464
Елімізде бензин тапшылығы қашан басталатыны белгілі болды
Елімізде бензин тапшылығы қашан басталатыны белгілі болды
Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысына талдау жасау тобы елдегі автобензин, дизельдік отын және авиакеросинді тұтыну деңгейіне сараптама жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Талдау елде қазір жұмыс істеп тұрған үш мұнай өңдеу зауытын қайта жөндеу жұмыстарын ескере отырып жасалды. Зерттеу барысында анықталғандай, отандық МӨЗ-дер жанар-жағармайға сұранысты жапқан күннің өзінде ол тек ортамерзімді кезеңді ғана қамтитын болады. «Яғни, болжам бойынша, автобензин тапшылығы 2021 жылдан кейін байқалмақ. Ал дизельдік отын тапшылығы 2023 жылдан соң, авиакеросин жетіспеушілігі 2026 жылдан бастап сезіле бастайды. Одан бөлек, тәжірибе көрсетіп отырғандай, елдегі мұнай өңдеу зауыттарының аяқасты жұмысын тоқтатуы Республика ішінде жанар-жағармай тапшылығын тудырады» делінген ҚР Энергетика министрлігі ҚазАқпараттың ресми сауалына жолдаған жауабында.
Сондай-ақ, төртінші мұнай өңдеу зауыты қай жерде салынатыны әзірше нақтыланбаған. «Қазіргі уақытта төртінші мұнай өңдеу зауытын салу туралы шешім шығару үшін жұмыс тобы алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме құру мәселесін қарастырып жатыр. Зауыттың салынатын орыны мен параметрлері соның негізінде анықталады», - делінген хабарламада. Айта кетейік, бұған дейін энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстанда 4-ші МӨЗ 2022 жылға қарай салынуы керек деп мәлім еткен болатын.