Алматыда тамыр аурулары бар балаларды емдеудің жаңа әдісі енгізіліп жатыр

/
Алматыда тамыр аурулары бар балаларды емдеудің жаңа әдісі енгізіліп жатыр
Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстанда күрделі тамырлық мальформациялары бар балаларды емдеудің жаңа жоғары технологиялық әдісі енгізілуде. Бұған дейін медициналық көмектің жекелеген түрлерін алу үшін кішкентай пациенттер шетелдік клиникаларға жіберілетін. Енді мұндай ем еліміздің өзінде қолжетімді болады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тамырлық мальформациялар – қан тамырларының туа біткен даму аномалиялары. Күрделі жағдайларда оларды емдеу үшін жоғары технологиялық медициналық әдістерді қолдану қажет.

Елімізде жыл сайын осы бағыт бойынша 1,2 мыңнан астам бала стационарлық ем алады. Соңғы бес жылдың ішінде 90 бала ем алу үшін шетелге жіберілген.

Жаңа технология Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының базасында енгізілуде. Бастапқы кезеңде мұнда жыл сайын шамамен 50 балаға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету жоспарланып отыр.

24-25 қараша күндері Орталықтың базасында неміс профессоры Вольгемуттың қатысуымен мастер-кластар өтуде. Қазақстандық мамандар шетелдік сарапшымен бірлесіп жаңа әдісті меңгеріп, оны отандық практикада өз бетінше қолдану үшін практикалық дағдыларды игеруде. Екі күндік мастер-класс аясында күрделі тамырлық мальформациялары бар сегіз балаға операция жасалды.

Қазақстан бұл технологияны енгізетін әлемдегі екінші ел болатынын айта кеткен жөн. Бұл отандық жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытуға ғана емес, еліміздің медициналық туризм саласындағы әлеуетін нығайтуға да жаңа мүмкіндіктер ашады. Алдағы уақытта Қазақстан күрделі тамырлық мальформацияларды емдеуге мұқтаж өз балаларына ғана емес, басқа елдерден келген кішкентай пациенттерге де мамандандырылған медициналық көмек көрсете алады.

Қажетті медициналық жабдықтар AYALA және *«Бірінші болуға батылдық»* қайырымдылық қорларының қолдауымен сатып алынды. Денсаулық сақтау министрлігі балалар денсаулығын сақтау саласын дамытуға және балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталған жобаларды қолдауға қосқан үлесі үшін қорларға алғыс білдіреді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары