Отбасылық мереке қанды қақтығысқа ұласып, үш адам қаза тапты

/
Отбасылық мереке қанды қақтығысқа ұласып, үш адам қаза тапты
magnific.com

АҚШ-тың Огайо штатында дүниеге келетін сәбидің құрметіне ұйымдастырылған мерекелік кеш атысқа ұласты. Қайғылы оқиға салдарынан үш адам көз жұмып, тағы бір әйел жарақат алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

ABC News мәліметінше, оқиға болашақ ананың құрметіне ұйымдастырылған baby shower, яғни нәресте дүниеге келер алдында өткізілетін мерекелік басқосуда болған. Алдын ала ақпарат бойынша, жиналған адамдар арасында тұрмыстық сипаттағы жанжал туындап, соңы қарулы қақтығысқа ұласқан.

Полицияның мәліметінше, атыс салдарынан үш адам қаза тапқан. Олардың бірі – 17 жастағы Леасия Ингланд. Сондай-ақ 45 жастағы Джейсон Таунсенд оқиға орнында көз жұмған. Ол мереке ұйымдастырылған жүкті әйелдің әкесі болған.

Үшінші қаза тапқан адам – 19 жастағы жігіт. Құқық қорғау органдары оны атысқа қатысқан екінші адам болуы мүмкін деп есептейді. Алдын ала деректерге сәйкес, марқұм жігіт дүниеге келетін сәбидің әкесі болған. Алайда ол мерекеге шақырылмаған. Оқиға кезінде 39 жастағы әйел аяғынан жарақат алған. Ал мерекенің басты кейіпкері болған болашақ ана зардап шекпеген.

Қайғылы оқиғадан кейін полиция 29 жастағы ер адамды ұстаған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол жүкті әйелдің туысы болуы мүмкін. Алайда әзірге күдіктіге ресми айып тағылған жоқ. Тергеушілер оның атысты бірінші болып бастағанын немесе өзін қорғау мақсатында қару қолданғанын анықтап жатыр.

Құқық қорғау органдары оқиға орнынан атыс кезінде қолданылған болуы мүмкін екі тапаншаны тәркіледі. Қазіргі уақытта полиция бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеп, куәгерлерден жауап алуда.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары