"Пиротехника" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында тиісті лицензиясыз пиротехникалық бұйымдарды сату дерегін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тексеру нәтижесінде азаматтық пиротехникалық өнімдердің заң талаптарын бұза отырып сатылғаны белгілі болды.
– Аталған дерек бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданып, материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданды, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Медет Бейсенов.
Полиция пиротехникалық бұйымдарды тек қажетті рұқсат құжаттары бар және қауіпсіздік талаптары сақталған сауда орындарынан сатып алуға шақырады. Өнімнің сәйкестік сертификаты мен мемлекеттік және орыс тілдеріндегі қолдану нұсқаулығының болуына назар аудару қажет. Сапасыз немесе заңсыз сатылған пиротехникалық бұйымдарды пайдалану жарақат алуға, өртке және өзге де төтенше жағдайларға әкелуі мүмкін.