Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті сапалы білімнің, терең ғылымның ошағы, аймақтың зияткерлік орталығы болуға тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz
«Тағы бір маңызды мәселе. Бүгінде Қазақстанда үш ірі қала бар.
Соның ішінде Астана мен Алматы еліміздің зияткерлік, ғылыми және мәдени орталығы болып саналады. Себебі бұл қалаларда Қазақстандағы жетекші ұлттық университеттер орналасқан.
Ендігі кезекте Шымкент қаласын оңтүстік аймақтағы ірі ғылым және білім орталығы ретінде дамытуды көздеп отырмыз.
Қазірдің өзінде нақты қадамдар жасалды. Шаһарда Аризона штаты университетінің (Arizona State University) білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
Сондай-ақ Түркияның Гази университетінің филиалы ашылды. Бүгінгі форумға бұл университеттің ректоры, профессор Угур Унал қатысып отыр. Бүгін сөз сөйледі. Сізге ризашылығымызды білдіреміз.
Бұл жұмысты одан әрі жандандырып, Шымкенттің ғылым және білім саласындағы әлеуетін күшейте түсуіміз қажет.
Мен халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдадым.
Әуезов университеті – аймақтағы ең ірі жоғары оқу орны. Шаһардағы әрбір бесінші студент осы университетте оқиды. Ұлттық мәртебе білім ордасымен қатар, құзырлы министрлікке де зор жауапкершілік жүктейді.
Сондықтан Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті сапалы білімнің, терең ғылымның ошағы, аймақтың зияткерлік орталығы болуға тиіс», – деді Президент.