464
Шенділер конкурстар мен тендерлер туралы ақпаратты неге жасырады?
Шенділер конкурстар мен тендерлер туралы ақпаратты неге жасырады?
Талдықорғанда өткен Отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету шеңберінде сатып алу саласындағы жұмыс комиссиясының кезекті отырысында Қапшағай қаласы мен Панфилов ауданы әкімдіктерінің және ауыл шаруашылығы басқармасының жергілікті өндірушілерді қолдау мәселелері бойынша жұмыс қорытындылары тыңдалды.
Комиссия төрағасы, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов әкімдіктер мен мемлекеттік органдар кәсіпкерлерден сатып алулар жөніндегі ашық ақпаратты жарияламайтынына назар аударды.
«Ақпаратқа қолжетімділік туралы» Заң бойынша конкурстар, тендерлер өткізу бойынша ақпараттарды, ашық конкурстық сауда-саттық, сараптама және басқа да іс-шаралар мен оларды өткізу шарттары жөнінде мәліметтер интернет-ресурстарда жариялануы тиіс. Панфилов ауданы әкімдігі, ауыл шаруашылығы басқармасы мен Қапшағай қаласы әкімдігінің сайттарына жүргізілген сараптама заңнамадағы талаптар орындалмағынан көрсетті. Сонымен бірге, ресми сайтта қажетті негізгі материалдар, бұйымдар, құрастырылымдар мен құралдардың тізімдемесін орналастыру бойынша талаптар сақталмайды», - деп атап өтті Нариман Әбілшайықов.
Мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жергілікті құрамды арттыру бойынша жұмыстары да жүйелі шараларды қолдануды талап етіп отыр. Мәселен, Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Ақтанберді Қалқабайдың сөзінше, 2017 жылы жалпы сомасы 4 млрд асатын 767 келісім-шарт жасалған, ондағы қазақстандық құрам 38,5%-ті құраған.
Панфилов ауданында құрылыс-монтаждау жұмыстары барысында жергілікті өндірушілерден 15%-ке жуық инертті материалдар, бетон мен цемент қолданылатыны белгілі болды.
«Өткен жылы Панфилов ауданындағы құрылыс жұмыстары үшін сатып алуға 5 216 751 млн теңге бөлінді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша 40 ашық конкурс өткізілген. Мысалы, Батыс Еуропа - Батыс Қытай автожолын салу кезінде бетонның 25%-і жергілікті зауыттардан алынды», - дейді аудан әкімінің орынбарасы Шухрат Құрбанов.
Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қойымжан Омаровтың айтуынша, суландыру жүйелерін жөндеу, қайта тұрғызу жұмыстарына 2 млрд теңгеден астам сомада конкурстар өтіп, онда қазақстандық құрам 80%-ті көрсеткен. Онымен қоса, Омаров ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің басым бөлігі тыңайтқыштар мен гербицидтерді шетелден сатып алатынын айтты. Себебі, қазақстандық өнімдердің сапасы ресейлік, өзбекстандық және еуропалық компаниялардың өнімдерінен төмен болып шыққан.
Комиссия отырысында «Мемсараптама» РМК облыстық филиалының өкілдері «ArcellorMittal Tubular Product Aktau» АҚ қатысты жағдайға өз пікірлерін білдірді. Кәсіпорын электрлі-пісірмелі шиыршық-жіктік құбырларды шығаратын жалғыз қазақстандық компания болып табылады. Осыған дейін кәсіпорын Талғар ауданының әкімдігі сутаратқыш магистралін реконструкциялау мен құрылысын жүргізу жобасына 10704-91 мемлекеттік стандарттағы түзу жік құбырларды негізге алғанын хабарлады. Алайда құбырлардың дәл осы түрі елімізде шығарылмайды, тек алыс және таяу шетелден ғана экспортталатын болып шықты.
«Компания ұсынған жобалар әлі сараптамадан өткен жоқ. Сараптама алдындағы кезең үстінде. Біз құрастырылымдардың сапасы мен оның жарамдылығы жөнінде алдын ала баға бере алмаймыз. Сондықтан бұл сұраққа жауапты кейінге қалдырдық. Сараптама аяқталып, қорытындысы белгілі болған соң, біз өз бағамызды бере аламыз», - деді «Мемсараптаманың» бас маманы Светлана Ярмухамедова.
«Мемсараптама» өкілдері қазақстандық (жергілікті) құрам үлесін тек құрылыстың жобалауын әзірлеу кезеңінде ғана бақылай алатындарын жеткізді.
«Кейіннен олар отандық немесе шетелдік материалды қолданған-қолданбағанын тексере алмаймыз. Бұл біздің құзіреттілігімізге жатпайды. Айта кетейін, 2017 жылы жобалау бойынша тұрғын үй және азаматтық мақсаттағы құрылыс нысандарында қазқұрам 80%-ті, инженерлік-коммуникациялық желілерінде 84%-ті, ауыл шаруашылығында 70%-ті, мектептерді жөндеуде 90%-ті құрады», - деді «Мемсараптама» РМК облыстық филиалының өндірістік бөлімінің бас маманы Айбек Омарбек.
Айта кетейік, Отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету шеңберінде сатып алу саласындағы жұмыс комиссиясының отырыстары Талдықорған қаласында апта сайын өткізіліп келеді. Кәсіпкерлер палатасының алаңында әкімдіктер мен салалық басқармалардың сатып алу саласы бойынша жұмыстарды тыңдау жоспарланған. Өткен отырыста Ескелді ауданы және облыстық энергетика және түрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының есептері тыңдалды.