Алматы қуантты, Астана асып түсті

Алматы қуантты, Астана асып түсті

Алматы қуантты, Астана асып түсті
ашық дереккөзі
269
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев парламент палаталарының біріккен отырысында жария болған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуді қалай жүзеге асыратындарын айтты. Белгілі болғандай, алдағы уақытта Алматыда 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл 17 мыңнан астам пәтер деген сөз. Бауыржан Байбектің мәлімдеуінше, биыл «Алматы жастары» әлеуметтік бағдарламасын орындау үшін жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлінеді. Нәтижесінде жас отбасылар алғашқы жарнасыз баспаналы болу құқығына ие болады. Бұл үшін бағдарламаға қатысушыларға 5 пайыз үстеме ақымен несие беріледі. «2017 жылы құрылыс қарқыны 4 есе өсті, Алматыда кезекте тұрған әрбір үшінші адам пәтер алды. Өткен жылы 1,9 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 16,5 мың жаңа пәтер салынды», – деді шаһар басшысы. Алайда Бауыржан Байбек 1,5 млн шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы қашан басталып, қашан аяқталатынын айтқан жоқ. Ал Әсет Исекешев 2018 жылдың соңына дейін Астанада мемлекеттік бағдарлама бойынша 6 көпқабатты тұрғын үй кешені салынатынын шегелеп жеткізді. «Тұрғын үй саласы әлеуметтік маңызға ие басты мәселенің бірі. 2018 жылы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жалпы ауданы 78,3 мың шаршы метрді құрайтын, 1477 пәтерден тұратын 6 көпқабатты тұрғын үй кешені пайдалануға беріледі. Осылайша, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы  коммуналдық тұрғын үй  қорының кезегінде тұрған адамдар баспаналы болады», – деді Астана әкімі. Сөз арасында Әсет Исекешев 2017 жылы елордада 2,36 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін баяндады. 7 тұрғын үй кешені Астана әкімдігінің мемлекеттік есебінен салынса, нәтижесінде 1062 отбасы баспанамен қамтылған. Астана қаласы әкімінің мәлімдеуінше, алдағы 5 жылда 5 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Құрылыстың 90 пайызға жуығы жеке инвесторлардың есебінен атқарылады. Сондай-ақ, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев «7-20-50» әлеуметтік бағдарламасы тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттырып, тұрғын үй секторындағы жүктемені азайтатынын айтты. «Енді елорданың әрбір жұмыс істейтін тұрғыны жеңілдетілген шартпен ипотекалық несие ала алады. Бұл тек банк секторын ғана емес, сонымен бірге тұрғын үй құрылысы нарығын белсенді дамытуда үлкен күшке айналып, өнеркәсіптің дамуына серпін береді. Мемлекеттік бағдарламамен берілетін тұрғын үйлердің шаршы метрі 180 мың теңгеден аспайды, бұл жекеменшік құрылысшылардың бағасынан әлдеқайда арзан», – деді ол. Екі әкім де тұрғын үй мәселесіне қатысты мәлімдемелерін мақсатты түрде жасаған сияқты. Себебі дәл қазір қарапайым халықтың басым көпшілігі «7-20-25» атты жаңа тұрғын үй бағдарламасын әлі дұрыс түсіне қойған жоқ. Десек те, мәселенің мән-жайын Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков тәптіштеп түсіндірді. Оның айтуынша, биылғы жылдың екінші жартыжылдығынан «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы аясында банктер ипотека бере бастайды. Жаңа бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы компания құрылады, оның капиталы Ұлттық банктің есебінен қалыптасады. «Ипотекалық несиелердің алғашқы пулы жасалып болғанда біз оның барлығын сатып аламыз. Несие рәсімдегісі келген адамдардың төлем қабілеттілігіне ерекше назар аударылады. Мемлекеттік бағдарламаларда әскерилер, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар деген сияқты санаттар бар. Жаңа бағдарламада мұндай болмайды. Біз барлық заеммен бірдей жұмыс істейміз», – деді Олег Смоляков. Ал ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, «7-20-25» бағдарламасына байланысты инженерлік-коммуникациялық желілерді тартуға жыл сайын бөлінетін қаржыны арттыруға тура келеді. Бұған дейін аталған сома 80 млрд теңге болса, ендігі кезекте оны 100 млрд теңгеге дейін көбейту қажет. Бұдан бөлек, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің заемдарын беру талаптары өзгеретін болды. Оны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы Ләззат Ибрагимова да растап отыр. «Иә, біз барлық бизнес жоспарымызды қайта қарайтын боламыз. Алғашқы жарнаның көлемін де қайта қараймыз. Бұдан бөлек, кейбір шарттар бойынша несиенің мерзімі ұзаратын шығар. Соған басымдық береміз. Себебі тұрғын үй жинақ жүйесінің негізгі мақсаты да сол – ақшаны жинау. Белгілі бір сома жиналғанда несие беріледі. Ал алғашқы жарнаны азайту шарттары тек жаңа үйлерге қатысты болады. Қазір ескі үйлер нарығында баға түсіп, стагнация байқалады. Сондықтан ескі үйлерге қатысты шарттар өзгермейді. Проценттік мөлшерлеме де өзгереді. Бірақ ол да жаңа үйлерді сатып алу несиелеріне ғана қатысты болады», – деді Ләззат Ибрагимова. Айтпақшы, сарапшылардың сөзіне сенсек, стагнация ескі жылжымайтын мүлік нарығында ғана емес, жаңа үйлер нарығында да байқалып отыр. Сондықтан «7-20-25» бағдарламасы халық үшін де, құрылыс компаниялары үшін де тиімді болатын түрі бар. Дегенмен бәрін алдағы уақытта бағдарламаның жүзеге асуы, соған орай нарықтың құбылуы көрсететіні анық.  

Серіктес жаңалықтары