Шымкент қаласында қоғамдық тамақтану орындарының бірінің күзетшілері мен келушілер арасында жанжал шығып, соңы жаппай төбелеске ұласты. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілердің бірі ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға өткен аптада қаладағы дәмханалардың бірінің маңында болған. Алдын ала ақпарат бойынша, мекемеге келген адамдар мен күзет қызметкерлері арасында түсініспеушілік туындаған. Кейін олардың арасындағы сөзге келіспеушілік төбелеске ұласқан.
Оқиғадан кейін полиция қызметкерлері жанжалға қатысқан адамдарды анықтау жұмыстарын жүргізген.
"Жергілікті дәмханалардың бірінде келушілер мен күзет қызметкерлері арасында жанжал туындап, соңы төбелеске ұласқаны анықталды. Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, полицияға жеткізілді", – деп хабарлады полиция департаменті.
Құқық қорғау органдары аталған дерек бойынша бұзақылық белгілерімен қылмыстық іс қозғаған.
Полиция мәліметінше, жанжалға қатысы бар деген күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына орналастырылған. Қазіргі уақытта тергеушілер оқиғаның нақты мән-жайын анықтап жатыр.