231
АИ-92 бензині 108 теңгеге қымбаттамақ
АИ-92 бензині 108 теңгеге қымбаттамақ
Бүгіннен бастап, елімізде АИ-92 және 93 маркалы бензині қымбаттайды. Бұл туралы мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуандық Сағындықұлы мәлімдеді. Әзірге бензин бағасы 99 теңге. Алайда жанар-жағармай құю стансалары АИ-92 және 93 маркасын кешкі ауысымнан бастап, 108 теңгеге дейін көтере алады. Энергетика министрі Владимир Школьниктің бөлшек саудада мұнай өнімдеріне шекті бағаларды белгілеуге рұқсат берілген бұйрығы бар. Бұл қымбатшылықты министрлік, мұнай бағасының көтерілуімен түсіндіруде. Қара алтынның құны барреліне 60-65 долларға жеткен соң, тиісінше бензин бағасы да өскен.
Егер мұнай бағасы түссе, сұйық отында арзандайды. Айта кетейік, дизель отынының бір литрі 99 теңге, ал АИ-80 маркасы бұрынғы бағада қалады. «Қазақстанда дәл қазіргі уақытта Аи-80, 95 маркалы бензинін қоспағанда, Аи-92 маркалы бензиннің 238 мың тонна-ға жуық қоры бар. Соған қоса, мұнай өндіретін зауыттар соңғы технологиялар арқылы жұмыс жасауда. Қазіргі уақытта көрші Ресейден 40 мыңға жуық мұнай әкелінді. Алдағы уақытта 70 мың тонна мұнай тасымалданады деп жоспарлануда. Сондықтан елде мұнай тапшылығының орын алуына еш негіз жоқ деп санаймын»,- дейді Мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуандық Сағындықұлы.