Арзан ипотеканы үш жақты келісімшартпен беруге болады

Арзан ипотеканы үш жақты келісімшартпен беруге болады

Арзан ипотеканы үш жақты келісімшартпен беруге болады
ашық дереккөзі
303
Арзан ипотеканы үш жақты келісімшартпен беруге болады. Осы аптада Үкімет «7-20-25» атты жаңа бағдарламаны іске асыру механизмін таныстыруы тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Экономист Бауыржан Ысқақовтың ойынша, бүгінде екінші деңгейлі банктер үшін халыққа 7 проценттік ипотеканы берген тиімсіз. Сол себепті ондай несиелер ешбір делдалсыз тікелей халыққа таратылуы әбден мүмкін. «Ол үшін Президент Ұлттық банктің жанынан арнайы қаржы институтын құруды тапсырды. Негізі, бізде ондай институт бар. Ол - Қазақстанның ипотекалық компаниясы. Бізге оның қызметін қайталайтын тағы бір компанияның қажеті жоқ. Сондықтан бұл мәселе «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгеріс енгізіп, Қазақстанның ипотекалық компаниясының жарғылық капиталын ұлғайту арқылы шешілетін шығар», - деді Б.Ысқақов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. Оның айтуынша, арзан ипотеканы үш жақты келісімшартпен беруге болады. Ипотекалық компания үйдің ақшасын құрылыс компаниясына аударады. Ал пәтерді алған адам ақшаны компанияның өзіне төлеп отырады. «Бұл жерде мемлекеттің ақшасын құрылыс компаниясының тікелей өзіне, яғни делдалсыз аударған дұрыс. Себебі әрбір делдалдың өзінің маржасы болады. Ол да - тұтынушыға түсетін қосымша салмақ. Сондықтан бұл жерде үшжақты келісімшарт ешбір делдалсыз болуы қажет. Ипотекалық компания құрылыстың ақшасын төлейді де, пәтерлерді кепілзатқа қояды. Ал оны алған адамдар 7 процентпен ипотеканы төлеп отырады. Негізі, механизмі өте қарапайым», - дейді Б.Ысқақов.  Экономистің сөзіне қарағанда, халық тарапынан жаңа бағдарлама аясында салынатын баспанаға сұраныс жоғары болады. Ендігі мәселе, осы санаттағы тұрғын үйлердің сапасын қатаң бақылауды ұстау қажет. «Сосын арзан ипотека тек дайын үйлерге ғана берілуі керек. Онсыз спекулятивті әрекеттер болуы әбден мүмкін», - деп атап көрсетті Б.Ысқақов. Айта кетейік, өткен аптада ҚР Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «7-20-25» бағдарламасын іске асыру тетіктерін әзірлеуді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары