Қазақстанның 4 азаматы Оманда апатқа ұшырап, ауруханаға түсті

/
Қазақстанның 4 азаматы Оманда апатқа ұшырап, ауруханаға түсті
istockphoto.com

Оманда демалып жүрген төрт қазақстандық ауыр жол апатына түсті. Зардап шеккендердің арасында кәмелетке толмаған қыз бала мен екі қарт адам бар. Олардың барлығы ауруханаға жеткізіліп, ота жасалған. Енді туристер елге оралу мәселесін шешуге тырысып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға туралы Threads әлеуметтік желісінде туристік компания өкілі жазды. Оның айтуынша, жол апаты 15 қарашада Салала қаласында болған. Апатқа бір отбасы мүшелері – әжесі, атасы, анасы және оның кәмелетке толмаған қызы түскен. Төртеуі де жарақат алып, ауруханаға жатқызылған. Олардың әрқайсысына ота жасау қажет болған.

Қазір отбасы мүшелерінің денсаулық жағдайын ескере отырып, оларды қауіпсіз түрде елге жеткізу мәселесі қиындық тудырып отыр.

Туристік компания өкілі Air Astana әуе компаниясы мен Kazunion туроператорына көмек сұрап жүгінген. Ол рейс күнін айыппұлсыз ауыстыру мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ медициналық көрсетілімдерге сәйкес зардап шеккендерді жатқан күйде тасымалдауға арналған орындар бөліп, қажетті арнайы жағдай жасауды өтінген.

«Біз үшін туристерімізге көмектесудің жолын табу өте маңызды», – деп жазды ол Threads әлеуметтік желісінде.

Air Astana әуе компаниясы бұл өтінішке жауап беріп, зардап шеккендерге қолдау білдірді.

«Жолаушыларға шын жүректен көңіл айтамыз және тезірек сауығып кетулеріне тілектеспіз. Өтінішіңіз тіркелді. Оны қарау нәтижесі бойынша сізге ресми жауап беріледі. Жауапты күтуіңізді сұраймыз», – делінген компания хабарламасында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар