27 мың бүлдіршінді қуантты

27 мың бүлдіршінді қуантты

27 мың бүлдіршінді қуантты
ашық дереккөзі
Мереке сайын балаларға қуаныш сыйлауды дәстүрге айналдырған нұротандықтар Жаңа жыл қарсаңында республиканың барлық аймақтарында  ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі, ауыр дертке шалдыққан және аз қамтылған отбасы балалары үшін үш жүзден астам қайырымдылық акциясын өткізді. «Нұр Отан» партиясының филиалдары және бастауыш партия ұйымдары жаңа жылдық іс-шаралардың ауқымды жоспарын құрып, қуанышты асыға күткен бүлдіршіндерге қол созуға дайын жандардың барлығын жұмылдырды. Осылайша, «Нұр Отан» партиясы балаларға риясыз мереке сыйлауға дайын үкіметтік емес ұйым өкілдері, мемлекеттік орган қызметкерлері, кәсіпкерлер мен еріктілерден құрылған қолдаушылардың қалың қатарын жинай алды. Партия балаларға мерекелік көңіл сыйлауға дайын серіктестермен бірігіп, ел көлемінде бүлдіршіндерге арналған таңертеңгілік концерттер, театрланған қойылымдар, цирк өнерпаздарын тамашалау және тағы да басқа қызықты шаралар ұйымдастырды. Сондай-ақ, нұротандықтар көп балалы отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі балалардың үйін жаппай аралады. Дәстүр бойынша партиялықтар балаларға ойыншықтар, тәттілер және ұмытылмайтын көңіл-күй сыйлады. Бұған қоса, адрестік көмек те көрсетті. Мәселен, Ақтөбе облыстық партия филиалы Комсомол ауылындағы аз қамтылған отбасы балаларына қыстық киім берсе, ал Астанада балаларына киім-кешек алып беруі үшін аз қамтылған отбасыларына қаржылай сертификаттар табысталды. Қостанайлық партиялықтар Рудный балалары үйінің тәрбиеленушілеріне қыстық комбинезон, ақпараттық тақта, қуыршақтар және ойлауды дамытуға арналған ойыншықтар берді. Рудный қаласының әкімі, қалалық партия филиалының төрағасы Бақытжан Гаязов жалғызбасты әке Нұрлан Жақыновқа 3 баласына сыйлық алуға жәрдемдесті. Ал Ақмола облысында партиялықтар өрттен зардап шеккен Н.Ысқақовтар отбасына көмектесті. Павлодарда тарихи отанына оралған отбасылардың балаларына сыйлықтар сыйлады. Кейбір облыстарда нұротандықтар көп балалы және аз қамтылған отбасыларға білім депозиттерін толықтыру үшін қаржылай сертификаттар табыстады. Партиялықтар жаңажылдық сыйлықтарды алу үшін қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, демеушілерді жұмылдырды. Сондай-ақ, балаларға қуаныш сыйлауда «Нұр Отан» партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі фракция мүшелері өлшеусіз үлес қосты. Партиялықтар Жаңа жыл қарсаңында Қазақстан бойынша 27 мыңға жуық бүлдіршін мен оқушыларға ұмытылмас мерекелік көңіл-күй сыйлады.