Әр азаматтың өтініші ескеріледі

Әр азаматтың өтініші ескеріледі

Әр азаматтың өтініші ескеріледі
ашық дереккөзі
376
«Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі ұйымдастырған қабылдаудың арқасында азаматтар көкейіндегі сұрағын министрге тікелей қоюға мүмкіндік алды. Таяуда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған Мәдина Әбілқасымованың қабылдауына 19 адам жазылды.  Қабылдау Астанада өткенімен, министрге азаматтар еліміздің әр аймағынан бейнебайланыс арқылы өз талап-тілектерін жеткізді. Келелі кездесу барысында көтерілген мәселенің көбі мүгедектік санатын ауыстыруға, әлеуметтік көмекті алуға, жұмысқа орналасуға, еңбек дауына, тарихи отанына оралған қандастардың зейнетақы мөлшерін көтеруге, зейнет жасына қатысты болды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова әр азаматты жіті тыңдап, әр айтылған арыз-шағымға байланысты өзімен бірге қабылдауға келген Комитет басшыларына тікелей тапсырма берді. Тұрғындардың түйткілді мәселесі дәл қабылдау кезінде шешімін тауып та жатты. Мысалы, министр Алматыдан арнайы келген І топ мүгедегі Амантай Данияровтың мәселесін бақылауда ұстайтынын жеткізді. Азаматтың айтуынша, ол жұмыс кезінде жарақат алған. Қазіргі күні мүгедектігі үшін әлеуметтік төлем алады, бірақ сақтандыру компаниясы қаржылай көмек көрсетуді тоқтатыпты. Себебін анықтаса, бұрынғы жұмыс орны сақтандыру компаниясына жарнаны аударуды қойыпты. Бүгінде арбаға таңылған мүгедек 80 жастағы әкесімен ғана бірге тұрады екен. Енді қиын жағдайға тап болған Амантай Данияров ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінен көмек сұрады. ‒ Сіздің мәселеңіз бойынша тиісті комитетке тексеру жүргізуді тапсырамын. Жұмыс берушіңіз неліктен сақтандыру компаниясына жарнаны аударуды қысқартқанын анықтаймыз. 26 наурызда сізге хабарласып, мәселеңіз бойынша нақты жауап береміз. Бұл мәселені өз бақылауыма аламын, ‒ деді Мәдина Әбілқасымова. Сондай-ақ, қабылдау барысында балалар үйінің тәрбиеленушісі Нәзира Қонысбаеваның шағымына бірден жауап берілді. Жас маман дипломы бойынша жұмыс тауып беруді сұрап келіпті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысына Нәзира Қонысбаеваның мәселесін бақылауға алуды тапсырды. Қабылдауға келген барлық азаматтардың арыздарына Үкімет мүшесі заң аясында жауап беріп, әр мәселені бақылауына алатынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары