Аңызға айналған аға сұлтан
Аңызға айналған аға сұлтан
Жақында «Қазмедиа» орталығында «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған Құнанбай Өскенбайұлының өмірінен сыр шертетін «Құнанбай» толықметражды көркем фильмнің тұсаукесері болып өтті. Фильмнің желісі ұлы Абайдың әкесі, атақты дала кемеңгері Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірінің бір кезеңін қамтиды.
Тарихтан белгілі Құнанбай бейнесі халқының жанашыр перзенті ретінде, қалың бұқара алдындағы қарызы мен парызын терең түсінген тұлға ретінде көпшіліктің жүрегінде сақталған. Фильмде Құнанбайдың көрегендігі, данышпандығы, әділдігі, дәстүрді құрметтейтіндігі анық көрсетіледі. Режиссер кинокартинада Құнанбайдың жеке өзімен шектелмей, сонымен қатар, XIX ғасырдағы қазақ қоғамының шынайы келбетін көрсетуге тырысқан. «Бұл тың шешімдерге толы туындыда қазақтың өткен ескі өмірін де көруге болады. Фильмде жалпы Құнанбайдың өзге де қырларын ашқымыз келді. Құнанбай – аса күрделі тұлға. Билік тізгінін ұстаған кезіндегі қайраткерлігі қарама-қайшылықтарға толы. Ол би, болыс, аға сұлтан болып биліктің үш тұтқасын қатар ұстап, шариғат жолына тура көзқараспен қараған ұлы адам. Құнекеңнің осындай ерекше қырларын бір фильмге сыйдыруға тырыстық. Әрине, Құнанбайды аузымызға алғанда, алдымызда жартастай Мұқаң (Мұхтар Әуезов) тұратыны хақ. Дейтұрғанмен, тұғырымыз Мұқаң болғанымен, біз өз жолымызды іздедік. Өйткені, фильм Құнанбай деп аталғаннан кейін, Құнанбайдың пендеуи жағын алуға тырыстық. Негізі, түсірілім Абай ауданы, Қарауыл ауылында өтті. Сол ауылдағы Қарашоқы, Ақшоқы маңайында өтті. Бұл киелі де қасиетті жерлер. Сол жердегі бүкіл халық көпшілік сахнасына түсті. Сол кезде облысты (Шығыс Қазақстан облысы) басқарған қазақтың біртуар азаматы Бердібек Сапарбаевтың, аудан әкімінің және халықтың көмегімен фильмді түсіріп шықтық. Түсірілім жұмыстары 1 ай 18 күнде бітті. Ал, дайындыққа тура бес жылдай уақыт жұмсадық. Киноны Хадиша Бөкеева апамыздан, кеше дүниеден озған Әшірбек Сығай ағамыздан дәріс алған менің үзеңгілес достарымның басын қосып түсірдім. Түсірілім барысында бес жүздей киіз үй тіктік. Тіпті, қара дауыл соғып, 200-ге жуық киіз үйді жел көтеріп кеткен кездер де болды. Тамашалаған көрермен қауымның қазақтың ескі өміріне саяхаттап қайтқандай әсер алатынына сенімім мол», – деді Досхан Жолжақсынов. Көркем фильмнің сценариін Досхан Жолжақсыновпен бірге таяуда ғана дүниеден өткен жазушы Таласбек Әсемқұлов жазған. Ал, музыка авторы – белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов. Фильмге түсуге елімізге танымал актерлармен бірге Семейдегі Абай атындағы және Достоевский атындағы театрлардың актерлары да тартылған. БАҚ өкілдерімен жиын барысында «Қазақфильмнің» вице-президенті, бас редакторы Дидар Амантай бұл туынды ұлттық масштабтағы фильм екенін атап өтті. «Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Құнанбай» туындысын жарыққа шығарды. Фильмнің режиссері Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Досхан Жолжақсынов. Жалпы, Құнанбай образы – өте күрделі образ. Тіпті, Құнанбайдың образы қандай екенін оның Абайдың әкесі болғанынан да аңғаруға болады. Бір Абайдың өзі Құнанбайдың басына жетеді. Бірақ, Құнанбай өз алдына қайраткер, тұлға болған. Ол орыстың низамын, дала тәртібін және шариғат жолын қатар ұстанған, ел басқарған, қазақты ілгері оздырамын, ел қыламын деп еңбек еткен ұлы тұлға. Құнанбай образы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан көрінеді. Бірақ, Досхан ағамыздың фильмі «Абай жолының» желісі бойынша емес, Құнанбай туралы деректерден құралған сценарий. Тіпті, романтикалық сарындағы сағынышқа толы фильм деп баға беруге де болады. Бұл – даланың сол кездегі алмағайып заманда, жаугершілік дәуірі аяқталып, қазақтың жаңа заманға аяқ басқан кезіндегі Абайдың дәуірін анықтайтын фильм», – дейді Дидар Амантай. Ал белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов «Құнанбай» фильміне музыка жазу оңайға түспегенін айтады. «Досханмен бірге екінші фильмге композитор ретінде қатысып отырмын. Бірінші фильм «Біржан сал» болатын. «Біржан салға» музыка жазғанда Досхан екеуміздің мақсатымыз – Біржанның әндерін басқа лебізбен халыққа ұсыну болды. Ал «Құнанбай» фильміне музыка жазу маған оңай болған жоқ. Себебі өте терең оймен түсірілген кино. Фильмге музыка жазу үшін осы киноны мың мәрте көріп шықтым десем болады. Киноның әрбір эпизодына лайықты әсер қалдыратын музыка жазу керек болды. Сондай-ақ, Құнанбайға Абайсыз музыка жазу мүмкін емес. Абай тек қана ұлы ақын, ұлы философ болған жоқ, ұлы композитор болды. Сондықтан, Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» әнінің әуенін алдық. Жалпы, менің ойымша, сол кезде біздің қазақ халқының басынан өтіп жатқан жағдай, ең бастысы, Құнанбайдың басынан өткен оқиғалар Абайдың трагедиялық үні бар «Қараңғы түнде тау қалғып» әніне келеді. Сондықтан, осы әуенді алып, киноға қолдандым». Фильмнің режиссері әрі бас рөлді сомдаушы Досхан Жолжақсынов киноны түсіру жұмыстарын бастамас бұрын, әруақтан «рұқсат сұрадық» дейді.
Фильмге дайындық алдында түсірілім тобы Құнанбайдың басына барып, құран бағыштап, асын берген. Артынан ат жарыстырып, бәйге де өткізіпті. «Шыны керек, фильмді түсірмес бұрын, әруақтан рұқсат сұрау біздің міндетіміз болды. Сондықтан Құнанбай бабамыздың Ақшоқыдағы басына барып, ту бие сойып, ас бердік. Абай ауданының орталығында бәйгесін өткіздік. Осындай шаралардан кейін ғана фильмді түсіруді қолға алдық», – дейді Досхан Жолжақсынов. Аталмыш фильм жалпыұлттық прокатқа 25-ші мамырдан бастап шықпақ. Жаңа туындының сапасы мен көркемдік деңгейін көзі қарақты көрермен қауым алдағы уақытта бере жатар. Ал жаңа фильмді алғашқылардың бірі болып көруге келген зиялы қауымның қарасы қалың. Олардың «Құнанбай» фильмі туралы айтар пікірлері жоғары бағамен өлшеніп, алған әсерлері ақжарма тілектерінен байқалып жатты.
Астана қаласы