222
Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстан теңдікті жақтайды
Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстан теңдікті жақтайды
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада елімізде тіркелген дипломатиялық миссиялар басшыларымен кездесті. Басқосуда Қазақ елінің басқа мемлекеттермен ұстанатын саяси қағидалары, дипломатиялық ынтымақтастық, халықаралық қауіпсіздік жүйесін нығайт
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада елімізде тіркелген дипломатиялық миссиялар басшыларымен кездесті. Басқосуда Қазақ елінің басқа мемлекеттермен ұстанатын саяси қағидалары, дипломатиялық ынтымақтастық, халықаралық қауіпсіздік жүйесін нығайту, Украинадағы қарулы қақтығыстарды тоқтату, ондағы ширыққан саяси ахуалды тұрақтандыру, Қазақстан үшін маңызды мерекелерді тойлау сияқты басқа да маңызды мәселелер қаузалды.
«Қақтығыстар тоқтасын»
Өркениетаралық және дінаралық татулықты дамытуға Қазақстанның үлес қосып отырғанын айтқан Елбасы: «Біздің бастамамызбен өткізілген Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының құрылтайы халықаралық тұрғыдан мойындалған келіссөздер алаңына айналды. Біз сіздердің мемлекеттер делегацияларын үстіміздегі жылдың маусымында Астанада ұйымдастырылатын Бесінші Құрылтайға шақырамыз. Биыл әлемдік қоғамдастық Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 70 жылдығын, Хельсинки Қорытынды актісінің 40 жылдығын және жаңа Еуропаға арналған Париж Хартиясының 25 жылдығын атап өтеді. Осы мерейтойлық даталар қазіргі заманғы халықаралық қауіпсіздік саласындағы ахуал жөнінде терең ойлануға және ашық сөйлесуге себеп болуға тиіс», – деп мәлімдеді.
Украинаның оңтүстік-шығысында болған қарулы қақтығыстар салдарынан 5 мыңнан астам адамның ажал құшқанын еске салған Елбасы ол жақтағы ахуалдың тез арада тұрақтануын қалайды: «Украинадағы шиеленістің ушығып кететінін, жазықсыз жандардың қаза табатынын ешкім күткен жоқ. Бұл украин халқының үлкен қасіреті. Қазақстан бұл дағдарыстың шешу жолдарын табуға белсене атсалысты және алдағы уақытта да атсалыса береді. Бұл ешкімді бей-жай қалдырмауы тиіс».
Үстіміздегі жылдың 12 ақпанында Украина, Ресей, Германия мен Франция басшылары «нормандтық үлгідегі» кездесуін өткізді. Аталған басқосуда көтерілген мәселелер мен олардың шешілу жолдарын, келіссөздер қорытындысын Қазақстанның қолдайтынын жеткізген Нұрсұлтан Назарбаев тараптардың өзара түсіністік пен келісімге бейіл болғанына тоқталды: «Бұл өте күрделі әрі маңызды келіссөздер болды. Біз ұстамдылық танытқан, мәмілеге келуге және көшбасшылыққа әзір болған мемлекеттер басшыларына қошемет көрсетуге тиіспіз. Олар бірінші кезекте қантөгісті тоқтату жөнінде маңызды жұмыс жүргізді. Осыны күткен барша әлемдік қоғамдастық секілді, біз қол жеткен уағдаластықтарды орындауға, оқ атуды тоқтатуға және қалған саяси мәселелерді шешуге шақырамыз. Украинаның оңтүстік-шығысындағы қақтығысты бейбіт шешуден басқа балама жоқ екеніне нық сенімдіміз».
Жер шарындағы көлемі мен қатері ұлғайып келе жатқан даулар ошағының алдын алу үшін халықаралық қауіпсіздік жүйесін нығайтуды ұсынған Елбасы: «Сенімді, барынша орнықты әлемдік тәртіпті қалпына келтіру үшін халықаралық құқықтың түпкі қағидаттарын тағы да растау қажет. Қазіргі жағдайда халықаралық шарттар мен келісімдер бойынша өз міндеттемелерін ешқандай мемлекеттің қалыс қалмай сақтауы өте маңызды. Қазақстан теңдікті, мүдделерді өзара ескеру, негізгі проблемаларды халықаралық құқыққа және БҰҰ-ның орталық рөліне сүйене отырып ұжымдық реттеу қағидаттарын бекітуді жақтайды», – деді.
Кездесу барысында Қазақ елінің басшысы 2010 жылы желтоқсанда Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитіне қатысушы мемлекеттер біздің еліміздің ортақ еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығын құру туралы идеясын қолдағанын жеткізді. «Бүгінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің осы тәжірибесіне қажеттілік бар. ХХІ ғасырдың сын-қатерлеріне орай біз 1975 жылғы Хельсинки актісіне ұқсас, тұжырымдық тұрғыдан мүлде жаңа шарт әзірлеуге кірісуді ұсынамыз. Ол өзара мүдделердің және ЕҚЫҰ Астана декларациясының қағидаттарын нақты іс жүзіне асырудың негізінде қауіпсіздіктің жаңа жүйесін құру мәселесін қарастыруы тиіс. Осы тарихи міндетті шешу үшін барлық көшбасшылардан саяси ерік-жігер және болашаққа бағытталған жаһандық ойлау машығы қажет етіледі», – деп мәлімдеген Елбасы халықаралық қауіпсіздік жүйесін дамытатын жолдарды ұсынды. Президенттің пікірінше, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мейлінше тиімді жолы – мемлекеттердің тығыз экономикалық ынтымақтастығы. Экономикалық серіктестігі мығым елдердің мақсаты мен мүдделері де жиі тоғысатыны анық. Соңғы кездері әлемдік саясатта дау тудырған мәселелерге орай, наразы елдер жариялайтын сан алуан санкциялар жекелеген мемлекеттерге ғана емес, әлемдік экономикаға кері әсер етуде. Елбасы дүние жүзіне ортақ осы мәселені де қозғады: «Бүгінде Батыс пен Ресейдің өзара экономикалық санкциялары әлемдік экономикадағы онсыз да күрделі ахуалды қиындатып, елдер мен халықтардың жағдайын нашарлатуда. Әлемдік қоғамдастықтың мүшесі ретінде Қазақстан да бұдан қалыс қалып отырған жоқ. Осыған орай, 12 ақпанда Минскіде қабылданған декларацияның «Атлантикадан Тынық мұхитқа дейін ортақ экономикалық кеңістік құру идеясына бейілділікті» қарастырғаны маңызды. Қазақстан өз тарапынан сыртқы экономикалық байланыстарды және өңірлік ықпалдастықты кеңейту бағдарынан айнымайды».
«Еуразиялық Одаққа қызығатындар көп»
Қазақстан, Беларусь пен Ресей арасындағы келісімдерге байланысты 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы Шарт күшіне енді. «ЕАЭО негізінде егемендікті, экономикалық прагматизмді, теңдік пен ашықтықты құрметтеу қағидаттары жатқанын, онсыз бір де бір бірлестік өмір сүре алмайтынын айрықша атап өтемін. Әлден-ақ он шақты елдің ЕАЭО-мен еркін сауда аймағын құруға қызығушылық танытуы Одақтың тараптарға тиімді екенін байқатады», – деген Елбасы қазіргі таңда күн тәртібіне шыққан басты мәселелер қатарында ядролық қатер тұрғанын ескертті: «Ядролық қаруды жалпыға бірдей горизонтальды және вертикальды таратпаудың жаңа әмбебап Шартын әзірлеу жөніндегі біздің бастамамыздың өзектілігін атап өткім келеді. Қазақстан ядролық қаруды таратпау режимін нығайту бағытында күш жұмсауды жалғастыруда. Нью-Йоркте Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құру туралы Хаттамаға қол қою осы бағыттағы сәтті жетістіктің бірі болды».
Дипломаттармен әңгіме барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Вашингтон мен Сеулде өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттерде барлық елдердің ядролық қарусыз әлем идеалдарына ұмтылуға деген тәуекелі көрініс табатын Жалпыға бірдей ядросыз әлем декларациясын қабылдау идеясын ұсынғанын айтты. «Бұл – оңай мәселе емес. Егер өркениетті сақтап қаламыз десек, бәрібір осы бағытта алға жылжуымыз керек», – деп мәлімдеген ол 2015 жылы еліміз халықаралық байланыстарды белсенді түрде кеңейтіп, тереңдете түсу бағытын жалғастыра беретінін жеткізді: «Біздің басымдықтарымыз тұрақты, еліміздің Сыртқы саясаты туралы қабылданған тұжырымдамада көрініс тапқан. Өткен жылдың желтоқсан айында Ресей Федерациясымен ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шарт күшіне енді. Бұл құжат барлық саладағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың екіжақты қарым-қатынастарын нығайту ісін көрсетеді. Біз өз арамызда сенім қатынастары орныққан Қытай Халық Республикасымен тұтас стратегиялық ынтымақтастық пен тату көршілік қатынасты одан әрі нығайта түсуге ниеттіміз».
«Түркі елдерімен байланыс күшейеді»
Түбі, діні, ділі, тарихи, мәдениеті мен тілі ортақ Орталық Азия мемлекеттерімен өзара байланыс, қарым-қатынасты дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін айтқан Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан үшін Еуропалық Одақтың орны бөлек екенін, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестер қатарындағы Еуроодаққа мүше елдермен ынтымақтастық арта беретінін айтты. Тәуелсіздік алған сәттен бастап көпвекторлы саясатты ұстанған Қазақ елі қазір Америка Құрама Штаттарымен арадағы серіктестік пен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Америкамен стратегиялық серіктестік аса маңызды екенін айтқан Елбасы қарым-қатынастарды дамыту үшін қажет бірқатар бағыттарды айқындап берді: «Біз Азия-Тынық мұхит өңірі елдерімен және өңірлік құрылымдарымен экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты жандандыра түсуді көздеп отырмыз. Қазақстан Орта және Таяу Шығыс мемлекеттерімен тарихи және рухани тығыз байланыс жасай отырып, екі жақты негізде әрі өңірлік ұйымдар аясында серіктестік орнықтыратын болады. Ауғанстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына жәрдем етуді жалғастыра береміз».
Әлемдік саяси сахнада соңғы жылдары қызу пікірталас тудырған тағы бір маңызды жайт – Иранның ядролық бағдарламасы. Президенттің пікірінше, осы тақырыптағы келіссөздер 2015 жылы да жалғасады және барлық тараптардың көңілінен шығатын ортақ шешім қабылданады: «Бұл – біздің экономикалық байланыстарымыздың да, саяси байланыстарымыздың да тұтастай дамығанын қалайтын көршіміз әрі серіктесіміз».
Дипломаттармен кездесуде Африка құрлығы, Латын Америкасы, Кариб теңізі елдері де Елбасының назарынан тыс қалған жоқ. Кейінгі кездері аталған аймақтармен арадағы қарым-қатынастар нығая түсіп, осы өңірлердегі бірқатар мемлекеттерде Қазақстанның елшіліктері ашылды. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы дипломатиялық корпус өкілдерінің қызметін толық қолдайтынын айтып, олардың мемлекеттерімен арадағы қатынастардың дамуына үміт артатынын білдірді.
Елбасымен кездескен дипломаттардың бірі – Дипломатиялық корпус дуайені, Ресей Федерациясының Төтенше және Өкілетті елшісі М.Бочарников Қазақстандағы барлық шетелдік дипломаттар атынан Мемлекет басшысына және бүкіл Қазақстан халқына табыс пен бақ-береке тіледі. Қазақстанның белсенді халықаралық қызметін дипломатиялық корпус лайықты бағалайтынын айтқан ол: «Бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғанындай, 2014 жылы Сіздің қатысуыңызбен халықаралық сипаттағы 150-ге жуық кездесу мен іс-шара өтті, соның 8-і екіжақты қарым-қатынастар аясындағы шетелдік сапар болса, 17-сі мемлекетаралық саммит және 4-еуі халықаралық форум. Біз Сіздің Украинадағы дағдарысты реттеуге, «норманд төрттігі» форматындағы кездесуді шақыруға жұмсаған күш-жігеріңізді зор құрметпен қолдаймыз», – деді.
Қазақ елі үшін 2015 жылы аса маңызды тарихи шараларға тоқталған ол Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын тойлауға біздің елімізде дайындық жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатқанына назар аударды. Сонымен қатар ресейлік елші дипломатиялық корпустың Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын, Конституцияның 20 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту сынды жалпыұлттық негізгі іс-шараларға қатысуға дайын екендігін атап өтті.
Н.Жоямергенқызы