Қостанай облысында арам өлген малдардың саны 58-ге жетті
Қостанай облысында арам өлген малдардың саны 58-ге жетті
Тобыл өңірі Торғай аумағында көктемнен бері алпысқа жуық қара мал арам өлген. Алайда, жергілікті билік үй жануарларының жаппай қырылуы киіктерге келген кеселмен байланысты болуы мүмкін дегенді жоққа шығарып келеді. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов хабарлады. Ол қазіргі таңда үй жануарларына келген топалаң тоқтағанын айтады.
Шенеунік алдын-ала жасалған болжамы бойынша, тана-торпақтардың өлімі жұқпалы індеттен емес. Басшылық қыстан көтерем шыққан түліктер толассыз жауған жаңбыр мен күн райының күрт ысуынан әлсіреген дегенді алға тартуда. Дерекке сүйенсек, аймақта 400 мыңнан астам ірі қара мал бар. Ал, арам өлген жануарлардың саны 3 пайыздық деңгейге жетпейді. Сондықтан жаппай «қырылып жатыр» деп айту артық деді - облыс әкімінің орынбасары. «Ауданға барлық шараларды қолданып жатырмыз.
Соның басында барлық ветеринарлық службалар жұмыс істеп жатыр. Оның сыртында жаңағы ауырған мал көзге түсетін болса, малдың иесінің айтуымен керекті дәрілерді беру жұмыстары жүргізіліп жатыр»,− дейді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов.
Кейінгі уақыттарда ірі-қара Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында да жаппай қырылуда. Аталған өңірде қазірдің өзінде 22 бас сиыр мен 7 жылқы өлген. Бұдан ертеректе тап осы Ырғыз ауданында киіктер қырылғаны мәлім. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар мұндағы үй жануарларына пастереллез дертіне қарсы вакцинация жүргізілгенін хабарлады. Әзірге жануарлардың қырылуының нақты себептері белгісіз. Тиісті сынамалар жергілікті ветеринариялық зертханаға жөнелтілген. Нәтижесі шамамен он күннен кейін белгілі болмақ.