424
Жас футболшылар Кореяда топ жарды
Жас футболшылар Кореяда топ жарды
Оңтүстік Қазақстан облыстық футбол мектебінің тәрбиеленушілері Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық турнирде чемпион атанды. Мұндай жеңіс түстіктің әр жылдардағы балғын спортшыларына 25 жылдан кейін енді бұйырып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шымкенттегі «Локоматив» стадионында футбол мектебінің ұжымы Кореядан оралған жастарға құрмет көрсетті. Осыдан бір апта бұрын жалауы көтерілген Азия лигасындағы халықаралық турнирде күнгейлік спортшылардың топ жаруы оңай болған жоқ. Өйткені, мұнда әлемнің ең мықты деген 24 командасы бақ сынады. Футболшылар 8 ойын өткізіп, оның алтауында жеңіске жетті.
Бұл - оңтүстікқазақстандық аяқ доп шеберлерінің шығыс Азияға жасаған алғашқы сапары болатын. Жас футболшылар жартылай финалда кореялық «Байол найвен» командасымен ойнап, 2:0 есебімен ұтты. Бұл жетістік олардың финалға шығуына мүмкіндік берді. Ақтық ойында кореялық чемпиондармен кездесіп, 1:0 есебімен жеңіске жеткен.
Оңтүстік Кореяның Ульджин қаласында өткен турнирде 12 жасар Санжар Ергеш «Кореяның үздік қорғаушысы» атанды. Спорт мектебінің түлектері бұл жарыстан бөлек, басқа додаларда да үздіктер қатарынан көрінді. Дене шынықтыру және спорт басқармалары арасында өткен Қазақстан чемпионатында 12 команданың ішінен бас жүлдені жеңіп алған болатын.
Сондай-ақ, Футбол федерациясының ұйымдастыруымен Қостанай қаласында өткен Қазақстан біріншілігінде бірінші орын тұғырынан көрінген еді.