үміттің, сенімнің, достықтың, адалдықтың, тазалықтың белгісі. Аңыз бойынша Адам ата мен Хауа ана жұмақтан қуылған уақытта қыс мезгілі екен. Жерде қалың қар жатқандықтан аяғы тоңған Хауа ана жұмақты есіне алып, қайғырған уақытта, оның көз жасын көрген періштелер бірнеше қар қылауларын бәйшешек гүліне айналдырыпты. Қатты қуанған Хауа ананың бойында Құдайдың кешірімін алуға деген үміті ояныпты, содан бері бәйшешек гүлі – сенімнің, яғни үміттенудің символы болып есептеледі екен. Көктемнің алғашқы гүлдерін қорғау – тек мемлекеттік парк не қорық қызметкерлерінің, ғалымдардың ғана емес, еліміздегі әрбір азаматтың міндетті борышының бірі. Жақсылыққа деген үміт үзілмеуі тиіс. Үміт гүлінің шешек атып тұрғанын көрсеңіз жұлуға емес, оны қалайда қорғауға тырысыңыз. Табиғаттың баға жетпес сұлулығын болашақ ұрпақтарымыз фотосуреттен емес, табиғатта өсіп тұрғаның өз көздерімен көруіне жағдай жасаңыз. Ол үшін көп нәрсе талап етілмейді, тек қызықтаңыз, суретке түсіріңіз, иіскеп көріңіз және ары қарай демалысыңызды жалғастырыңыз.  

Жадыра Жақсытай