Бельгер түсінбеген бір мәселе

Бельгер түсінбеген бір мәселе

Бельгер түсінбеген  бір мәселе
ашық дереккөзі
396
Тәуелсіздік кезеңі ішінде басқа ұлт қаламгерлері жазған көркем публицистика сан жағынан аз деп айтуға болмайды. Бірақ олардың барлығынан жалпыадамзаттық және ұлттық парадигма айқын атойлап көрініп тұр десек, артық айтқандық болып шығуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені сақтықпен, ізденіспен қарастыру керектігі – шығармашылық заңдылық. Осы аталған екі мәселені қабат көрсете алған туындылар қатарында белгілі қазақстандық неміс қаламгері, жазушы һәм аудармашы, марқұм Герольд Бельгердің өмірінің соңғы жылдарында жазып қалдырып кеткен эсселерін, очерктері мен тәмсілдерін атап өтуге болады. Өзінің қандай да ащы ойларын ешкімнен қаймықпастан қағаз бетіне түсіріп отыруға дағдыланған қаламгер қай жанрда жазса да, көркемдік ойлау жүйесіндегі қалыптасқан кредосын бетке ұстап, жекелеген қоғамдық ой-пікірлермен тайталасып отырды. Оның көсемсөзіне тән осы ерекшелікті белгілі бір шығармаға жазған сын пікірлерінен де тауып алу қиын емес. Рецензия деп жазғандарының өзінен көркем көсемсөзге тән белгілер айқын айбарланып тұрады. Оның төбесіне тақырыбын қоймастан, қойын кітапшасына түрте салған бір тәмсілінің мазмұнына қарағанда, қазақтың көптеген қаламгерлері кенеттен Еуропа тақырыбын жазуға ден қойыпты. Мысалы, Рамазан Тоқтаров қарт Гетенің уылжыған жас Ульрике фон Левецке қалай ғашық болғаны туралы жазса, Дүкенбай Досжан Байрон жайындағы әңгіме-эссемен әуреленіп кетіпті. Осы сияқты мысалдарды келтіріп алғаннан кейін, автор: «Менің бұған деген көзқарасым екіұдай. Әлбетте, еркін адамға «мынаны жазба» деп, тыйым сала алмайсың. Менің әріптестерімнің қазақ тақырыбын тауысып болып қойғаны ма?» деп қайран қалады. Басқа халықтардың, соның ішінде еуропалық ұлылардың өмірбаяндарына қатысты оқиғалар мен эпизодтар тегіс түгенделіп, ұңғыл-шұңғылына дейін жазылған ғой. Енді соларды алыстағы қазақ деген аз ұлттың қаламгерлері жазбаса, ортақ тақырып қағаберісте жетімсіреп, елеусіз қалып қоюы мүмкін бе еді? Жазылмай жатқан жекелеген жағдайлар болса, сол ұлылар шыққан ұлттың бүгінгі қаламгер өкілдері күндердің күнінде бір жазатыны анық. Ендеше, қазақ қаламгерінің Еуропа тақырыбына ден қоюы, жанын жалдап, қаламын қайрап, кірісіп кетуі шарт па? Ондай жағдай қандай көркемдік мұқтаждықтан тууы мүмкін? Тіпті ешқандай да қажеттілік пен мұқтаждықтың, рухани сұраныстың көрініп тұрмағаны анық. Егер жазу қажет болып жатса, сол Гетенің, сол Байронның бүгінгі қандас ұрпақтары қолдарына қалам алсын. Өз қотырын өзі қасып үлгере алмай жатқан алыстағы қазақ деген азғана жұрттың қаламгерлерінің жазуын қалап тұрған адам бар ма? Егер қазақ оқырманы үшін тіпті аса керек болып жатса, ділгір тақырыптағы дүниелерді аударып беруге де болады. Бір сөзбен айтқанда, Г.Бельгердің айтқалы отырғаны нақ осы төңіректен табылады деп пайымдауға болады. «Осыған орай Фатима Ғабитова мемуарларынан бір эпизод есіме түсіп отыр, – дейді ол. – Максим Горький Ілияс Жансүгіровтен қазір немен айналысып жатқанын сұрапты. Сонда қазақ ақыны челюскиншілер туралы поэма жазғалы жүргенін айтқан екен. Горький ойланып қалып, сәл үндемей отырады да, кеңес халқы қазақтар туралы, олардың мәдениеті, салт-дәстүрі мен өмір сүру мәнері жайында аз біледі ғой. Онан да сол турасында жазғаның оңды болмай ма деген сыңайда пікір білдіріпті. Яғни, аузы дуалы, атақты М.Горькийдің өзі заманында әр қаламгер алдымен өзінің ұлты туралы жазсын, өз ұлтын өзгелерге танытсын деп қадап айтып кеткен екен». Ендеше ұлы жазушының өзі осылай деп отырса, қазақ қаламгерлерінің басқа халықтардың жоғын жоқтап кететіндері несі? Неге өз қотырымызды өзіміз қасып, ең алдымен өз халқымыз туралы жазбаймыз? Жасымыз бар, жасамысымыз бар, қалам ұстап жүрген қай-қайсысымыздың тоқталатын, үлгі алатын сөзіміз емес пе?! Көрнекті қаламгердің бұл тұжырымы кім-кімнің де көңіліне қонарлық. Осы араға келген сәтте Г.Бельгер ұлттық парадигма бояуын нақтылай түсуді қажетсінетін ұлттық менталитет мәселесіне тоқталып өтеді. Әсіресе назар аударатыны – орыс пен қазақтың ойлау жүйесіндегі, этикалық мәселедегі жекелеген айырмашылықтар: «Ұлттық менталитет дегеніміз – нәзік те шетін нәрсе. «Тіршілік қалай?» деген сұраққа орыстың «Түкке тұрмайды» деп жауап беретіні анық. Қазақ ешқашан да өйтіп айтпайды. Күнә деп санайды. Жаратушыны ренжітіп алуың мүмкін. Жалпы тағдырыңа назаланған дұрыс емес. Сондықтан да қазақ үшін «Шүкір» дегеннен артық сөз жоқ. Орыстар үлкендерін сыйлай бермейді. Қарттарын моншада ұстап, бөлек тамақ беретінін, «Кәрі мәстек» деп қорлайтынын өз көзіммен көрдім» деп екі ұлттың әдептілік, сыпайылық мәселесіндегі ерекшеліктерін қолмен қойғандай қылып жіліктеп береді. Одан ары қарай қаламгер қазақтардың үлкендерді сыйлап, үйдің ең төріне отырғызатынын, сонымен бірге орыстардың қайын енелерін келемежге, күлкіге айналдыратынын да жасырмайды. Ал үлкендермен бұлайша қарым-қатынас жасау қазақ ұғымынан мүлде алшақ жатқандығын бірер сөзбен ғана жеткізген. Публицистің бұндай пайымдауларынан шығатын қорытынды дүниетаным, көзқарас мәселесіндегі үйлесімсіздіктер ұлттық парадигманы да айқындайтын нақты шарттар болып табылатындығы. «Қазақтар мен орыстардың менталитетіндегі осындай айырмашылықтарды күнделікті тіршілікте көптеп кездестіруге болады...» деген пікірдің авторы қазақ болса, өз қанына тартып отырған ұлтшылдықққа меңзер едік. Бірақ бұл арада қазақ менталитетін жоғары қойып, қазақтың ұлттық салт-дәстүріндегі қалыптасқан этикалық ұстанымдарға құрметпен қарап отырған адам – басқа ұлттың өкілі. Халқымыздың қажымас жанашыры болып өмірден өткен Г.Бельгердің соңғы ондаған жылдар бедерінде өмір жайлы жазып кеткен көркем көсемсөзінен осы тәріздес небір тосын да қызықты ойларды іліп алып, ұлттық жаңғыру бағдарламасында пайдалануға жаратып, кәдеге асыруға болатындығы сөзсіз.  

Нұрдәулет Ақыш,

жазушы, М.О. Әуезов атындағы

Әдебиет

және өнер институтының

бас ғылыми қызметкері

Серіктес жаңалықтары