330
7 сыныптан бастап өлкетану сабағы жүреді
7 сыныптан бастап өлкетану сабағы жүреді
Мектептерде 7 сыныптан бастап өлкетану сабағы оқытылады. «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының кезекті IV съезі басталды. Съездің Ұлттық музейде өткен «Рухани жаңғыру» сессиясының жұмысына қатысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы атқарылған ауқымды жұмыстар ретіне назар аударды.
Аталған сессияға Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің төрағасы Мұрат Әбенов, Мәдениет және спорт министрлігі, Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Бораш спикер ретінде қатысып, бағдарлама аясында атқарылған жұмыстардың бір парасына тоқталды. Білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру төңірегінде сөз қозғаған Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов кәсіптік стандарттарды еңбек нарығының талаптарына сай жаңарту турасында баяндады.
«Рухани жаңғыру дәстүрден алшақтау емес, керісінше ұлттық кодымызды, тарихымызды сақтай отырып сана ашықтығы арқасында біліктілік пен бәсекеге қабілетті бола білу. Елбасы қойған міндеттер негізінде қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық бойынша өзге тілдерден 17 кітап аударылды. 2018 жылы саясаттану, информатика, әлеуметтану саласындағы тағы 30 кітапты аудару жоспарда бар. Қыркүйек айынан бастап елдегі жоғарғы оқу орындарында оқытыла бастайды», деді Асхат Аймағамбетов. Вице-министрдің айтуынша, еліміздің 16 өңірі бойынша өлкетану оқулықтары әзірленген. Жуық арада барлық мектептерде 7 сыныптан бастап Өлкетану оқулығы оқу процесіне енгізіліп, түрлі туристік жұмыстар жүргізілмек.