563
Ынтымақтастықтың жаңа сатысы
Ынтымақтастықтың жаңа сатысы
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жетекшілігімен партия делегациясы Жапония мен Сингапурда болды. Сапардың басты мақсаты – халықаралық және партияаралық ынтымақтастықты нығайту. Сондай-ақ, жапон елінің басты саяси күші Либералды-демократиялық партиямен тығыз қарым-қатынас орнатып, өткен жылдың қараша айында Қазақстан Президентінің Жапонияға жасаған сапарының нәтижесінде қол жеткен әріптестікті одан әрі күшейтіп, оның аясын кеңейту көзделді. Ал Сингапур сапарында Мұхтар Құл-Мұхаммед Халықтық іс-әрекет партиясымен әріптестік байланыс орнатуға бағытталған кездесулер өткізді. Аталған партия Сингапурдың іргесі қаланған сәттен бері елдің саяси аренасындағы басымдықты ешкімге бермей, еркін билік жүргізіп келе жатқан бірден бір билеуші күш.
Тәртіп пен табыстың үйлесімі
Алдымен Жапония сапарына тоқталайық. Негізі Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықтың негізі осыдан ширек ғасыр бұрын қаланып, Елбасының 1994 жылы Күншығыс еліне жасаған алғашқы сапары кезінде беки түсті. Содан бері екі ел басшыларының бірнеше рет жоғары деңгейде өткен кездесулері қазақ пен жапон халқының достығы мен әріптестігіне тың серпін берді. Екіжақты ынтымақтастықты нығайту үдерісін үздіксіз жүргізу нәтижесінде Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы 16 жылдың ішінде айтарлықтай өскен. Яғни 2001-2017 жылдар аралығында аталған көрсеткіш 6 есеге артып, 1,1 млрд. АҚШ долларына жетті. Сондай-ақ, Жапонияның Қазақстанға салған инвестициясы да жылдан жылға көбейіп келеді. Соңғы 10 жылдың ішінде бұл көрсеткіш 6,2 млрд. АҚШ долларынан асып түсті. Соның нәтижесінде бүгінде еліміздегі 74 кәсіпорын тікелей жапон капиталының қатысуымен жұмыс істеуде. Олар негізінен мұнай, газ, металлургия, қаржы, тау кен өндірісі, автомобильдер сату, электрбайланыс, түрлі құрал-жабдықтар сату, ағаш бұйымдарын дайындау және логистика салаларын қамтиды. Бүгінде Жапония әлемде ішкі жалпы өнім және өнеркәсіптік өндіріс көлемі жөнінен 3-орын алады. Экономикалық көрсеткіштер бойынша әлемдік алпауыттар қатарында саналатын бұл мемлекет «Үлкен жетілік» пен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығының (АТЭС) мүшесі екені де белгілі. Осындай экономикалық алпауыт мемлекетпен ынтымақтастықтың нығаюына екі елдің мемлекет басшылары және партия төрағалары Нұрсұлтан Назарбаев пен Синдзо Абэнің жеке достық қарым-қатынасы да игі әсерін тигізіп келеді. Екі басшының осыған дейінгі бірнеше мәрте кездесуі, соның ішінде Елбасының 2016 жылы Жапонияға жасаған тарихи сапары ресми Астана мен Токио арасындағы әріптестіктің жаңа бағыт-бағдарын айқындап берді. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасының тапсырмасы бойынша Жапонияға жасаған сапары барысында осы елдің Премьер-Министрі және негізгі саяси күш болып саналатын билеуші Либералды-демократиялық партияның Төрағасы Синдзо Абэмен кездесті. Кездесуде Мұхтар Құл-Мұхаммед Жапония Премьер-Министріне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елді экономикалық және саяси жаңғырту жөніндегі жаңа бастамаларына жан-жақты тоқталды. Одан бөлек, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі мен Қазақстанның үшінші жаңғыруын жүзеге асырудың негізгі бағыттары жөнінде мағлұмат берді. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары жапон инвестициясы мен озық технологиясын тарту мәселесіне ерекше көңіл бөлгенін атап өткен жөн. Өз кезегінде Синдзо Абэ Қазақстан мен Жапонияның ынтымақтастығын одан әрі күшейтудің маңызына назар аударып, өзінің 2015 жылы қазан айында Астанаға келген сапары жағымды әсер қалдырғанын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сол кездегі қонақжайлылығы үшін зор алғысын білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Синдзо Абэ жоғары деңгейде жеті рет кездесіп, екіжақты қатынасты нығайту жөнінде абсолютті рекорд жасағанын айрықша атап өткен жөн. «Жапония мен Қазақстан арасындағы байланыс алғаш дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері, яғни 1992 жылдың қаңтарынан бастап серпінді әрі еш кедергісіз дамып келеді. Біздің ынтымақтастығымыз ядролық қарусыздандыру және оны таратпау мақсатындағы халықаралық аренадағы бірлескен іс-әрекетімізбен ғана шектелмейді. Соңғы жылдары Қазақстан нарығында табиғи ресурстарды барлау және өндіру ісінде, өндірістік салада жапониялық компаниялар да табысты еңбек етуде», – деді Синдзо Абэ қазақстандық журналистерге берген сұхбатында. Сондай-ақ, С.Абэ Қазақстанның тың бастамаларын әрдайым қолдайтынын жеткізді және Қазақстан Президентінің 2016 жылы Жапонияға жасаған ресми сапарының нәтижесін жоғары бағалап, екі елдің ынтымақтастығы партиялық деңгейге көтерілгеніне ризашылығын білдірді. Жапон Үкіметінің басшысы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне де ерекше назар қойып, оған жапониялық делегацияны өзінің сенімді серігі, Парламент депутаты Такео Кавамура бастап баратынын айтты. Одан бөлек, С.Абэ 2025 жылғы ЭКСПО-ны өткізуге үміткерлердің қатарында Жапонияның Осака қаласының да бар екенін, соған орай Қазақстанның өздерін қолдауын өтінді. Кездесу кезінде Корея Халықтық Демократиялық Республикасының әрекеті де назардан тыс қалған жоқ. Бұл ретте С.Абэ Қазақстанның ұстанымы Жапонияның көзқарасымен сәйкес екеніне зор ризашылығын жеткізіп, сол үшін Елбасымызға ерекше ілтипатын білдірді. Сонымен қатар, Мұхтар Құл-Мұхаммед Жапонияның Либералды-демократиялық партиясының Бас хатшысы Тосихиро Никаймен кездесті. Онда тараптар екі партия арасындағы әріптестікті нығайту мәселесін талқылады. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары алдағы уақытта партияаралық ынтымақтастықтың одан әрі жанданатынына сенім білдіріп, Никай мырзаны Қазақстанға шақырды. «Мемлекет басшысының барлық бастамасын, соның ішінде Үшінші жаңғыруды жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясына ерекше міндеттер жүктелген. Сондықтан да бізге Жапонияның ғажайып экономикалық табыстарының бастауында тұрған Либералды-демократиялық партияның тәжірибесі аса маңызды», – деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед. Жапония Парламентінің екі палатасында да басымдыққа ие Либералды-демократиялық партияның қазіргі таңда 1 млн-нан астам мүшесі бар. Тосихиро Никай Қазақстан Жапонияның стратегиялық әріптесі және Орталық Азияның ең табысты мемлекеті екенін айтты. Одан бөлек, жапон саясаткері біздің елдің табиғи байлығы мен Жапонияның технологиялық мүмкіндігі негізінде бұдан да тығыз байланыс орнатуға болатынын назарға алды. Кездесуде халықаралық деңгейдегі екіжақты қарым-қатынастың тиімділігі жөнінде, әсіресе ядролық қарусыздану және оны таратпау мәселесінде екі елдің көзқарастары ортақ екеніне ерекше мән берілді. Бұдан басқа Тосихиро Никай Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Корея Халықтық Демократиялық Республикасының ядролық және ракеталық бағдарламасын айыптауға белсенді қатысып келе жатқаны үшін алғысын жеткізді. Тағы бір ерекше назар аударар жайт: Жапонияда соңғы 23 жыл бойы Қазақстанмен байланысты нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқан Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасы жемісті жұмыс істеуде. Ол Жапония Парламентіндегі 40 белгілі депутаттың, палата жетекшілері мен елдегі ірі саяси партия басшыларының басын біріктіретін беделді ұйым. Достық лигасы Қазақстан Президентінің 1994 жылы Жапонияға жасаған алғашқы сапары нәтижесінде құрылған лига содан бері екі елдің жақындасуына үлкен үлес қосып келеді. Сапар барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары аталған Лиганың төрағасы Такео Кавамурамен кездесті. Онда Мұхтар Құл-Мұхаммед жапон тарапының біздің елге көрсеткен қолдауы мен жергілікті депутаттардың өзара тиімді әріптестікті дамытуға қосқан үлестері үшін ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, Мұхтар Абрарұлы жапониялық белгілі «NEC» компаниясының базасындағы Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар орталығының жұмысымен танысты. Бұл компанияның жобалары ғарыштан бастап мұхиттың түбіне дейінгі әртүрлі саланы қамтиды. Бүгінде компания ғалымдарының негізгі жұмысы арнайы видеокамералар арқылы адам мен нысанды анықтап, лаңкестік шабуылдардың алдын алуға қабілетті жасанды ақыл-ой жүйесін жасауға бағытталған. Мұндай технологиялар қазірдің өзінде АҚШ, Бразилия, Сингапур сияқты елдердің ірі әуежайларында тиімді қолданылуда. Осылайша жапондар бүкіл әлемді алаңдатқан лаңкестікпен күрестің озық үлгісін көрсетіп отыр. Мұхтар Құл-Мұхаммед «NEC» компаниясының вице-президенті, халықаралық жобалардың кураторы Такаюки Моритамен кездесуінде Қазақстанның үшінші жаңғыруын жүзеге асыруға жапониялық жетекші трансұлттық компаниялардың атсалысу мәселесін талқылады. Күншығыс еліне сапарын қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Тәуелсіздік жылдары Қазақстан мен Жапония арасында өзара сыйластық пен ынтымақтастыққа негізделген достық қарым-қатынас орнады. Осы жылдар ішінде Елбасымыз төрт рет ресми сапармен Жапонияға келіп, бұл елдің саяси және іскер қауымдастығы арасында аса зор бедел мен құрметке ие болды. Нұрсұлтан Әбішұлы Жапония Императорымен кездесіп, ең жоғары мемлекеттік награда – Үлкен лентадағы Хризантема орденімен марапатталды. Жапондардың ұлттық символы саналатын хризантема гүлінің жаңа түрінің біздің Президентіміздің атымен аталуы да жапондардың Елбасына деген шынайы құрметінің белгісі. Хризантемаға өзге мемлекет басшысының атын беру Жапония тарихында бұрын-соңды болмаған ерекше оқиға. Екі ел арасындағы «Стратегиялық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту» туралы тарихи шартқа қол қойылған. Біздің сапарымыздың мақсаты да «Нұр Отан» партиясы мен осы елдің премьер-министрі төрағалық ететін, Жапонияның 70 жылға жуық билік құрып келе жатқан Либералды-демократиялық партиясы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі күшейтіп, аясын кеңейту», – деді. Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын Жапонияға жасаған сапарында Елбасымыз салған әріптестіктің даңғыл жолы партия-аралық диалог арқылы сапалық жаңа биікке көтерілді. Үнемі Батысқа еліктей бермей нұротандықтардың Күншығысқа қарап бой түзеуі әбден құптарлық бастама.Озық тәжірибе үлгісі
Жалпы бүгінде Шығыс мемлекеттері арасында өзінің озық тәжірибесімен көпке үлгі болатын елдердің қатары артып келеді. Солардың ішіндегі бірегейі – Сингапур. «Нұр Отан» партиясы делегациясының бұл елге арнайы баруының да себебі сол ұтымды үлгіні үйрену болатын. Сапар барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Сингапурдің премьер-министрімен, Халықтық іс-әрекет партиясының төрағасымен, Парламент спикерімен және Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінің ректорымен кездесіп, бірқатар келіссөздер жүргізді. Одан бөлек, нұротандықтар Наньян технологиялық университетінің роботтар жасайтын ғылыми-зерттеу орталығында болып, жұмысымен танысты. Сингапур – тәуелсіздігін алған 1965 жылы ауыз судың өзін сырттан тасып ішетін шағын ғана балықшылар қалашығы болатын. Ал бүгінде көз ілеспес жылдамдықпен дамып, аз уақыттың ішінде шығыстың жауһарына айналды. Ұлтарақтай жерде орналасса да ұлы державалардың өзіне таңдай қақтырған бұл ел ішкі жалпы өнім бойынша да алдыңғы лектен орын алады. Үшінші әлем елдерінің қатарынан шығып қана қоймай, талайға үлгі болатын деңгейге жеткен Сингапурды «ХХ ғасырдың экономикалық феномені» деп тегін атамайды. Сондықтан оның тәжірибесінен кімде болса үлгі алғысы келетіні анық. Осынау «экономикалық ғажайыптың» авторы – мемлекеттің негізін қалаушы тұлға, елдің бірінші премьер-министрі Ли Куан Ю. Ли Куан Ю мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арасындағы достық қарым-қатынас екі елді жақындастырып қана қоймай, ортақ мақсатқа ұйыстыра түсті. Сингапурдың негізін салушы тұлға өмірінің соңына дейін Елбасымыздың саяси және экономикалық реформаларын әрдайым жоғары бағалап келді. Тіпті 1991 жылдың өзінде Ли Куан Ю Қазақстанның болашағы жарқын боларын болжап: «Егер ел тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев ұстаса, Қазақстанның биік шыңдарды бағындыратынына кәміл сенемін», – деген болатын. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Сингапурге билеуші Халықтық іс-әрекет партиясымен тығыз байланыс орнату үшін Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен барғанын атап өткен жөн. Өйткені дәл осы партияның басшылығымен сингапурлықтар ғаламат жетістіктерге қол жеткізді. Сондықтан оның тәжірибесі Қазақстан үшін де аса маңызды. Халықтық іс-әрекет партиясы тәуелсіздік алған сәттен бастап елдің саяси және әлеуметтік өмірінде маңызды рөлге ие. Оның басты құндылықтары: әділдік, көп ұлттылық, меритократия және қажырлы еңбек. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары аталған партияның Бас хатшысы, Ли Куан Юдің ұлы, 2004 жылдан бері елдің премьер-министрі қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Ли Сянь Лунмен кездесіп, Қазақстан Президентінің жаңа саяси және экономикалық бастамалары, еліміздің бүгінгі жетістіктері, сондай-ақ үшінші жаңғырудың басым бағыттары жайында айтып берді. Мұхтар Құл-Мұхаммед премьер-министрге Нұрсұлтан Назарбаевтың Ли Куан Ю туралы ыстық ықыласқа толы пікірі жарияланған «Қазақстан жолы» атты кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасын және ұлы тұлғаның тәуелсіздіктің алдында яғни 1991 жылдық қыркүйегінде елімізге жасаған алғашқы сапары кезінде Елбасымен бірге түскен тарихи суретін тарту етті. Сондай-ақ, Мұхтар Абрарұлы Ли Сянь Лун мырзаға Қазақстан Президентінің сәлемін жолдап, шақыруын жеткізді. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары: «Елбасымыз шығыс елдерінің ең табысты партиялық тәжірибелерінен үлгі алуды тапсырды. Сондықтан «Нұр Отан» партиясының делегациясы алдымен Жапонияда болып, енді Сингапурге келді. Біз ауқымды экономикалық байланысымызды саяси жүйемізге де енгізуге ниеттіміз», – деді. Сингапур премьер-министрі Нұрсұлтан Назарбаевқа Астанаға арнайы шақырғаны үшін ерекше ілтипатпен алғысын білдірді. Одан бөлек, Елбасымен 2016 жылы Қытайда өткен G-20 саммиті кезінде үлкен сенім мен құрметке негізделген өте ықыласты кездесуі болғандығын есіне алды. Сондай-ақ, Ли Сянь Лун мырза «Үлкен жиырмалықтың» алдағы Гамбургте өтетін кезекті саммитінде тағы осындай жүздесу өткізуге мүдделі екенін білдірді. Сингапур Үкіметінің басшысы Қазақстанның әлемдік саясаттағы абырой-беделін, стратегиялық жағдайын, географиялық орналасуын, барлық көршілес елдермен ынтымақтастық қарым-қатынаста болуын және табиғи ресурстарға бай екендігін назарға алып, еліміздің бұдан да зор табысқа кенелуіне мүмкіндігі мол екенін жеткізді. Өз кезегінде премьер-министр: «Қазіргі таңда біздің елдеріміздің тауар айналымы көңіл көншітпейді. Егер қолымызда бар мүмкіндіктің бәрін ұтымды пайдалана білсек бұл көрсеткіштің жақсаратынына сенімдімін. Қазақстанға 2016 жылдың сәуірінде арнайы сапармен барған Сингапур бизнес қауымдастығының өкілдері үлкен қанағат сезіммен оралды. Бұл біздің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуымызға басты себеп болды. Мен екі елдің жан-жақты ынтымақтастық орнатуға деген талпынысын, соның ішінде партияаралық байланысты нығайтуға бағытталған бастамаларын толық қолдаймын. Сондықтан партиямыздың келер буыны да елдегі тұрақтылықты сақтау мен өсіп-өркендеудің басты қағидасын қатаң ұстанып, біздің ісімізді одан әрі жалғастыруы тиіс», – деді. Сонымен қатар, Мұхтар Құл-Мұхаммед Сингапур құрылғалы бері елді жеке дара билеп келе жатқан саяси күш Халықтық іс-әрекет партиясының төрағасы Кхо Бун Ванмен кездесіп, партияаралық әріптестік жайында сөз қозғады. Одан бөлек, тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылап, оны жандандыру жолдарын қарастырды. «Нұр Отан» партиясы Сингапурдың Халықтық іс-әрекет партиясы сияқты бірлік пен берекенің және мемлекеттің өсіп-өркендеуінің кепілі. Биыл Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен Үшінші жаңғыру үдерісі басталды. Сондықтан Сингапур экономикасындағы таңғажайып табыстарға саяси тірек болған партия тәжірибесінің бізге берері мол», – деді Мұхтар Абрарұлы. Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Сингапур де белсене қатысуға ниетті. Қазақстанға бұл елдің делегациясын Парламент спикері Халима Якуб бастап келеді. Көрмеде Сингапур «Шағын қала – үлкен идеялар» деген ұранмен өз өнімдерін паш етпек. Соған орай «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Х.Якубпен арнайы кездесті. Онда қос тарап Қазақстан мен Сингапур қарым-қатынасындағы өзекті мәселелерді талқылады. Мұхтар Құл-Мұхаммед Парламент спикеріне ұлтаралық және конфессияаралық келісімге, төзімділікке, Қазақстан халқының бірлігіне негізделген Елбасы саясатының маңызы жайында мағлұмат берді. Қазақстандық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Х.Якуб ресми Сингапур мен Астананың ынтымақтастығынан үлкен үміт күтетінін білдірді. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сингапурдың тұңғыш премьер-министрі Ли Куан Ю негізін қалаған екі елдің ынтымақтастығы алдағы әріптестігіміздің берік іргетасы болуы тиіс. Нұрсұлтан Назарбаев әр істі стратегиялық тұрғыда бағамдайтын көреген саясаткер. Ол болашақта Қазақстанның қарқынды дамыған экономикасы бар, озық технологиялармен қамтамасыз етілген, жастары білімді ел болғанын қалайды және сол мақсатқа жету үшін қолда бар мүмкіндіктің барлығын жасап келеді», – деді Халима Якуб. Реті келгенде Қазақстанға түрлі салаға инновациялық бағдарламаларды енгізуде дәл осы Сингапур тәжірибесінің көп септігі тигенін атап өткен жөн. Тіпті «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры сингапурлық «Temasek» холдингіне қарап құрылғанын көпшілік біле бермейді. Бірнеше корпусқа бөлінген еліміздегі мемлекеттік қызметтің жаңа құрылымы да Сингапур тәжірибесінің жемісі. Елбасымыздың игі бастамаларының бірі «Болашақ» стипендиясының бастауында аталған елдің сәтті жүзеге асырылған бағдарламасы тұр. Соның арқасында бүгінде қазақстандық жастар әлемнің әр түкпіріндегі жетекші жоғары оқу орындарында білім алуда. Сингапурде де 108 жас отандасымыз ғылым-білім жолында тер төгіп жүр. Олардың бір тобы Сингапур ұлттық университеті жанындағы Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінде оқиды. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары осы оқу орнына арнайы барып, мектеп ректоры, профессор Кишоре Махбубанимен кездесті. Кездесу барысында К.Махбубани мырзаға Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль салтанатты жағдайда табыс етілді. Өзіне жасалған құрмет пен ілтипат үшін зор алғысын білдірген К.Махбубани Қазақстанның қарқынды дамуы мен жаңғыру үдерісін ұтымды жүргізуі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың игі бастамаларының жемісі екеніне тоқталды. «Институционалдық реформалардың ауқымы және жылдамдығы жағынан Қазақстанмен кез келген ел бәсекелесе алмайды. Соңғы төрт жылдың ішінде біз «Қазақстан-2050» стратегиялық даму бағдарламасын дайындау, Бес институционалдық реформа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар жоспары, жақында ғана жарияланған билік тармақтарын қайта бөлу және Қазақстан экономикасының Үшінші жаңғыруы сияқты бастамаларға куә болдық. Соңғы 25 жылда Қазақстан жаңғыру бойынша айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Сол үшін бұл мемлекет халықаралық деңгейдегі мойындау мен құрметке әбден лайық», – деді Саясат мектебінің ректоры. Сингапурдың IT технология мен инновациялық жобалар бойынша да әлемдік көштің басында тұрғаны белгілі. Соған орай осы елге сапары барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Наньян технологиялық университетінің роботтар жасайтын ғылыми-зерттеу орталығында болды. Онда жергілікті ғалымдар адам сұлбасының негізінде жасалған роботтардың қарым-қабілетімен таныстырды. Адамзат дамуының соңғы жетістіктерінің бірегейі болып саналатын мұндай техникаларды қимылмен басқаруға болады. Олар алдындағы адамның кім екенін оңай анықтайды және басқа да түрлі қабілеттерге ие. Мұндай технологияны өндірістен бастап қауіпсіздік мәселесіне дейінгі барлық салада қолдануға болады. Сапар соңында партияаралық ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталған Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Сингапур мемлекетінің негізін салушы Ли Куан Ю бірнеше рет Қазақстанға келіп, біздің Елбасымыз туралы өте жоғары пікірде болды. Мұндай үрдіс саясаткерлердің бүгінгі буынынан да байқалады. Бұл елдің табысын Батыстың ең дамыған елдері әлдеқашан мойындап, бүгінде Сингапурден үйренуде. Елдегі саяси тұрақтылық пен экономикалық реформаның табысты жүргізілуіне Халықтық іс-әрекет партиясының қосқан үлесі зор. Біз Батысқа қарап бас шұлғи бермей осындай азиялық, шығыстық дәстүрдегі партиялардан да үйренуіміз керек. Сол үшін «Нұр Отан» сингапурлық әріптестерімен жан-жақты қарым-қатынас орнатуды бастап кетті», – деді. Айтулы сапар нәтижесінде партиялық деңгейге көтерілген Қазақстан мен Сингапур арасындағы ынтымақтастықтың алдағы уақытта одан әрі жандана түсетіні белгілі болды.Еламан МАҚСОТҰЛЫ