«Samruk Charity Marathon» қайырымдылық марафонының қаражатына 10 инклюзия кабинеті ашылды

/
«Samruk Charity Marathon» қайырымдылық марафонының қаражатына 10 инклюзия кабинеті ашылды

Астананың 10 мектебінде инклюзияны қолдау кабинеттері жұмысын бастады. Олар 510 балаға жаңа дағдыларды меңгеріп, әлеуметтенуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жобаның жалпы құны 307 миллион теңгені құрады. Оның негізгі бөлігі – 208 миллион теңге – биыл көктемде өткен үшінші «Samruk Charity Marathon» қайырымдылық марафонында жиналды. Марафонға 3 мың адам қатысып, 50 серіктес компания қолдау көрсетті.

Марафон қатысушыларының қайырымдылық көмегінен бөлек, қазақстандық компаниялар да кабинеттердің ашылуына үлес қосты. Олардың қатарында North Caspian Operating Company (NCOC), Карачаганак Петролиум Оперейтинг, «СП Оңтүстік тау-химия компаниясы», «Bilim Foundation» қоры, «Азия Газ құбыры», «Камеко Қазақстан», «Aitas Foundation» қоры және басқалар бар.

Кабинеттер емдік дене шынықтыру аймағымен, ойын, шығармашылық және сенсорлық бөлмелермен, сондай-ақ жеке және топтық сабақтарға арналған кабинеттермен жабдықталған. Балалармен жоғары білікті дефектологтар, психологтар, логопедтер және өзге де мамандар жұмыс істейді. Әр кабинеттің аумағы кемінде 60 шаршы метрді құрайды.

Айта кетейік, екі оқу жылы ішінде «Samruk-Kazyna Trust» қоры Астанада 21 инклюзия кабинетін ашты. Оның 15-і 2024 және 2025 жылдары өткен «Samruk Charity Marathon» қайырымдылық марафонында жиналған қаражат есебінен іске қосылды.

Қазіргі таңда бұл кабинеттердің жұмысы 1054 баланы қамтып отыр, бұл елордадағы ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың жалпы санының 40%-ына тең.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары