592
Азалы тарихқа тағзым
Азалы тарихқа тағзым
Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған Монумент маңындағы «Азалы тарихқа тағзым» митингісіне қатысты. Митингке қатысушылар саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, монументке гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Baq.kz.
Митингте сөз сөйлеген Гүлшара Әбдіқалықова 3 млн-нан астам адам саяси қуғын-сүргін және ашаршылықтың құрбаны болғанын айтты. Мемлекеттік хатшы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады. Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірі экологиялық апат аймақтарына айналды», - деген сөздерін келтірді.
Мемлекеттік хатшы одан әрі «Тарихи жады және тағылым – рухани жаңғырудың негізі» атты халықаралық конференцияға қатысты. Конференцияда сондай-ақ, облыс әкімі Қ.Көшербаев, ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, ҚХА-ның, Қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері, өңірлік Ассамблеялар хатшылықтарының меңгерушілері, шетелдік және отандық сарапшылар, ғылыми және зиялы қауым өкілдері, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ұрпақтары қатысты.
Өзінің кіріспе сөзінде Мемлекеттік хатшы конференцияның тарихи сана шекарасының кеңеюіне, сол кезеңнің оқиғалары мен деректерінің өзара байланылыстылығы мен сабақтастығын көруге мүмкіндік беретін қоғамдық-саяси мәні мен практикалық бағытын атап өтті.
Конференцияда, сондай-ақ, қазіргі заманғы қазақстандық мемлекеттілік мәнінде «Алаш» құндылықтары, қуғын-сүргін, ашаршылық және жер аудару кезеңіндегі тарихи талдаулар тәжірибесі және басқа да мәселелер қаралды.
Гүлшара Әбдіқалықова ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан тарихындағы қайғылы беттерді талқылау қоғамдық сананы жаңғырту үдерісіндегі елеулі үлес болып табылатынын атап айтты.
Конференция қорытындысы бойынша форумға қатысушылардың Қазақстан халқына үндеуі қабылданды.
Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы «Атамекен» балалар ауылын аралады және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттер сарайында болды.