Мұратхан Тоқмәди: Қашқаным қателік болды

Мұратхан Тоқмәди: Қашқаным қателік болды

Мұратхан Тоқмәди: Қашқаным қателік болды
ашық дереккөзі
ҚР ҰҚК сайтында жарияланған видеода Мұратхан Тоқмәди өзінің ауруханадан қашу әрекетін қателікке балады.   «Мен Мұратхан Тоқмади, жағдайым жақсы, денсаулығыма шағым айтпаймын. Әбілязовтың тапсырысы бойынша 2004 жылы Ержан Тәтішевті өлтіру фактісі бойынша қылмыстық жауапқа тартылдым. Сотта растағанымдай, өз кінәмді мойындаймын. 8 наурызда қашып кеткім келді, алайда құқық қорғау органдарының қызметкерлері мені ұстап, тергеу изоляторына қамалдым. Өз кінәмді мойындаймын, бұл қателік болды деп есептеймін», - деді Тоқмади ҰҚК-ның сайтында жарияланған видеода. Мәлім болғандай, 2018 жылғы 8 наурызда 19:20 шамасында Әбілязовтің тапсырысы бойынша «Тұран Әлем Банкі» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы  Е.Н. Тәтішевті  қасақана өлтірді деген күдікке ілінген Мұратхан Шакерханұлы Тоқмади (1966 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында туған) Жамбыл облыстық ауруханасы мекемесінен қашу әрекетін жасады. «Сот процесі кезінде қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта М. Тоқмади денсаулығының нашарлығына шағым айтып, осы орайда уақытша Жамбыл облыстық ауруханасында болған. ...М.Тоқмади Тараз қаласында жедел ұсталып, Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД ЖД-158/1  (Жамбыл облыстық ІІД Тергеу изоляторы) мекемесіне қамалды» делінген хабарламада. Қазіргі кезде М.Ш. Тоқмадидің қашуына ықпал еткен жағдайлар мен себептер анықталуда. Еске салайық, «ҚазҚұрылысШыны» ЖШС басшысы М. Тоқмәди «Тұран Әлем Банкі» АҚ (қазіргі «БТА банк») Ержан Тәтішевті 2004 жылдың 19 желтоқсанында Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар стансасы маңында аңшылыққа шыққан кезде атып өлтіргенін мойындады. Оның өліміне аталған бактің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязов тапсырыс берген. Бұдан бөлек, жемқорлық жасағанын - ҚР ІІМ Тергеу-жедел тобының басшысы Ержан Артықбаевқа ақшалай сыйақы бергенін де мойнына алған. Енді М.Тоқмәдиге 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлімі «ж», «з» тармақтарында (адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен адам өлтіру) қарастырылған қылмыстар жасады деген айып тағылуда. Сот барысында айыпталушы өзіне тағылған айыптардың бәрі негізді екенін айтып, Ержан Тәтішевті өлтіргендігін толықтай мойындаған болатын. Е. Тәтішевтің өлімі бойынша М. Тоқмәдиге қатысты қылмыстық іс 79 томнан тұрады. Процеске судья Азамат Тілепов төрағалық етуде.