1253
Жібек жолы – ең танымал бренд
Жібек жолы – ең танымал бренд
БҰҰ 2017 жылды Халықаралық орнықты туризмді дамыту жылы деп жариялағаны белгілі. Осы мақсатта апта басында Алматыда ЮНЕСКО ұйымының субөңірлік кездесуі өтті. Мұнда Орталық Азия елдеріндегі туризмнің мәселелері, мүмкіндіктері мен әлеуеті талқыланды.
Кездесуге Австралия, Испания, Қытай, Франциядан арнайы сарапшылар қатысып, туристік индустрия әлеуетін жүзеге асырудың әлемдегі ең үздік тәжірибелерін ұсыну арқылы орнықты туризмді дамыту туралы пікірлерімен бөлісті.
Туризм рөлі түрлі өркениет пен халықтың бай мұрасы туралы мағлұматты таратуға және мәдениеттердің өзара қатынасуына айтарлықтай мүмкіндік туғызады. Қазақстан – мәдени-тарихи ескерткіштерге, табиғи қорықтарға бай өлке. Біздің мақсатымыз осы айрықша ескерткіштерді қорғай отырып, жергілікті халық үшін ресурс ретінде пайдалануға мүмкіндік жасау. Қазір Орталық Азия елдерінің аумағында мәдени және табиғи мұраның 15 нысаны қорғауға алынған, – деді Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат.
2014 жылы ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұрасының тізіміне енген Жібек жолының барлық бөлігін дамыту талқыланды. Мысалы, Азия және Мұхит елдері аймағының жобалық офицері Роланд Лин Чи-хунг Ұлы Жібек жолы бойындағы барлық нысандардың қорғалуын, тізімге алынуын қамтамасыз ету керек дейді. «Атап айтқанда, біз ірі нысандар – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен басқа да ірілі-ұсақты сауда орталықтарын да енгізуді қарастырудамыз. Кезінде керуен бір күнде 30 шақырым ғана жол жүріп, керуен сарайларға тоқтап отырған. Міне, осы керуен сарайларды да Жібек жолы бойындағы нысан ретінде қарастыру ойда бар», – деді ұйым офицері.
Еліміздегі ерекше қорғауға алынған мәдени және тарихи нысандардың қорғалуы мен қайта жөнделуі туралы «ҚазҚайта жаңғырту» кәсіпорны директорының кеңесшісі Қанат Тұяқбаев айтып берді. «Қазақстанның жері бүкіл дүние жүзі бойынша 9 орында және 1400-ден астам далалық ескерткіштеріміз бар. Бұл ескерткіштер аймақтық және мемлекеттік қорғауға алынған. Соларды сақтап қалу ең бірінші міндет. Қазақстан туризмін дамыту үшін ескерткіштер орналасқан жерлерде және еліміздің кең байтақ жерлеріне туристік маршрут жасауымыз керек. Қазіргі таңда бұл мәдени және тарихи нысандарға жөндеу жүргізілуде», – деді ол.
Қазіргі таңда елімізде туристік саланы дамыту мен туристерді тарту үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Жібек жолының әлеуетін талқылау мақсатында еліміздің туристік орталығы ретінде Алматы қаласы ЮНЕСКО қатысушы-елдердің субөңірлік кездесулерін ұйымдастыру үшін хаб ретінде таңдалды.
Сұлтан Матымов,
Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің студенті