833
Рзабек Артығалиев: "Теңізшевройл" - Қазақстан үкіметімен серіктес
Рзабек Артығалиев: "Теңізшевройл" - Қазақстан үкіметімен серіктес
Әлемдік нарықтағы көмірсутегінің құны күрт төмендеді. Бұл энергетикалық шикізаттан түсетін кіріс пен пайдаға кері әсер еткені белгілі. Бірақ Қазақстан сияқты табиғи ресурстарға бай мемлекетте мұнай мен газ саласында техникалық мамандар дайындау аса маңызды. «Теңізшевройл» компаниясының Үкіметпен және қоғаммен байланыс бөлімінің Бас менеджері Рзабек Артығалиев мырзамен сұхбаттасқан едік. Әңгімеміз осыған орай өрбіді.
«Игілік» ел игілігіне арналған
– Рзабек Дәуітұлы, соңғы жылдары бүкіл әлем бойынша мұнай мен газ саласынан түсетін кірістің күрт төмендегені белгілі. «Теңізшевройл» компаниясындағы ахуал қалай? – 2015-2016 жылдары мұнай бағасының күрт құлдырауы барлық мұнай-газ компаниялары табыстарының қысқаруына әкеліп соқты. – ҚР Энергетика министрлігі жуырда ТШО жүзеге асыратын жаңа жоба мұнай өндіру және барлау салаларына қосымша инвестиция тартуға себептесетінін мәлімдеген еді. Осы жоба туралы таратыңқырап айтсаңыз... – Келешек кеңею жобасы (ККЖ) және Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ҰЕҚБЖ) өндіріс көлемдерін арттыру және қолданыстағы қуаттардың өнімділігін сақтау үшін Теңіз кенішінде бір мезгілде жүзеге асырылатын біріккен жобалар болып табылады. Бүгінде әлемдік энергетика саласында жүзеге асырылып жатқан ең ірі әрі күрделі жобалардың бірі болып табылатын ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасы Теңіз кенішінің жылдық мұнай өндірісі көлемін шамамен 12 млн тоннаға арттырып, жалпы мұнай өндіріс көлемін 39 млн тоннаға дейін жеткізеді деп болжануда. Жоба нысандары алдымен модуль күйінде басым бөлігі Қазақстан, Оңтүстік Корея және Италияда жасалып, соңғы құрастыру үшін Теңіз кен орнына тасымалданатын болады. ККЖ-ҰЕҚБЖ жалпы жобалау жұмыстарының 60 пайызын аяқтады. Теңіз кен орнындағы инфрақұрылым нысандарын салу жұмыстары, сонымен қатар Жүк тасымалдау бағдары (ЖТБ) жобасы аясындағы жұмыстар жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасының Маңғыстау облысындағы ЕРСАЙ өндірістік алаңында құбыр эстакадаларын жасау жұмыстары 2016 жылдың қазан айында басталып, қазіргі таңда жоспарға сай жүргізілуде. ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасын іске асыру жергілікті тауарларды, қызметтерді пайдалану және қазақстандық қызметкерлерді жұмысқа тарту, оқу бағдарламаларын жүзеге асыру, елде мұнай өндірудің жаңа технологияларын енгізу, жергілікті кәсіпорындардың әлеуеті мен қуаттылықтарын арттыру арқылы, сонымен қатар «Теңізшевройлдың» әлеуметтік даму бойынша бағдарламаларын жүзеге асыру арқылы Қазақстан Республикасының экономикасына қосымша пайда әкелетін болады. – Кез келген мекеме елдегі жұмыссыздықпен күреске үлес қосатыны белгілі. «Теңізшевройлда» қосымша жұмыс орындарын ашу көзделген бе? – Құрылыс және модульдерді жасау жұмыстарының шарықтау шегінде шамамен 20 000 жұмыс орны ашылмақшы. ТШО және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өзара тиімді ынтымақтастығының арқасында табысты нәтижелерге қол жеткізілді. ТШО және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасында ТШО ККЖ-ҰЕҚБЖ мердігерлері және қосалқы мердігерлері бос жұмыс орындары туралы ақпарат жариялау және қызметкерлерді іріктеу үшін www.enbek.kz бірыңғай веб-порталын пайдаланатындығы туралы келісім жасалды. Жұмысқа орналастыру бойынша www.enbek.kz бірыңғай цифрлық алаңы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің меншігінде. Қазіргі уақытта оның дерекқорында 4 мыңнан астам бос жұмыс орны тіркелген. – Сіздерде қауіпсіздік мәселесіне қаншалықты көңіл бөлінеді? – «Теңізшевройл» өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында жұмыс күнінің шығындалуына әкелетін оқиғалар және жалпы тіркелетін оқиғалар секілді стандартты көрсеткіштер бойынша жетекші орындарды ұстап отыр. 2016 жылы ТШО қызметкерлері мен мердігерлері жұмыс күнін жоғалтуға ұласқан жарақаттану көрсеткішінсіз 55 млн сағаттан астам жұмыс істеді. Біздің компания өз тарихында осындай көрсеткішке алғаш рет қол жеткізіп отыр. Аталған статистикалық мәліметтер шынында да әлемдік деңгейдегі жұмыс нәтижелерін көрсетсе де, «Теңізшевройл» жұмыс орындарында жарақаттану деңгейін нөлге жеткізуді қамтамасыз етуге ұмтылады және де бұл бағыттағы жұмыс көрсеткіштерін жақсартуда үздіксіз жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар Келешек кеңею жобасы мен Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік дамуға назар аудара отырып, жүзеге асырылады. Кәсіпорын қызметі барысында Қазақстан Республикасы заңдары мен нормативтерін, ТШО-ның ішкі саясатын және «Шеврон» компаниясының корпоративті стандарттарын басшылыққа алады. – Әлеуметтік корпоративтік жауапкершілік тұрғысынан алғанда, «Теңізшевройл» қандай мәселеге баса назар аударады? – ТШО бизнестің корпоративті жауапкершілігіне ерекше көңіл бөледі. Өз қызметін Қазақстан Республикасы Үкіметімен серіктестік қарым-қатынас негізінде жүргізіп отырғандығын аса жоғары бағалайды, сонымен қатар «Теңізшевройл» кәсіпорынның барлық қызметі этикалық және корпоративтік жауапкершіліктің ең жоғары стандарттарға сай екендігіне кепілдік береді. Біздің қызметіміздің нәтижесі – адамдар өмірінің іс жүзінде жақсаруына барлық күш-жігерімізді саламыз. Корпоративтік жауапкершілік компания қызметінің және Қазақстан Республикасы алдындағы міндеттемеміздің негізгі құрамдас бөлігі саналады. 1993 жылдан бастап ТШО Атырау облысы тұрғындары мен қызметкерлерінің игілігі үшін түрлі әлеуметтік жобаларға 1,3 миллиард АҚШ долларынан астам қаражат жұмсады. ТШО-ның 2017 жылғы бюджетінде ерікті «Игілік» әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасын қаржыландыруға 25 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлінді. Осы бағдарлама арқылы «Теңізшевройл» Атырау облысының әкімдігімен тығыз жұмыс істей отырып, әлеуметтік салаға қомақты көлемде инвестиция салуды жалғастыруда. 1993 жылдан бері 200 миллионнан астам АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлініп, 106 жоба жүзеге асырылды, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Компаниямыздың тағы бір әлеуметтік бағдарламасы – жылдық бюджеті бір миллион АҚШ доллары шамасындағы Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы. Бұл бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру салаларына және әлеуметтік кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге бағытталған. Жалпы бағдарлама аясында 50-ден астам жоба жүзеге асырылды.«Қоршаған ортаға зиян келмеуін қадағалаймыз»
– Мұнай мен газ өндіру саласының алдымен экология мен қоршаған ортаға тікелей қатысы бар. Осы орайда, компания шеңберінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – «Теңізшевройл» қоршаған ортаны қорғау саласындағы көрсеткіштерін ұдайы жақсартып отырады. 2000 жылдан бері ТШО қоршаған ортаға əсерді азайтуға бағытталған жобаларға 3 миллиард АҚШ доллар көлемінде қаржы бөлді. Қазіргі таңда компания өндірілген газдың 98 пайыздан астамын кəдеге жаратуда. Зауыт сенімділігін арттыру шараларына жұмсалған инвестициялар зауыттардағы техникалық ақаулар санын жəне олар орын алған кезде шикі жəне қышқыл газды алауларда жағу мөлшерін 2000 жылдан 2017 жылдың 1-тоқсанына дейін аралықта 84 пайызға төмендетуге ықпалын тигізді. 2000 жылдан бері өндірілген мұнайдың бір тоннасына шаққандағы ауаға жіберілген қалдықтар көлемі 70 пайызға азайды. ТШО күрделі жобаларды жүзеге асыру жəне жабдықтардың сенімділігіне жасалған инвестициялар нəтижесінде аталған мерзім ішінде жылдық мұнай өндіру көлемін 2,5 есеге арттырды. Ең маңыздысы, «Теңізшевройл» тұрақты түрде ауаға жүргізіп отырған мониторинг кәсіпорын қызметінің қоршаған ортаға қандай да бір әсерін бағалауға, сонымен қатар ТШО-ның қоршаған ортаны қорғау бойынша бағдарламаларының тиімділігіне талдау жасауға мүмкіндік береді. Бұл мониторинг қоршаған ортаға әсерді азайту немесе мүмкіндігінше болдырмау мақсатында алдын-алу, түзету шараларын жүргізуге және жоспарлауға мүмкіндік береді. Компаниямыз «Теңіз» кенішінің аумағында ауа сапасын бақылау мақсатында, 12 автоматты қоршаған ортаны бақылау станциялар желісін пайдаланады. Қазақстан экологиясындағы өзекті тақырыптардың бірі – қалдықтарды кәдеге жарату. «Теңізшевройл» бұл бағытта әлемдік деңгейдегі көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. 2014 жылдан бастап кәсіпорын «Теңізде» қалдықтарды сұрыптайды, бұл көму полигонына жіберілетін қалдықтар көлемін азайтуға мүмкіндік береді. 2016 жылы «Теңізде» түзілген қалдықтардың 69 пайызы қайта пайдалануға және мамандандырылған мердігер компанияларға қайда өңдеуге жіберілді. Былтыр қыркүйек айында Суды қайта өңдеу нысаны іске қосылды. Ол терең тазартудан өткен техникалық сумен қамтамасыз етіп, мұнай өңдеу нысандарына тазартылған суды пайдалануға мүмкіндік береді. Жер асты суларының ластануына жол бермеу мақсатында «Теңіз» кенорнының аймағында 225 сужинағыш бақылау ұңғымалары бұрғыланған. ТШО-ның «Сарқынды суларды тазарту» және «Суды қайта пайдалану» жобалары ТШО-ға суды анағұрлым тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, қоршаған ортаны қорғау бойынша кешенді ұзақ мерзімді бағдарламаның маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. – Бүгінде халықаралық деңгейдегі кәсіби маман дайындауды ҚР Үкіметі басты мәселелердің бірі деп бекіткен. Отандық маман дайындауға компанияңыз қаншалықты көңіл бөледі? – «Теңізшевройл» жетістіктерге білікті қызметкерлерінің арқасында қол жеткізді. Компания өз қызметкерлеріне үздіксіз инвестиция салып отыр және бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таппақ. ТШО-ның табыстарына қазақстандық қызметкерлерді жұмысқа тарту және оларды дамытуға салған күш-жігері айтарлықтай ықпал етті. Қызметкерлер мен басшылар арасында қазақстандық қызметкерлердің үлесін арттыру мақсатында көптеген бағдарламаларды іске қосты. Бүгінде барлық ТШО құрамындағы жұмыс орындарының 85 пайызы ҚР азаматтарына тиесілі, сонымен қатар орта және жоғары буын басшыларының арасында қазақстандық азаматтардың үлесі 72 пайызға тең. Келешек кеңею жобасы және Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобаларының шеңберінде «Теңізшевройл» мен оның мердігерлері қазақстандық қызметкерлер үшін әртүрлі оқу курстарын өткізеді, соның ішінде инженерлік-техникалық қызметкерлерге, орта буын басшылары мен бригадирлерге, жұмысшыларға және ауыр жабдықтар операторларына арналған оқу курстары, жұмыс нысандарына кіруге рұқсат алу үшін оқу курстары және тағы да басқа курстар бар. Компанияда қызметкерлердің жауапкершіліктері аясын кеңейтумен қатар, олардың лауазымдарын өсіруге мүмкіндік беретін оқыту және дамыту бағдарламалары жүргізіледі. 2017 жылы 1 маусымда Келешек кеңею жобасы мен Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасының (ККЖ-ҰЕҚБЖ) шеңберінде біліктілікті бағалау және кәсіби-техникалық оқыту бойынша форум өтті. Форумның мақсаты – ТШО-ның оқыту бойынша қажеттіліктеріне қатысты ақпарат ұсыну, оқыту және біліктілікті бағалау процесі бойынша күтілетін нәтижелерді түсіндіру, сондай-ақ, жұмысшыларды оқыту үшін талап етілетін сапа стандарттарын еске салу болды. Бұл шара құрылыс жұмыстарына жұмылдырылатын көптеген қызметкерлерге қосымша әлеуетті жергілікті оқу орталықтарын анықтау мақсатында өткізілді. Осы ретте ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасы қажетті жағдайларды қаматамасыз ету және оқу бағдарламаларын жасау мақсатында халықаралық стандарттар мен «Теңізшевройл» талаптарын қолдана отырып, белгіленген бірнеше оқу орталықтарымен бірлесе жұмыс жасамақ. Бұл өз кезегінде ұзақ мерзімді мұра қалыптастыруға септігін тигізеді және тәжірибе мен мүмкіндіктерге жол ашады. «Теңізшевройл» қызметкерлердің біліктілік деңгейін алдыға қойылған өндірістік міндеттерге сай және олардың кәсіби тұрғыдан дамуына себептесу мақсатында қазақстандық мамандарды оқытып, кәсіпқойлығын арттыруды көздейді. – Әңгімеңізге рахмет!