619
Тонықұқ кешені: талқыға түскен жәдігер
Тонықұқ кешені: талқыға түскен жәдігер
Тонықұқ кешені Моңғолияның астанасы Ұланбатырдан 40 шақырымдай оңтүстік-шығыс бағытында, Налайх ықшам ауданымен шекаралас Төв аймағының Эрдэнэ сумына және Толы өзеніне жақын орналасқан. Жуырда Тонықұқ ескерткішіне арнайы барып, тарихи мұраның өте қиын жағдайда екенін көзбен көріп, көңілімізге кірбің түсті. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген кешеннің айналасын жыртылып, егістік алқабына айнала бастаған екен. Жер жеке пайдалануға беріліп, түрлі демалыс кешендері салынған. Көптеген тарихи ескерткіштер құрылыс материалы ретінде қолданылғанға ұқсайды. Тонықұқ ескерткішінен солтүстікке қарай созылған балбал тастардан 1-2 метр қашықтықтан жер жыртылып, айдау түскен. Балбал тастар сынған, бөлінген, жерге кіріп кеткен, құрылысқа алынып кеткен. Екі жыл бұрын барғанымда 130-дай балбал тас санаған едім, қазір тіпті есеп жүргізудің өзі мүмкін емес жағдайға жетіпті.
Ең алғаш, Тонықұқ кешені 1897 жылы Д.А.Клеменц бастаған Ресей Имериясының Географиялық қоғамы Орхон экспедициясы барысында анықталған. Осыдан кейін Тонықұқ кешеніндегі көне түрік тарихы жырмен жазылған бітіктастарды көптеген ғалымдар зерттеді.
1902 жылы С.Кэмпбелл есімді ағылшын азаматы Батыс әлемінен алғашқылардың бірі болып Тонықұқ ескерткішін көзбен көріп, естелік жазып алады.
Тонықұқ ескерткішінде Г.Р.Рамстедт (1909), Б.Я.Владимирцов және Б.Бародин (1925), Н.Сэр-Оджав (1957), моңғол-түрік бірлескен экспедициясы (2015-2016) қазба жұмыстарын жүргізді. 1898 жылы В.В. Радлов бітіктастардың қағаз көшірмесін жасап, аудармасын жариялайды. Одан өзге ескерткіш туралы Х.Н.Орхун, М. Спенглинг, С.Е.Малов, П. Аалто, Р. Жиро, М. Ергин, Г. Клоусон, Ғ. Айдоров, А.С.Аманжолов, Б. Базылхан, Т. Текин, Қ. Сартқожа, Н.Базылхан ж.т.б мәтіндік зерттеу жүргізді. Тонықұқ атауына байланысты ғалымдар сан түрлі болжам жасаған. Солардың ішінде түркітанушы Нәпіл Базылханның пікіріне тоқталсақ. «Тұнық // Тұнұқ – «тұнық, тұңғиық, тереңге жеткен» немесе «кіршіксіз таза мөлдір, сұңғыла» деген мағыналы сөзге +ұқ // оқ «ұғым, ой, білгірлік» деген мәнді біріккен сөзі «тұңғиық таза ақыл ойдың иесі, хакімі» Тұнық-ұқ // Тұнұқ-ұқ деген ұлы бабамыздың ырым-жосындық аты деп танимыз» (Н.Базылхан. Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. II том. Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері (Орхон, Енисей, Талас). Алматы, Дайк-Пресс, 2005.108-бет.).
Тонықұқ көне Түрік қағандығының негізін қалаушылардың бірі, мемлекетік басқару ісінде ерекше орны болғаны белгілі. Қағандықтың идеологиясына ықпалды тұлға болғаны туралы деректер де кездеседі. Л.П.Потаповтың «Алтайдағы шаманизм» атты әйгілі еңбегінде былай деп жазылған: «...когда речь шла о возможности внедрения к древним тюркам буддизма, против чего и выступил Тоньюкок: «Нам не следует возводить постоянные строения и тем самим разрушать свой старый обычай оставаться ничем не связанными. В противном случае Танская империя уничтожила бы нас. Кроме того, буддийские и даосийские учения приносят людям представления о доброте и слабости, а это не является верным путем для ведения войны и завоевания власти» ( Потапов Л.П. Алтайский шаманизм. – Ленинград, «Наука», 1991. – 89 с.).
Тонықұқтың өзге элиталық көне түрік ескерткіштерінен ерекшелігі – екі бірдей бітіктасының болуында. Көне түрік тіліндегі төл жазуымызбен жазылған бітіктастарда екінші көне Түрік қағандығының тарихы, көшпелі тайпалар, олардың Қытаймен қарым-қатынасы және тағы басқа өзекті мәселелер туралы құнды мағлұматтар бізге жетіп отыр. Гүлді өрнек қашалған барық қоршауларының көркемдігі де айрықша.
Көне Түрік қағандығының Құтлық, Қапаған, Білге сияқты үш қағанның тұсында кеңесші, ақылшы болған Білге Тонықұқ тәрізді ұлы тұлғаға арнап шамамен 720 жылы салынған. Ескерткіш тау ортасындағы жазиралы жазық далада, ежелгі дәстүрге сай ас өткізуге ыңғайлы кеңістікте орналасқан. Кешенде көне түрік жазулы қос бітіктастан бөлек бірнеше адам денесі бәдізделген бәдізтастар, солтүстікке қарай созылған балбал тастар тізбегі бар. Осы бағаналы балбал тас тізбегін қосып есептегенде кешен ұзындығы 1,3 шақырымға созылады. Бұл кешеннің құрылысы Моңғолиядағы өзге де көне түрік дәуірі элиталық табыну, еске алу орындарына тән белгілермен бой көтерген. Бұл әйгілі кешеннің қасында тағы да екі көне түрік ғұрыптық кешені анықталған. «Кешен – 2» деп аталатын ескерткіш Тонықұқ ескерткішінен солтүстік-шығысқа қарай 582 метрде орналасса, «Кешен – 3» ескерткіші «Кешен – 2» тарихи нысанынан солтүстік-батыс бағытына қарай 740 метрде (Тонықұқ кешенінен 1 167 метр солтүстікке қарай) орын тепкен. Ғалымдардың болжауынша, бұл қос кешен де Тонықұқ данышпанға арналған. Оған кешендердің өзара жақын орналасуы түрткі болып отыр. Бұл аймақта бұдан да өзге жерлеу, ас өткізу, құрбандық шалу рәсімдері бойынша әртүрлі сипаттағы ірілі-ұсақты ескерткіштерді жиі кездестіруге болады. Сол себепті бұл аймақты тұтас рухани-мәдени мемлекеттік нысан ретінде қорғауға алу көшпелі түрік-моңғол халықтары үшін өте маңызды болып табылады. Қала берді, бұл бүкіл адамзат үшін құнды мұра.
Көне түрік қағандығы Корей түбегінен Балтық жағалауына дейін созылған ұлы империя ретінде жаһандық тарихтан ойып тұрып өз орнын алды. Қыпшақ пен моңғол XIII ғасырда ғана өзара ерекшеленіп, бір-бірінен ажырай бастағанын археологиялық және этнографиялық материалдар негізінде анық аңғарамыз. Сондықтан, көне түрік дәуірі (VII-IX) ескерткіштері түрік халықтары ғана емес, моңғол жұртына да тікелей қатысты асыл мұра. Түрік қағандығының элиталық ғұрыптық кешендері (Білге қаған, Күлтегін, Тонықұқ ж.т.б.) негізінен Моңғолия территориясында шоғырланған. Олар қайта жаңғыртылған жағдайда Моңғолия мемлекеті үшін туристік тарихи нысан ретінде экономикалық тұрғыдан да үлкен қызмет атқарары сөзсіз.
2002 жылы Моңғолия мемлекеті шешіміне сәйкес Тонықұқ кешені айналасынан 65 шаршы километр қорғауға алу туралы шешім шыққан болатын. Соңғы жылдары ТИКА ұйымы Тонықұқ кешенінің барығы мен бітіктастарын қоршауға алған. Қоршау жасаушылар кей жағдайда кешеннің негізгі бастапқы қалпына зақым келтірген. Қоршау іргетасына цементпен араластырып, тарихи жәдігер саналатын ескерткіштің (шатыр бөлшектері) кейбір сынық бөліктерін де қолданғанға ұқсайды. Сондай-ақ құрбандық шалу орындары, балбал тастар, жақын маңайдағы өзге екі кешен және тағы басқа ескерткіштер қоршаусыз, тіпті ескерусіз қалған.
1957 жылы қазба жұмысы жасалып, аршылған кешеннің кейбір жерлер әлі күнге сол қалпы тұр. Содан бері адамдар мен табиғат факторларынан ескерткіштің жағдайы күн санап нашарлай түсуде жатыр.
Тонықұқ кешеніне 2014 жылы 11 шақырым жол салынғаннан кейін жергілікті ықпалы күшті адамдар қолданыссыз жатқан жерді жеке мүдделеріне қолдана бастады.
Тонықұқ кешенінің балбалдар тізбегінің оң жағынан қапталдай темір шарбақ түсіп, егістікке арнап жер жыртылған (Жыртылған жер 440*420*165*84 метр көлемді қамтиды). Жер айдалып қана қоймаған, айналасында әртүрлі қоқыстар да шашылып жатыр.
2015 жылы Моңғолияның Конституциялық Сот судьялары жеке қолданыстары үшін үлкен демалыс кешенін салған. Олар ғимаратты ғана салып қоймай, жан-жағын биік бетонмен қоршаған. Бұл «Кешен – 3» ескерткішінен батысқа қарай 239 метр қашықтықта орналасқан. Тарихи нысан арнайы қорғауға алынбаған себепті, ескерткіш айналасындағы көркем алқапты жеке мүдделеріне қолданушылар тарапынан бүлдіру, ластау, ескерткіштерді жою үрдісі толастар емес.
2015 жылдың тамыз айында Тонықұқ кешенінің шығысынан жер қазылып, 630 метр төте жол салына бастады.
2016 жылдың көктем-жаз айларында Конституциялық Соттың демалыс кешені жақтан, Тонықұқ ескерткішінің солтүстік-батысынан 520 метр болатын қоршау салынды.
2016 жылдың көктемінде Тонықұқ кешені мен «Кешен – 3» нысаны аралығында терең арықтар қазылған. Бұл арықтар Тонықұқ кешенінен солтүстікке қарай 80 метр созылса, «Кешен – 3» тарихи нысанынан оңтүстікке қарай 480 метр қашықтықты алып жатыр. Сондай-ақ, атаулы арықтар «Кешен – 2» нысанының өте жақын орын тепкен. Терең қазылған арық «Кешен – 2» нысанынан оңтүстік жағынан бар-жоғы 12 метрден өтеді. Бұл тіктөртбұрышты арықтар 179200 шаршы метрді жерді айналдыра сызған. Егер бұл арықтар бойымен қоршау жасалса, Тонықұқ кешені маңындағы темір сым тартылған қоршаудан 66 есе үлкен аумақ қолданысқа өтетін түрі бар.
Тонықұқ ғұрыптық кешеніндегі тас мүсіндер саны жылдан жылға кеми түскенін мынадан байқауға болады. 1957 жылы 9 тас мүсін болса, 1983 жылы 8 тас мүсін қалады. 2015 жылы 7 тас мүсін сақталғаны анықталған (2 тас мүсін кешен орнында, 3 тас мүсін жақын маңдағы базада, 2 тас мүсін Моңғолия ұлттық музейінде сақтаулы).
Тонықұқ кешінінде екі барық болса, сол барықтардың қоршау плиталары жыл санап жоғалып отырғанын да деректерден аңғарасыз.
1957 жылы бірінші барықта 4 қоршау плитасы және жерге төселетін плитаның жартысы болса, 1983 жылы 3 қоршау плитасы, 2 қоршау плита бөлшегі, ¼ төселетін плита қалдығы анықталған. Екінші барықтың жағдайы мүлде мүшкіл. 1957 жылы онда бар-жоғы 2 қоршау плитасы болса, 1983 жылы 1 қоршау плитасы ғана қалып, 2015 жылы бірде-бір қоршау плитасы орнынан табылмайды (Munkhtulga Rinchinchorol. Protection of Cultural Heritage in Urban Areas in Mongolia: The Tonyukuk Complex. Cultural Heritage Protection Cooperation Office, Asia-Pacific Cultural Centre for UNESCO. ACCU Nara International Correspondent. The Seventeenth Regular Report. Vol.17.2017. 32-38 p.).
Тонықұқ кешенінен тізбектелген балбал тастар саны 1957 жылы 400 болса, 1983 жылы 286 балбал тас қалған. Ал 2015 жылы 280 балбал тас ресми есепке алынған екен. Бірақ, осы жолдардың авторы 2015 жылы Тонықұқ басына барғанда қатты бүліне қоймаған 130-дан балбал тасты санап шыққан болатын. Көбі жер астында, бөлшектенген, қираған қалпында. Соған қарағанда, ресми санаққа балбал тастың сынық бөлшектері де кіргенге ұқсайды.
1300 жылдық тарихы бар аса құнды тарихи-мәдени жәдігер жойылу алдында тұр. Моңғолияның жергілікті әкімшілігі мәдени құндылықтарды сақтау жөніндегі заңды белден басып, халықаралық мәні бар бағалы мұраға зиян келтіріп отырғаны өкінішті.
Арман ӘУБӘКІР,
Р.Б. Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының
PhD докторанты