Самат Смақов: Қарызы көп клубты кім сатып алғысы келеді?

Самат Смақов: Қарызы көп клубты кім сатып алғысы келеді?

Самат Смақов: Қарызы көп клубты кім сатып алғысы келеді?
ашық дереккөзі
Футболшылардың алдында қарызы көбейген «Ақтөбе» футбол клубының жағдайы мүшкіл. Егер қарыз уақытылы төленбесе, клуб банкрот болады. Бұл туралы өз сұхбатында клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында бас директор Самат Смақов мәлімдеді.  Жыл өткен сайын «Ақтөбе» футбол клубының ойыншылар алдындағы қарызы көбейіп келеді. Биыл клубқа бас директор болып тағайындалған Самат Смақов алғашқы күні-ақ бюджеттен бөлінген 2 миллиард теңгеден астам қаржының жетпейтінін ашық айтты.  Ал «Ақтөбе» футбол клубының баспасөз қызметіне берген сұхбатында легионерлер мен қазақстандық ойыншылар алдындағы қарыздың күн өткен сайын көбейіп жатқаны жарияланды. Бұл клубтың банкрот болуына әкелуі соғуы ықтимал. «Футбол клубының ойыншылар алдындағы берешегі 2014 жылдан бастап, 2017  жылға дейін жалғасты. Футболшылардың қарызынан өзге 2017 жылы жеткізушілерге де қарыз болған. Ойыншылар алдындағы қарыз өте көп. 2017 жыл футбол клубының барлық құрамына, жұмысшыларға берешек болып қалды. Ал 2016 жылы тек жаттықтырушылар мен экс-директор Дмитрий Васильевке қарыз болды. 2015 жылы 6-7 қазақстандық футболшыға, сонымен қатар, Айодел Аделей мен Данило Некоға қарыз болған екен. ФИФА-ның да шешімі бар. 2014 жылы Сергей Ковальчукке қатысты да сот шешімі шықты. Бұл сотқа арыз берген, ФИФА-ға шағым түсірген футболшылар тізімі. Кейбір футболшылар клубтың қазіргі жағдайын біліп, арыз түсірген жоқ»,- деді Самат Смақов. Жаңа қызметке тағайындалған Самат Смақов өз беделін салып, ойыншылармен келіссөз жүргізіп жатқанын жасырмаған. Яғни, алдын ала сөйлесіп, уәде беріп, әліптің артын бағуды сұрады. Көпшілігі «қызылдар мен ақтардың» құтқарушысына айналған Самат Смақовтың уәдесіне сенді. Қазіргі кезде облыстық дене шынықтыру және спорт, қаржы басқармалары тығырықтан шығу жолын бірлесіп іздеп жатыр. «Бюджет бекітілді. Қазір маған ешкім қосымша қаржы бөлмейді. Ақтөбе облысының басшылығы тығырықтан шығудың түрлі жолын іздеп жатыр. Бір ғана жолын көріп отырмын. Егер демеуші табылмаса, қала «Ақтөбе» футбол клубынан айырылады, клуб банкрот болады. Мен оған жол бергім келмейді. Бірақ заң сондай. Тіпті клуб жекешелендіруге жатады. Кім қарызы көп клубты сатып алғысы келеді? Егер жағдай өзгермесе, банкрот деп жарияланады. Сол кезде өз еңбегімен  ақша таппақ болған футболшылардың бәрі қолына ақша тимей қалады. Күн сайын тығырықтан шығар жолды іздеп жүрмін. Кейбірі қарызының бір бөлігін сұрамайтын болды. Егер клуб банкрот болса, олар ештеңе де ала алмайтынын біледі»,- деп жауап берді Самат Смақов. «Ақтөбе» футбол клубының есепшоты да бұғатталды. Футболшылар алдындағы қарызды өтеуге бар абыройын салған Самат Смақов достарынан ақша жинады. «Виктор Жуниордан хат келді. Дәл сол кезде клубтың есепшоты бұғатталған болатын. Біз қаржылық аударымдар жасай алмай, достарымыздан қолма-қол ақша алуға тура келді. Мен өзім достарыма хабарласып, ақша жинадым. Қаржы табылды, біз олар айтқан есепшотқа ақша аудардық. Олар телефон шалып, «сіздер басқа жаққа аударып жібердіңіздер» деп айтып отыр. Осы жолмен олар «Ақтөбе» футбол клубынан өш алғысы келетіндей әсер қалдырды. Не үшін? Оны білмеймін. Ақша Бразилияға аударылды, бірақ әлі жауап келмеді. Ақша аударған құжаттардың көшірмесін ФИФА-ға, Қазақстан футбол федерациясынына жібердік. Футболшы Виктор «ешқандай шағымым жоқ» деп ФИФА-ға жауап қайтару тиіс. Ал ол байланысқа шықпай қалды. Бразилиялық достарымызға да шықтық. Өзім Маркос Пиззеллиге телефон шалдым. Бұрын Павлодарда ойнаған Антонио Оливейрге де өтініш жасадық. Уәде береді, бірақ жауап болмады. Ал Немань Николичпен арадағы келісімшарт 2016-2017 жылдарға бекітілген. Бірақ оны қалай шығарып жібергенін білмеймін? Таяуда 150 миллион теңге қарыз деген хат келді. Футболшымен хабарласа алмай отырмын. Қалай қарыз болғанымызды сұрағым келеді. Мұның басқа себебі бар ма? Артында кім тұр? Анықтауымыз керек»,- деді Самат Смақов.