Төрт тараптағы төрт қақпа

Төрт тараптағы төрт қақпа

Төрт тараптағы төрт қақпа
ашық дереккөзі
Төрт тарапта – төрт қақпа. Әр қақпаның алды – мұздай қаруланып, темір тексергіш түрлі құралдармен жабдықталған күзет бекеті. Үсті-басыңыз бен қолыңыздағы сөмкеңіз, тіпті үйден алып шыққан тамақ-сусыныңызға дейін жіті тексеруден аман-есен өткен соң ғана қиял-ғажайыптың әлемі – ЭКСПО-қалашыққа енесіз. Қай қақпадан кірсеңіз де көзге әуелі түсетін нысан – алып көк шар. «Нұр Әлем» дегеніңіз осы. Ал оның алды-артын қоршай қонған, сөйтіп жарты шеңбер құрайтын павильондардың шекесінде қатысушы елдер мен ұйымдардың жалаулары биіктен желбіреп, әрқайсысы өзіне шақырып, «менмұндалап» тұр. Обалы нешік, әрбір павильонның сыртқы көрінісінен-ақ сол елдің қолтаңбасын жазбай тануға болады. Мысырдың павильоны пирамидалардың пішінін еске түсірсе, Катар павильонының сыртқы қабырғасы сары алтындай жалт-жұлт етіп, көздің жауын алады. Кариб қоғамдастығы елдерінің павильондары жаппай жасыл реңкке боялып, табалдырықтан-ақ теңіз әлеміне саяхаттауға шақыратындай. Бұлардан бөлек тақырыптық ірі екі павильон тағы бар: онда энергетиканың эволюциясы мен түйткілді мәселелері және энергетика саласындағы технологиялық өрлеу сатылары таныстырылады. ЭКСПО көрмесі өткен соң бұл ғимараттар «Астана» халықаралық қаржы орталығына пайдалануға беріледі деседі. Бұдан бөлек, мұнда Жасыл технологиялар мен инвестицияларды дамыту орталығы құрылып, Ақпараттық технологиялардың халықаралық технопаркі ашылады деген мәлімет бар. Айтып-айтпай не керек, көрме павильондарының маңдайшасында желбіреген жалаулар мен сыртқы пішін-көріністеріне қарап-ақ ішкі мазмұнды көруге асығасыз. Мұндайда ең қиыны қай елдің аумағына бірінші бас сұғу керек деген мәселеде таңдау жасау. Себебі жалтылдаған, жарқыраған, жалаулатқан жүзден көп павильонның қайсысында қандай қымбат идея, қайсысында қандай ерек жаңалық бар екенін алдын ала болжап білу мүмкін емес. Мұндайда қазақ «мың естігеннен бір көрген артық» дейді. Сондықтан ЭКСПО-ны көру керек, тамашалау керек, көңілге түю керек – бұл көрме туралы бар мақаланы осы бір ауыз сөзбен-ақ түйіндей салудың әбестігі жоқ, расында. Әйтсе де, алғашқы бес күнде көргеніміз бен көңілге түйгенімізді ортаға салғанды жөн көрдік.

ЭКСПО қалашықтың қызықтары

ЭКСПО көрмесінің тарихы осыдан жүз елу жыл бұрын британ жерінде бастау алған. Сол кезден бері талай өнертапқыштық туынды осы аттас көрмелерде жоба мен сызба түрінде таныстырылған еді. Астаналық ЭКСПО-ның адамзат тарихындағы жаңа кезеңге берер жаңалығы қандай болмақ? Бұл Күн сәулесімен жүретін автокөлік немесе электробус па, әлде Күн сәулесінен қуат алатын ұшақ немесе суретші робот па – бұл сұраққа жауап беру үшін 131 павильонды түгел аралап, бірін қалдырмай адақтап шығу қажет-ақ. Ал бұған бірер күн түгілі, бір аптаның өзі аздық етеді. Шындығында, биіктігі жүз метрге жететін, өзі сегіз қабаттан тұратын Қазақстан павильоны – «Нұр Әлемді» аралап шығудың өзіне бірнеше күн жұмсау керек болар. Сондықтан соңғы технологиялық жаңалықтармен танысамын, заманауи ғылыми дамудың бағытын аңдаймын деген адамға ЭКСПО қалашыққа бірнеше қайта келуге тура келеді. Өзіміз көрген павильондарды сипаттасақ, ресейліктер Арктика тақырыбын таңдапты. Олар павильонды ашу салтанатында өзгелер сияқты лентаны қайшымен қиып әуре болмай, оны балғамен ұрып, кіруге жол ашты. Сөйтсе, арнайы лента сұйық азоттың көмегімен мұз болып қатырылған екен. Таңдалған тақырыбына сәйкес, павильонның ішінде нағыз Арктика мұзтауы тұр: оны көзбен көріп, қолмен ұстап байқауға болады. Ресейліктер бұл мұзтауды сонау Арктикадан Қазақстанға арнайы әкелгенін айтады. Мұзтаудың етегіндегі суда мұзжарғыш кемелердің макеттері жүзіп жүр. Өзбекстан бұл көрмеге Күн сәулесімен жүретін автокөлік әкелді. Павильонды ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай көліктер 2025 жылы сатуға шығарылады. Бұдан басқа өзбектер Күн сәулесінен қуат алатын эко-капсула макетін көрмеге қойған. Бұл – таулы жерде тынығып, бір мезгіл көз шырымын алатын, өзі оттегін шығаратын бір адамдық демалыс орны. Белорустық делегация электробус атты автобус айдап келген екен. Бес минут қана қуатталатын автобус төрт-бес сағат бойы тоқтаусыз жүріске шыдамды. Минск қаласында электр қуатымен жүретін осындай екі автобус іске қосылған көрінеді. Әйтсе де, бізді ерекше тәнті еткен Ұлыбританияның павильоны екенін айта кету керек. Өзгелердікі сияқты мұнда да жарқыраған лазерлік сәулелер мен LED-экрандардан көз тұнады. Бірақ британдық архитектордың ұтқыр идеясы – қазақша сегіз қанат киіз үйдің пішінін басты идея ретінде таңдағаны еді. Жарық өткізгіш пластикалық материалдарды иіп жасаған киіз үйдің біртұтас кереге-уықтары адамның қолы тигенде ғана сәуле шашады. Сонда қараңғы бөлме шұғылалы киіз үйдің сұлбасымен жарықтанып, әдемі көрініске куә боласыз. Павильон иелерінің айтуына қарағанда, киіз үйдің сұлбасы – болашақтың архитектурасы болуға лайық. Ең бастысы, барша ЭКСПО-қалашығынан қазақтың байырғы тұрмысы мен мәдениетіне тән ұлттық нышанды осы британдық павильоннан көріп, таң-тамаша болғанымызды несін жасырайық. Бұған қоса, британдықтар 2004 жылы Манчестер университетінде жасалған графендік шамдарды таныстыруға алып келген екен. Сегіз жылға дейін күймейтін, қатты ысымайтын үнемді шамдарды қазірдің өзінде ғаламтор арқылы тапсырыс беріп, сатып алуға болады. Обалы нешік, ЭКСПО көрмесінде ғылым мен инновацияны ысыра салып, сауда-саттықтың көрігін қыздырып жатқандар да бар. Мысалы, Үндістан павильонына кіре салысымен түрлі әшекейлердің жайма базарына тап болғандай күй кешесіз. Асыл тастармен көмкерілген жүзік, сырға, білезіктерден бөлек, үнді компаниялары мата-орамал, шәй мен басқа да тауарларды әкелетінін, бірақ әзірге кеденнен өткізе алмай жатқанын айтып қалды.

«Нұр Әлем» – Көктен түскен көк шар

ЭКСПО-2017 көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінің басты идеясы Көк-Ғарыштан түсіп, Астана төріне, ЭКСПО-қалашығына келіп орналасқан көк шарды сипаттау еді. Биіктігі жүз метрден асатын, сегіз қабаттан тұратын Қазақстан павильоны – ЭКСПО-ситидегі ең көрнекті нысан. Ұнамдысы – «Нұр Әлемнің» әр қабатының атқарып тұрған жүгі бөлек, тақырыбы ерек. Оның әрқайсысы әр түрлі қуат көздеріне арналған. Мысалы, жетінші қабат ғарыш қуатына арналса, алтыншы қабат күн сәулесінен шығарылатын қуат туралы баяндайды. Мұнда келген қонақтар алаулаған Күн макетінің ішіне кіріп, суретке түсумен әлек. Көзайым болып әрі қол тигізіп көретін алып Жер шары да – осы қабатта. Бұдан төменгі қабаттар су, жел қуат көздері, биомасса және кинетикалық қуат туралы әңгімелейді. Ал ең жоғарғы қабатта болашақтағы Астана келбетімен танысып, мультмедиалық еденмен жүріп өтесіз. Егер келешек қаланың ғажайып жобалары туралы мағұлматтарға қанықсаңыз, шардың ең төбесіндегі арнайы терезеден төменге көз тастаңыз: мұнда тұтас ЭКСПО-қалашық алақаныңызда тұрғандай анық көрінеді. Алайда аяғыңыздың астына қарауды да ұмытпаңыз, себебі түссіз әйнектен жасалған еденнен төменгі қабаттардың анық көрінетіні соншалық, өзіңізді ауада қалықтап тұрғандай сезінесіз.  width= «Нұр Әлемнің» бірінші қабаты Ұлттық павильонға арналған. Мұнда қазақтың көне әфсаналарымен танысып, 3D фильм тамашалап, ғарышқа виртуалды саяхат жасауға болады. Бастысы, мұның бәрі қазақстандық ғалымдардың ой еңбегінің жемісі. Айтпақшы, атақты «Токамак» құралының сызба-үлгісін осы жерден көріп, жобаның мән-жайымен толық танысуға, жан-жақты мәлімет алуға жағдай жасалған. Көрмеге қойылған әрбір экспонаттың, әр құралдың жанында арнайы дайындықтан өткен кеңесшілер бар, олар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қонақтардың сұрақтарына жауап беріп, әрі таныстырушы, әрі түсінік беруші қызметін атқарады.

Келіңіз, көріңіз, саяхаттаңыз!

Көрмеге қатысушы елдер ғылыми-техникалық дамуға ой қосып қана қоймай, әрқайсысы өз атын шығарып, төл мәдениетін насихаттауды көздеп келгені аңғарылады. Өзбекстанның павильонында инновациялық құрал-жабдықтарды тамашалап қана қоймай, екінші қабаттағы шайханаға көтеріліп, өзбек дастарқанынан дәм татып, шәй ішіп, жан шақыруға жағдай жасалған. «Өзбекстанға келіңіз!» деп, жік-жікпар болған туристік фирмалардың өкілдерімен сөйлесіп, одан қалса өзбек қолөнер бұйымдары мен тағам өнеркәсібінің тауарларын сатып алуға болады. «Креативті қуат» концепциясын ұстанған Израиль павильонының ұйымдастырушылары көздеген мақсаттары қонақтарды өз еліне саяхаттауға шақыру екенін жасырмайды. «Біздің павильонды көрген туристер Израильді көруге асығады деп үміттенеміз» дейді олар. Мажарстаннан келген делегация өздерімен бірге ұлттық ансамбль мүшелерін ерте келіп, қонақтарын венгр ән-күйіне қандырды. Ал Түркия павильонының алдында ұлттық киім киген бір топ қыз-жігіттерді көрдік. Киген киімі түріктің ұлттық киімінен өзгеше, сөйтсек, Қара теңіз жағалауындағы халықтың дәстүріне сай екен. Ал Ресей павильонының алдында татарлар би билеп, ән айтып, көрменің ажарын айшықтады. Ресейліктердің Астана ЭКСПО-сының аясындағы бір күнді Татарстанның ұлттық күніне арнап, татар өнері мен мәдениетін насихаттауға мүмкіндік бергенін жақсылыққа жорыдық. Көрменің алғашқы аптасында барша қонақтардың назарын өзіне аударған ел – Қытай десек, жаңылыс болмас. Онда да Қытай өз павильонымен емес, адамдарымен ерекше көзге түсті. Жүз қаралы кісіні бірдей қара түсті классикалық стильде мұздай киіндіріп, әрқайсысының қолына қытай жалаушасын ұстатып, сап түзетіп, бір тәртіппен қатар жүргізгенде, оларға қарамаған адам жоқ шығар. ЭКСПО-ны тамашалауға келгендер павильон аралауды қоя тұрып, осы қытайлық делегацияны суретке түсіруге асықты. Бұл топтың не мақсатпен жүргенін білу үшін оларға сұрақ қойып, әңгімеге тарттық. Сөйтсек, бұл «Laroffey» атты шарап зауытының жұмысшылары екен. Елдің түрлі аймақтарындағы зауыт филиалдарынан арнайы келген топ болып шықты, өздерінің айтуында жалпы қарасы 300-дей адам. Бәрі бірдей киініп, сап түзеп бірге жүргеніне қарағанда, арнайы дайындықтан өтетін, тіпті айрықша тапсырмамен жүрген топқа ұқсайды. Олардың мақсаты – ЭКСПО мен Астананы көру ғана емес, өз елдерін таныстыру, қытайлық мәдениетті насихаттау. Әлбетте, әр елдің делегациясы өз елінің атын жарнамалайды. Қытайлық делегация жалаулатып, гимн айтып, сән-салтанат құрса, әне жерде жапондық қыздар ұлттық киіммен өз павильонын көруге шақырып, жақтары талмастан жарапазан айтып тұр. Осылайша, бұл күндері ЭКСПО-сити қытайлық, әзірбайжандық, жапондық, кәріс, ресейлік, т.б. түрлі мәдениеттердің тоғысқан мекеніне айналды.

Астанада күнде той

Алдағы үш айда ЭКСПО-2017 көрмесі мен Қазақстанның басты саяси-мәдени оқиғалары біріне-бірі жалғасып, іштей астасып, бір мазмұнға ие болады. Көрмені ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, үш айдың ішінде алты мыңдай іс-шара жоспарланған. Маусым айы көрменің ашылу салтанаты, әлем елдерінің павильондарының тұсаукесері, әр түрлі елдердің ұлттық күндерін тойлау сияқты түрлі маңызды шаралармен айшықталады. Сондай-ақ, бұл айда ІІІ Халықаралық Astana Art Fest фестивалін өткізу жоспарланған. Оған тоғыз мемлекеттен архитекторлар, суретшілер, дизайнерлер, музыканттар мен режиссерлер келіп, өз туындыларымен таныстырады. Астана орталығындағы жасыл бульварда қойылған шығармалардан бөлек, бұл фестиваль аясында аниматорлар мен көше театрларының қойылымдары, музыкалық және би көріністерді тамашалауға болады. Бұдан бөлек, астаналықтар мен елорда қонақтары қазіргі заман өнері, архитектура мен дизайн бойынша шеберлік сабақтарын алып, арнайы дәрістер тыңдай алады. Ал шілде айында Астананың тойы көрмеге келген қонақтарға арналған мәдени шараларға, концерттерге жалғасады. Астана күндерінде «Музарт», «Дервиши» сияқты эстрадалық топтардың, Секен Тұрысбеков, Алтынбек Қоразбаев секілді өнер майталмандарының шығармашылық кештерін өткізу ойластырылған. Ай басында елордада Көңілді тапқырлар клубының халықаралық жазғы клубы мен «Сан-Ремо жұлдыздары Астанада» атты итальян музыкасының фестивалі өтеді. Оған қатысу үшін итальяндық әншілер тобы арнайы келеді деседі. Тамыз айына жоспарланған шаралар Конституция күнін тойлауға арналған салтанатты оқиғалармен қатар өткізіледі. Тоқсан күн бойы елорданы дүбірлеткен халықаралық көрме жұмысы қыркүйектің оныншы жұлдызында қорытындыланып, салтанатты жабылуымен аяқталады. Әлбетте, кез келген салтанаттың сәнін кіргізетін – ән мен күй. ЭКСПО қонақтарына арнап ұлттық ән-күй өнерін паш ететін «Астанаға тарту» атты концерт ұйымдастырылады. Жетісу, Арқа, Сыр мен Батыс мектептерінің өнер шеберлерінің орындауында қазақ саз өнерінің үздік туындылары орындалады. «Серпер» ұлт аспаптар оркестрі мен «Астана самалы» үрмелі аспаптар оркестрі де осы күндері арнайы фестиваль аясында классикалық, джаз, ұлттық және эстрадалық туындылардан концерт қояды. «Сахнадан сәлем» атты театр апталығы аясында Қазақстанның және алыс-жақын шетел театрларының өнерін тамашалауға болады. Ең маңыздысы, бұл мәдени шаралардың басым көпшілігі Астана қаласының орталығы мен шет аудандарында ұйымдастырылады, яғни, қарапайым тұрғындардың еркін тамашалауына жағдай жасалған. Осылайша, ЭКСПО-қалашықтың іші-сырты сан түрлі қызыққа толы: іші – ғылым мен техниканың жаңалықтарына, сырты – өнер мен мәдениеттің жасампаз туындыларына арналып отыр. «Астана жұлдызы» дәстүрлі ұлттық музыкалық байқауын өткізу де осы жаздың үлесінде. Астаналықтар асыға күтетін оқиғалардың бірі – қазақстандық және шетелдік мәнерлеп сырғанау спортының шеберлері қатысатын «Мұзды шоу» мен «Азия жаңғырығы» атты Халықаралық цирк өнерінің фестивалі. Мәдени шаралардан бөлек, жиырма шақты спорттық жарыстардың кестесі бар. Оның ішінде Қанат Ислам қатысатын бокс кеші мен «Азия барысы» қазақша күрес сайысының орны ерекше. Қорыта айтқанда, ЭКСПО аясында жоспарланған барлық шараларды тізіп шығу мүмкін емес. Себебі алдағы тоқсан күнде Астанада алты мыңдай іс-шара өтеді деп жоспарланған екен. Олардың ішінде маңызды деген бірқатарына ғана тоқталып өттік, бірақ әркім үшін өз қалауына лайық таңдаулы оқиғаларды табуға болатынына сеніміз мол. Күн сайынғы шаралар кестесін www.astanaday.kz сайтынан табуға болады. Көрменің алғашқы аптасында қазақ тарихының әр қилы кезеңдерінен сыр шертетін «Ұлы Дала Симфониясы» атты шоу бағдарлама күн сайын көрсетіледі. Сонымен қатар, әр кеш сайын ЭКСПО-ның басты экспонаты – көк шардың бедерінен он минуттық жарық пен су, дыбыс пен сәуле жарқылдарынан тұратын ерекше шоу-көріністі тамашалауға болады.